АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ

АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ

154 просмотров

АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ

Нәзір музейіне 10 жыл Биыл Түркістан қаласындағы қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлов атындағы музейге 10 жыл толып отыр. Бұл музей 2006 жылы қоғамдық негізде құрылса, 2008 жылы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне филиал ретінде тіркеліп, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен ашылу салтанаты өткен-ді. Осы он жыл аралығында Нәзір Төреқұлов музейінің ұжымы едәуір жұмыстар атқарды. Сондай-ақ бұл музейде қаншама зиялы қауым мен шығармашыл азаматтар қонақ болып, өз қолтаңбаларын қалдыруда. Осы аралықта Оралбай Әбдікәрімов, Тайыр Мансұров, Өмірзақ Шөкеев, Бердібек Сапарбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері де музейдің құрметті қонақтары болды. 2017 жылы 2 қарашада Түркістан қаласында мемлекеттік деңгейде, Үкімет қаулысымен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында Нәзір Төреқұловтың дүниеге келгеніне 125 жылдығына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Аталған конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясынан және еліміздің бірқатар аймақтарынан нәзіртанушы ғалымдар қатысып, тұңғыш елші жайында өз пікірлерін ортаға салды. Айта кетерлігі айтулы жиынның жоғары деңгейде өтуіне Түркістан облысының әкімі, кәсіби дипломат Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Аймақ басшысы күнібұрын конференцияға келген бір топ ғалымдарды қабылдап, олармен ой бөлісті. Осы халықаралық басқосуда «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Жұманұлы Сапарбаев облыс әкімі Ж.Түймебаевқа Нәзір төсбелгісін салтанатты түрде тақты. Бүгінгі таңда алты алаштың марқасқа азаматының бірі және бірегейі — Нәзір Төреқұловтың рухына тағзым етіп, рухани мұрасын жан-жақты зерттеу және ізденістер жүргізуде, оның өмірін зерттеп, елімізде көпшілік қауымға жария етуде музей қызметкерлерінің еңбегі зор. Осындай ізденістер мен зерттеулерге арқау болған, Қазақстан дипломатиясының жарық жұлдызы Н.Төреқұловтың алтын есімін әлемдік аренаға алып шығуда тарихшы-дипломат, танымал ғалым, мемлекет қайраткері Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың еңбегі ерекше. Ол архив деректеріне, дипломатиялық хат-қағаздар мағлұматтарына сүйене отырып тұңғыш рет Нәзіртануға тың тараулар қосты. Оның Нәзір Төреқұлов жайында жазылған 10 кітабы түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде жарық көріп, көпшілікке кең тарады. Он жылдық тарихы бар музей тек облысқа ғана емес, республикаға танылып үлгерді. Музей жайында мерзімді басылымдарда көптеген көлемді мақалалар жарық көріп отыр. Сонымен бірге Нәзір жайлы бірқатар деректі фильмдер түсіріліп, республикалық телеарналардан көрсетілуде. Соның бір айғағы Нәзірдің 125 жылдығына арнап жақында ғана түсірілген белгілі тележурналист Мая Бекбаеваның деректі туындысы дер едік. Жалпы Нәзір жайында айтқанда марқұм Ыбырай қажы Исмайылдың сіңірген еңбегін де айтпай кетуге болмайды. Нәзірді танытуда барын салған азамат ретінде Ыбырай қажыны ел таниды. Нәзір музейін бпсқарып, оның жандана түсу жолында еңбек сіңірген басшыларын да айтып өткен ләзім. Алғашқы меңгерушісі Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаров болды. Әр жылдары Шархан Байкенжеев, Динара Керімбекова музейге басшылық жасаса, бүгінгі таңда Бақытжан Жорабеков жетекшілік етіп келеді. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Нәзір Төреқұлов музейі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *