БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТАР ТАБЫСТЫ ЖОЛҒА БАСТАЙДЫ

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТАР ТАБЫСТЫ ЖОЛҒА БАСТАЙДЫ

133 просмотров

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТАР ТАБЫСТЫ ЖОЛҒА БАСТАЙДЫ

Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақмарал БАТЫРБЕКОВА: БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТАР ТАБЫСТЫ ЖОЛҒА БАСТАЙДЫ Қай кезде де білім саласының қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Осыған орай, біздің елімізде оқу-ағарту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта маңызды жобалар, іргелі реформалар қолға алынуда. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында білім саласы назардан тыс қалып жүрген жоқ. Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Батырбековамен сұхбат барысында осы бағыттағы жұмыстар барысына зер салдық. -Ақмарал Үсенқызы, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетін 14 жыл басқарып, абыройлы қызмет еткеніңізді білеміз. Сондықтан білім саласын жетік меңгерген басшы ретінде алдағы іс-жоспарларыңызбен бөліссеңіз. -Білім саласы – өте ауыр сала. Бұл саланың жауапкершілігі де жоғары. Тәуелсіз елдің тірегі – білімді де тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге танытып, өзге мемлекеттермен тереземізді тең ұстап, керегемізді кең ететін – бүгінгі буын, өскелең ұрпақ. Сондықтан да оқушыларымыздың бүгінгі алған сапалы білімі ертеңгі өмірінің нәтижесі болмақ. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында алғашқы кезекте оқушылардың білім сапасын арттыру міндетін қойып отырмын. Бұл салада әсіресе, оқушыларымыздың мектепте жалпыға міндетті білім стандартына сай сапалы білім алуына баса назар аудару қажет. Әсіресе бітіруші 4, 9, 11 сынып оқушыларының білім сапасына тоқсан сайын сараптама жасалып, мектепішілік педагогикалық кеңестерде кеңінен талқыланса, біз оқушыларымыздың сапалы білім алуына қол жеткізе аламыз. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ісінде тың өзгерістер болып жатқаны баршамызға мәлім. Білім беру жүйесі рөлінің өзгеруіне байланысты бүгінгі таңда 1,2,5,7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша бағдарламамен оқытылуда. Ол үшін ең алдымен ұстаздардың даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына мән беруіміз қажет деп есептеймін. Осы бағытта мектеп басшылары мен педагогтардың кезең-кезеңімен біліктілік арттыру курстарынан өтуіне баса назар аударылуда. Осы азаматтар курстан өтіп қана қоймай, келісімен алған білімін мектепішілік талқылап, керібайланыс жүргізіліп, курстан кейінгі жұмысты жүйелі жолға қоюы қажет деп есептеймін. Әл Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – болашаққа балта шабу» демекші, жас ұрпақтың бойындағы азаматтық, адамгершілік пен ұлтжандылық қасиет осы тәрбие арқылы беріледі. Әрине, тәрбие мәселесі өте ауқымды сала, оның ішіне өздеріңізге белгілі, оқушыларға ұлттық және рухани тәлім-тәрбие беру, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау мәселесінің алдын алу, мектептегі тәртіп мәселесі, оқушылардың бірыңғай мектеп формасын киюі, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша түрлі үйірмелер мен іс-шараларға тарту т.б. мәселелер мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі және ата-аналардың бірлескен жұмыстары арқылы жүйелі жүргізілетін болса нәтижесіз болмайды деп ойлаймын. -Білім бәсекесінде биылғы оқу жылында қандай істер атқарылды. Жеткен жетістіктер, толайым табыстар жайында тоқтала кетсеңіз? -Қазір ұлт келбетін сақтаған, өмірлік тәжірибелері кім-кімге де үлгі болардай ұстаздарымыз көп. Осындай ұстаздарымыздың арқасында білім саласы үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Дарынды оқушыларды анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында қала көлемінде түрлі олимпиадалар, ғылыми жобалар, байқаулар, зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздары облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырылды. «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар облыстық байқауына 3 оқушы қатысып, барлығы жүлделі орындарды иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 17 жұмыс қатысып, нәтижесінде І орынды «Физика» мен «Қоршаған орта» секциясы бойынша 2 оқушы, ІІ орынды «Техника» мен «Қазақ тілі» секциясы бойынша 2 оқушы, ІІІ орынды «Тарих» пен «Әдебиет» секциясы бойынша 2 оқушы жеңіп алды. Облыстық «Зерде» ғылыми жоба жарысына 23 жұмыс жіберіліп, «Қоршаған орта» секциясы бойынша 2 оқушы 2-3 орындарға ие болды. Облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасына 10 оқушы қатысып, нәтижесінде 2 оқушы 1 орын, 3 оқушы ІІ орын, 1 оқушы ІІІ орынға ие болды. Республикалық кезеңге Яссауи, №21 жалпы орта мектеп оқушылары қатысып, қорытындысында Яссауи мектебінің оқушысы «Тілші-әдебиетші» конкурсы бойынша 2 орынға және Тараз мемлекеттік университетінің тегін оқу грантына ие болды. 2-10 сынып оқушылары аралығында математика пәнінен өткізілген ХХVІ «Черноризец Храбр» халықаралық Болгар мемлекеттік олимпиадасына Түркістан қаласы мектептерінен 590 оқушы қатысып, нәтижесінде 82 оқушы жүлделі орындарға ие болып, 4 алтын медаль, 28 күміс медаль, 50 қола медаль жеңіп алды. Аталған білім бәйгелерінен бөлек қаншама байқаулар, сайыстар, конкурстардан жүлделі орын алған ұстаздарымыз бен оқушыларымыз жетерлік. -Білім саласында өткен жылдан бастап оқушылар бес күндік оқу жүйесіне өтті. Өзгеріс қандай нәтиже беріп отыр? Өсіп келе жатқан балалардың алған ақпаратты жүйелей алуы үшін функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында мектептегі оқу бағдарламалары өзгертілді. Бұл бағытта енгізілген реформа мақсаты – ең алдымен оқушыларға сапалы білім беру, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Бес күндік оқыту оқушыларымыз үшін де, мұғалімдер үшін де оң нәтижесін беруде. Себебі, негізгі сабақтар бес күн бойы 40 минуттан өтілуде. Бүгінгі таңда барлық мектептерде сенбі күндері қосымша сабақтар, үйірме және факультатив сағаттар өткізіледі. Негізі сенбі күндер оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына берілген. Бұл балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, алдағы сабақтарға дайындалуға мүмкіндік беруде. Білім берудің нәтижелілігі артуына үлкен ықпал етті. Жаңа жүйе негізінде оқушылар мен ұстаздардың қосымша шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік пайда болды. -Ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін мұғалімнің дәрежесін көтеру қай кезде де маңызды іс. Осы орайда ұстаз мәртебесін көтеруде оң нәтижеге қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз? -Қазіргі таңда еліміздің білім беру ісіндегі тың өзгерістер ең алдымен ұстаздарға жүктелетін міндеттің ауыр екендігін, бұрынғыдан гөрі жаңа жүйеге көшуді талап етеді. Жаңа талап жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда мектеп басшысы әрбір педагогтан оқушыларының шынайы білім сапасын талап ете білуі қажет. Ал ұжымдағы шығармашыл мұғалімдерге барынша жағдай жасап, өз бетінше ізденуіне мол мүмкіндік беруі керек. Сонымен қатар, жаңа кадрды қабылдауда олардың біліміне, сапасына баса назар аударып, жақсы ұстаздарды оларға тәлімгер етіп бекітіп, тәрбиелейтін болса, келешекте ондай жастардан мықты педагогтар шығады. Міне, осындай бірлескен жұмыстар нәтижесінде біз мұғалім беделін көтере аламыз. Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан мұғалімдердің абыройын асқақтата білсек, олар еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындау ісінде аянбай еңбек етері анық. -Ал, жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар енгізілмек? Үштілділік бойынша оқытуға, 12 жылдық білім беру жүйесіне қаладағы қанша мектеп дайын? — Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және облыс әкімінің орынбасары Ұ. Сәдібековпен бекітілген «Оңтүстік Қазақстан облысында үш тілде білім беруді дамыту бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспардың» орындалуын жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласы бойынша 8 жалпы білім беретін мектептердің 8 сыныптарында «Химия», «Биология», «Физика», «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде жүргізу туралы пилоттық жобаға енді. Олар: №23, №4 С.Сейфуллин, №21, №8 Н.Төреқұлов, №6 М.Мәметова, Қарашық, №9 Некрасов, №19 жалпы орта мектептері. Мұғалімдерді үш тілді білім беруде дайындық жұмыстарының бір тармағы ретінде осы пән мұғалімдері арнайы кестеге сәйкес ағылшын тілін үйрену курстарынан өтуде. Бүгінгі таңда А2 – сертификатымен 130 мұғалім сертификатталды, сонымен қатар В1 — 12 мұғалім, В2 – 66 мұғалім, С1 — 22 мұғалім сертификаттарына ие болды. Жаратылыстану бағытындағы пәндердің ағылшын тілінде жүргізу жағдайында 2017-2018 оқу жылында 8 сыныптарға арналған қостілді (ағылшын тілін) физика, химия,биология, информатика оқулықтарына тапсырыс беріліп, қазіргі таңда пилоттық жобадағы 10 сынып та кітаппен 100% қамтылып, осы оқулықтармен білім алды. ҚР білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 31 қазандағы №556 бұйрығының 1-қосымшасына сәйкес, қаламыздағы №19 жалпы орта мектебі республика көлемінде білім берудің оқу бағдарламаларын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу үшін пилоттық мектептер тізіміне еніп, қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. -Оқу құралдарымен қамтамасыз ету және ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесіне тоқталып өтсеңіз? -Мектеп оқушыларын оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мақсатында алдағы 2018-2019 оқу жылына жаңартылған білім мазмұны бойынша 3,6,8 сыныптарға жергілікті бюджеттен 639695,0 теңге қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 2 апталық бюджеттік курстарда — 118 мұғалім, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша — 1025 мұғалім, 36 директор, 36 оқу ісінің меңгерушілері, 36 тәрбие жөніндегі орынбасарлар, 80 мектеп тренерлері біліктілігін арттырды. Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы курсынан 50 мұғалім, мектептегі мұғалім көшбасшылығы курсынан 25 мұғалім, тиімді оқыту курсынан 35 мұғалім өтті. 9 айлық курсына 15 мектеп басшысы барып, білімдерін жетілдірді. -Жоғары сынып оқушылары үшін ҰБТ кезінде үлкен қарбалас басталатыны белгілі. Биылғы түлектерді қандай ерекшеліктер мен өзгерістер күтіп тұр? Жалпы оған дайындық қалай? -Расында да, оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы, оның жауапкершілігін сезіне білуі жылдан-жылға артып келеді. ҰБТ-ға дайындық барысы оқу жылы басталғаннан бері жүргізілуде. Бітіруші сынып оқушыларынан ай сайын қалалық сынамалы тест алынып, білім сапасына салыстырмалы талдау жасалуда. Биылғы жылы ҰБТ-ның жаңа форматы сол күйінде қала береді. Дегенмен, биылғы мүмкіндіктерге тоқтала кетсем, ҰБТ болатын күні ауырып, түрлі жағдайлармен тестке кіре алмай қалған оқушыға келесі лекке кіруге немесе кешенді тестілеу тапсыруға рұқсат беріліп отыр. Сонымен қатар, ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырамын деген оқушылар болса, олар үшін арнайы ағылшын тілінде тесттер әзірленген. -Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Ләззат САРЫБАЕВА,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *