ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН КӨКПАР

ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН КӨКПАР

116 просмотров

ДАЛА ТӨСІН ДҮБІРГЕ БӨЛЕГЕН КӨКПАР

Көкпар десе делебесі қозатын халқымыз үшін өткен аптадағы Мақсат Исабеков ұйымдастырған ұлттық спорт ойыны тартысты да қызықты өтті. Көршілес Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының бетке тұтар шабандоздары осы күні Түркістан қаласының батыс бөлігіндегі «Көлбай ата» атшабарында сайысқа түсті. Бас-аяғы 200-ден астам аттылы спортшылар жиналған додада 82 салым салынып, қаржылай сый-cияпаттар табысталды. Серкені тақымға басып межелі жердегі белгіленген мәреге тастаған бәсі биік балуандарға көкпар ұйымдастырушысы атынан жалпы саны 2 миллион теңге және «ВАЗ-2107» автокөлігі ұтысқа тігілді. Оған қоса ұлттық спорттың жанашырлары атынан әр салым сайын қомақты көлемде қаржылай жүлделер табысталып отырды. Тарқатып айтсақ, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ел игілігі үшін ұлттық спортты жаңғыртуды көздеген «Прима дистрибьюшн» компаниясы Түркістан қалалық филиалының директоры Мақсат Исабеков спорттық сайыстан бұрын көпшілікке арнайы дастархан мәзірін ұсынып, өмірден өткен әкесі Алдамұрат Исабекұлы және ағасы Қанат Алдамұратұлының рухтарына Құран бағыштады. Игі шараға куә болған көпшілік ішінде бүгінде ел ағасы атынып жүрген кентаулық батагөй Қаратай қария сондай-ақ, Қарнақбай мен Көшкенбай Баймұратұлдары аталық ақ тілектерін арнап, бата берді. Ойын барысында бабы келіскен сәйгүліктерді тізгіндеген шабандоздарды атап айтатын болсақ, Шымкент қаласынан, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан, сонымен қатар Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарынан келген. Мамандардың пікірінше ұлттық ойын жоғары дәрежеде өтті. Қомақты жүлделерді өзара сарапқа салған сайыста түркістандық балуандар да құралақан қалған жоқ. Көше жүріп мал шаруашылығын кәсіп еткен қаймана халық қасқырды соғып алғанда, түз тағысының жансыз денесін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен қашып, лақтырып ойнаған. Кейін ол спорт ойынына айналып, көк бөрі – көкпар аталып кеткен деседі бұрынғылар. Көкпар десе жердің түбі болса да, ат арылтып барып, доданың көркін қыздырып, серкені тақымға іліндірсе, тірі пендеге алдырмайтын қазақ үшін бұл ойынның бәсекелік сипаты жастардың күші мен ептілігін арттырып, батылдық пен ерлік қасиеттерін дамытады. Бұл ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы негізгі бөліктердің көздегені осы десек, ұлттық спортты ұлықтауға атсалысып отырған Мақсат Алдамұратұлының бастамасын ел мұраты жолындағы игі қадамға балағанымызды оқырман қауым құп көрер деген сенімдеміз. Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *