МАЙЛЫҚОЖА МҰРАЛАРЫ

МАЙЛЫҚОЖА МҰРАЛАРЫ

153 просмотров

МАЙЛЫҚОЖА МҰРАЛАРЫ

Есте жоқ ескі замандардан бермен қарай бірде үзіліп, бірде тізіліп жалғасып келе жатқан рухани қазына-байлығымыздың өмір жасы қаншама ғасырларды құшағына алып жатыр. Араб тілді Әбу –Нәсір әл-Фараби, көне түркі тілдес Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқарилар жаңа түркі тілінде тұңғыш сыршыл жырлар жаратқан Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Рауанди Хорезмилер дамытқан өлең өнері бертінде, әсіресе ХІХ ғасырдың бірінші жарымында бастау алып, екінші жарымында мықтап ірге тепкен қуатты да құдіретті күнгейлік ақындық мектеппен ұштасып жатыр. Ерлік, елдік жыршылары Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек) Нұралы, Ергөбек сынды еңбектері ел көңілінде мәңгілік жатталып қалған ақындар. Майлықожа Сұлтанқожаұлы-өткен ғасырдың екінші жартысында күнгей Қазақстанда жасаған көрнекті ақынның бірі. Оның өнегелі сөздерін халық өз қазынасы қатарында санап, сап алтындай сақтап, ауыздан-ауызға көшіріп, атадан балаға мирас етіп қалдырып келеді. Майлықожа Сұлтанқожаұлы Сырдария өзенінің оң жақ бойында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Қожатоғай ауылында 1835 жылы туылып, 1898 жылы осы күнгі Арыс ауданының Ақбұлақ өзенінің Бадам ауылында қайтыс болған. Ел адамдары ақынның өмірбаяны, ақындық қызметі туралы айтқан жеке оқиғалар, аңыз-әңгімелер аз емес. Солардың жалпы жиынтығынан көрінетін нәрсе Майлықожаның ұстамды да парасатты ақыл иесі, кейде мейлінше әзілқой әрі мысқылшыл, өнегешіл өнерпаз адам болғаны аңғарылады. Елдің берік бірлігін насихаттаумен бірге, күнделікті тұрмыс-тіршілік қамын ойлау, тиімді ұйымдастыруды қарастыру, арлы абыройлы, еңбекқор, табанды адам тәрбиелеу-Майлықожа өмірінің бар мақсат, биік арман мұнарасы іспетті. Өлең өнерін аса жоғары бағалаған, оны халыққа тәлім-тәрбие берудің ықпалды құралы деп таныған ақын шамасы келіп, шарқы жеткенінші өзінен кейінгілерге ғибратты сөз қалдыру қамын қарастырған. Майлықожа мұрасын іздеп, жинастырып, зерттеуші филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы Майлықожа өлеңдерін төрт топқа жіктеп қарастырған. Олар : біріншіден, ғашықтық, құштарлық сезімдерін толғайтын, екіншіден, айналасын қоршаған жаратылыс жақсылықтарын қызықтайтын, үшіншіден, заманның жай-күйін, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды, көбінесе көңіл қалдырып, жанға тиетін жайттарды шенеп мінейтін және төртіншіден, көңіл-күй, кәрілік жайларын күйлейтін шығармалар. Оның ақыл-нақыл сөздері көздейтін ең негізгі мақсат-өз заманындағы адамдардың тәрбиесін, мінез –құлқын түзету, кейінгі келер буын, өсер жасты жақсылық пен жамандықтың парқын айыра алатын, халқына пайдалы, адамгершілігі жоғары азамат етіп өсіру тілегінен туады. Еңбекті, еңбек жемісін жырлап, еңбекшілдікті уағыздамаған қаламгер халық құрметінен мақұрым қалады. Былайша айтқанда, өнер иесінің қоғамдағы орны еңбекшілер бұқарасының өмір қажеттерін қаншалықты өтейтініне қарай белгіленеді. Мақсатты істі ойдағыдай орындау жолында қажырлылыққа, еңбекқорлыққа шақыратын ақын: «Дихан тоймас жер дес Ер тілеуін береді- Ерте тұрып еңіресе»- деген қағида ұсынады. Жалқаулық, жатып ішерлік-ақынды әрқашан қатты өшіктірген жаман әдеттер. Еңбекке бойкүйездікті, әсіресе жалқау жастарды: «Болымы жоқ бозбала бейнеттен қашар бұлтаңдап»-деп жерлеп, сарқыла сөйлейді. «Еңбек қылған ер жігіт, Біреудің малын бағар ма?» деп басқаға кіріптар болмаудың бірден бір жолы-ерінбей еңбек ету екенін көрсетеді. Майлықожа шығармаларында кездесетін кемел ойлар көп. Адам бойына бітуге тиісті санаулы қасиеттердің өзара бірлігі, тұтастығы болмайынша, жоқ дегенде солардың басты-бастылары бір жерден шықпайынша адамның адамдық сапасы көздеген жерден табыла бермейді деп түйеді ақын. Істеген ісінде, сөйлеген сөзінде қате жіберіп, жаза басу адам басында үнемі-ақ болып тұрады. Осыны айта отырып, Майлықожа шешен тіл, өткір сынның өмірдегі орнын да орынды өрнектейді. Келешегі кең жастарды «Талап, білім, еңбексіз, қалайша тірлік жеңбекпіз?» деп қарайтын ол, талапты туған жігіт басындағы басты қасиеттің бірі батыл сөйлейтіндік, шыншылдық деп біледі. Ал, кімнің де болса жұғымсыз жұмысын бет-жүзіне қарамай ашып салып, адалын айтатын құрал тіл. Оны ақын өткір найзаға теңейді. «Кемістікті пендеге Өткір найза-тіл айтар»- дейді де, «Кімдер түсіп шықпаған, Талқының түзу тезіне» деп, кемшілікті көрсеткеннен кісінің кетпейтінін аңғартқысы келген рай танытады. Отбасылық өмір, үй ішілік тұрмыстың қуанышы мен қызығын адам баласына қонған бақытқа балап, бала-шаға, үй-орманды жайқалған жасыл бау-шарбаққа теңеген ақын жұптылық өмір жөніндегі көрген –білгендерін, түйген ойларын ақырында «Жақсы болсын жұбайың» аталатын ұзақ толғауына арқау етті. Көрсе қызар қызылшыл, ысырапқор, қызметіне қырсыз, жаудай жазғыратыны жанындағы жары болатын, ерні сүйреңдеп өсек-аяң аңдығыш, жоқтан жанжал шығарғыш, сонысына қарамай барынша паң да киім таңдағыш, бірақ «жиынға киер жібекті, тезек теріп тоздырғыш» парықсыз әйелге тыңдаушы жұртшылықты «уай пәлі!» дегізбей қоймайтын үлгілі әйелдің жарасты қимылы, мінәйім мінезі мен тындырымды іс –әрекеттері қарама-қарсы қойылады. Ондай әйелді ақын хор қызына теңгеріп, барынша көтермелейді. Ер жігіттің бірі бағына, екіншісі сорына бола жолыққан жақсы-жаман жарлардың іс-қылықтары шебер шендестіріле отырып, мына төмендегідей мінездемелер жасалады. «Жақсы болса қатының- Ер егізің жақының!; «Сол секілді әйелдің, Алтынға беріп болмайды Шаштарының әр қылын»; «Шолпан жұлдыз жар алсаң Кіргізеді көркіңді-ей, Қызықтықпен өткен күн Болмай кетер бір күндей»; «Қатыны жақсы адамдар- Тез қартайып қарымас, Өтетұғын өмірге Қатыннан жақсы табылмас»; Міне, жар туралы ақын мұраты осындай. Туғаныңнан қойны –қонышы қуанышқа толы, алладан амандығыңды сұранатын, қашан өскенше қабағыңа қарайтын, жолаушылап қайтқанда даладан сені сағынып келгені сонша, қанша шаршап-шалдыққанмен ыңылдап шыққан даусыңды естігенде көзінен ұйқысы тарап жүре беретін, жақсы атқа мінгізіп, жарасты киім кигізетін, қарны ашар деп кәбап болып қасыңа тамақ үйгізетін, жылап тұрсаң күлдіріп иығына мінгізетін, жасында мектепке беріп, ілім-білім білгізетін, жыласаң көңілі жүдеп, қуансаң тасып үдейтін әке қадірі қандай қымбат? Осының бәрін оқып кеп: «Атаңдай құбыла қамқорың Табылмас мына дүниеден»-деген ақын сөзіне имандай сенесің. Тозаң түсіп, шаң шалмас өнерпаз даңқындай, әке махаббатының тартылмас тасқыны алдында балалық мейіріммен таңдана бас иесің. Ал , ана ше?»Тоғыз ай, он күн көтеретін, төтеннен мехнат тартып, еңбегіне еті өліп кететін, іңгәлап даусың шыққанда көзінен ұйқы ашылатын, қараңғыда жыласаң өзіңді көрмей-ақ даусыңнан танитын, мейіріңді сүт пен суға бірдей қандыратын, өлшеулі өмірі өтіп, қияметке кеткенше көбелектей айналып, басыңа перуана болатын, ерніңе емшек дарытқаны өз алдына, жыласаң шошып оянып, мұздай бесік таянатын, аязды күні айналып, бұлтты күні бұралатын, ыстық пен суыққа перзент үшін ұрынатын» аяулы ана суретін нақышына келтіре нанымды толғайды. «Зират қылсаң ескеріп Кем емес кәғба-Меккеңнен! Қадірін оның білмесең, Қызметін қылып жүрмесең, Арамы-залым туғаның, Ұрғаны құдай жетеңнен! Көзіңнен ұйқы тараған, Қабағыңа қараған Жан рахаты саяңнан Оның қызмет ісінен, Не болар жаның аянған?»- деп ана алдындағы бала қарызы еш уақытта өтелмейтінін ескертеді. Жадыра Өскенбаева Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *