МАҚТААРАЛДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА БАБАЛАР РУХЫНА АРНАЛҒАН АС БЕРІЛДІ

МАҚТААРАЛДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА БАБАЛАР РУХЫНА АРНАЛҒАН АС БЕРІЛДІ

62 просмотров

МАҚТААРАЛДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА БАБАЛАР РУХЫНА АРНАЛҒАН АС БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мақтаарал – ұлы билер ұлағатының құт мекені» тақырыбымен қазақ халқының Тәуелсіздігі жолында күрескен ата-бабаларымызға және Мақтаарал ауданының дамуы үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың рухына арналып ас берілді. Қазақтың үш биі арқылы ел бірлігін насихаттайтын шараны өткізуге Мақтаарал ауданы әкімдігі және Республикалық «Әйтеке би» қоғамдық қоры мұрындық болды. Ең алдымен 26-қазан күні Атакент кентінің «Алпамыс батыр» стадионында бабаларды еске алуға арналған футболдан Республикалық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Алматы, Ақтөбе облыстарынан және Түркістан облысының бірнеше ауданынан барлығы 10 футбол командасы қатысқан дода екі күнге созылды. Дәл осы күні «Достық» мәдениет үйінде жыршылар мен термешілердің, дәстүрлі әншілердің концерттік бағдарламасы қойылды. Жиналған қалың көрерменнің қанын тулатып, желебесін қоздырған дәстүрлі ән кешінде еліміздің түрлі өңірлерінен келген атақты жыршылар мен термешілер өнерлерін ортаға салды. 27-қазан күні таңертең Жетісай қаласының «Жеңіс» алаңындағы қазақтың үш биі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі және Республикамыздың түрлі өңірлерінен арнайы келген қонақтар қатысып, бабалар ерлігін еске алысты. Мұнан соң Атакент кентіндегі «Достық» мәдениет үйінде «Мақтаарал – ұлы билер ұлағатының құт мекені» тақырыбымен конференция ұйымдастырылды. Жиында ең бірінші болып баяндама жасаған аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауданы үш жүздің басын қосқан киелі жер ғана емес, отыздан аса ұлтты бауырына басқан құтты мекен екендігін атап өтті. «Үш бидің ел тыныштығы жолындағы еңбегі — Қазақ ұлтының бақытты келешегі мен Тәуелсіздігі үшін жасалды. Абыздарымыздың қауіп-қатерді елемей, бастарын бәйгеге тіккен шынайы отаншыл сезімі, ынтымақ-бірлігі күллі қазақ жұртына ықпал етіп, ауызбіршілікке шақырды. Бүгінгі бақытты өміріміз осындай бабаларымыздың арқасында оңай келмегенін, үш биіміздей ұлыларды, елім деп еңіреген азаматтарды келешек ұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет деп білемін. Киелі Мақтаарал ауданының 90 жылдығы қарсаңында «Мақтаарал – ұлы билер ұлағатының құт мекені» іс-шаралар легін өткізудің маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені, ақ алтынды мекен үш жүздің басын қосқан киелі жер ғана емес, отыздан аса ұлтты бауырына басып отырған құтты мекен. Сондықтан, жергілікті жерде ұлттардың татулығын сақтауда ұлы билер ұлағатының рөлі зор. «Бірлік болса – тірлік болады» деп ұлы билеріміз айтпақшы, жаңадан құрылған аудан тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа жұмылдыру – дамуымыздың алғы шарты болмақ» — деді Бақыт Нәсірханұлы. Жиында профессор Бегім Серіков қазақтың тарихы мен Мақтаарал ауданының тарихы жайлы сыр шертсе, облысымыздың және ауданымыздың құрметті азаматы Тойым Жүнісов қара шаңырақтың 90 жылдығы күллі Мырзашөл өңірі үшін тарихи дата екендігін еске салды. Сонымен қатар, белгілі ақын, жазушы Мұхтар Құралов мақталы өлкеге арнауын оқып, жырдан шашу шашса, ауданымыздың құрметті азаматы Қасымбек Хаметов Мырзашөлдегі округтер мен елді мекендердің құрылу тарихы туралы баяндады. Елбасымыздың сыныптасы, ауданымыздың құрметті азаматы Рауза Төлемісова да мақталы өлкеге ізгі тілегін арнап, 90 жылдық мерейтойды жоғары деңгейде атап өту керектігін еске салды. Конференциядан соң Атакенттегі «Әйгерім» мейрамханасында қазақ халқының Тәуелсіздігі жолында күрескен ата-бабаларымызға және Мақтаарал ауданының дамуы үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың рухына арналып ас берілді. Сондай-ақ, «Алпамыс батыр» стадионында 2 күнге созылған футбол додасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтіп, іс-шаралар легі қортындыланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *