"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ"

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»

126 просмотров

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ"

Отырар аудандық мәдениет сарайында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген ел мақтаныштары Құралбай Орынбасар, Бекарыс Шойбеков, Әсел Далиева және Сырым Ертаев жергілікті жұртшылықпен кездесті. Жиынға 600-ге жуық аудан жастары мен тұрғындар қатысып, жылы жүздесуге айрықша ықыластарын білдірді. Қонақтар ең алдымен қылқалам шебері Ә.Мәліктің сурет көрмесін тамашалады. Мұнан соң, аудан әкімі Ерлан Айтаханов тарихтың ізгі беттерінде есімдері жазылған ел ардақтыларына ықыласын білдірді. «Рухани жаңғыру-тарихымызды тереңнен толғап, болашаққа жарқын із салатын айрықша бағдарлама. Ел ертеңіне нық қадам, бірегей мақсатқа бағыттайтын тұғыры биік бастама көптеген ілкімді істерге жол ашты. Соның бірі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы болса, ел таңдауымен құрмет биігіне көтерілген халық ардақтыларының мақсаты мен еңбегі, жеткен жетістігі мен адалдық, абырой биігіндегі қадір-қасиеті әрбір жастың санасында мықтап түйілуі тиіс. Оларды құрмет тұта отырып, ізгі жолынан тәлім-тәрбие ала білуі керек»-деді әкім. Шара барысында жоба кейіпкерлері өмірі мен еңбек жолдары жайында әңгімелеп, сауалдарға жауап берді. Өз пікірі мен сұрағын жолдаушылар арасында аудан әкімі де бар. Аудан басшысының айтуынша, Отырардан шыққан жас мамандарды кәсіпкерлікке баулу мен ұстаздық ету, ауданда жаңа кәсіп орнын ашу, спорт саласын дамытуға қолдау білдіру қажет. Бұл мәселе бойынша «Қайып ата» ЖШС директоры С. Ертаев жас мамандарды мал шаруашылығына баулумен қатар, Отырардан жаңа жұмыс орнын ашатының жасырмады. Ал, өзге де қонақтар өздері тарапынан қолдау білдіруге ниетті екендіктерін жеткізді. Мәртебелі меймандарға айтыскер ақын Дәурен Ақсақалов арнау айтып, салиқалы еңбек жолдарын сұлу сөзбен жеткізсе, аудан өнерпаздары дәстүрлі ән, күмбірлеген күй төгілтіп ілтипаттарын білдірді. Мұнан соң жоба кейіпкерлері қайта жаңғырған «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі және «Кейкі батыр» фильмінің түсірілім алаңымен танысты. Сонымен қатар, қонақтар кие қонған Арыстанбаб кесенесінде құран оқып, зиярат етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *