ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖЕРЛЕНГЕН СӘМЕКЕ ТӘУКЕҰЛЫ ЖАЙЫНДА.

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖЕРЛЕНГЕН СӘМЕКЕ ТӘУКЕҰЛЫ ЖАЙЫНДА.

191 просмотров

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖЕРЛЕНГЕН СӘМЕКЕ ТӘУКЕҰЛЫ ЖАЙЫНДА.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тарих беттеріне орын алған қаншама әлемге аты мәшһүр адамдар жерленген. Солардың бірі СӘМЕКЕ ТӘУКЕҰЛЫ — XVIII ғасырдағы Орта жүздің ханы. Орыс деректерінде Шахмухаммед, Шамака, Шемахи, Шемяка, Шахмахмет деген аттарымен белгілі [Ерофеева, 1997. С.77]. Сәмеке ханның туылған жылы белгісіз, шамамен 1737-1738 жж. қайтыс болған. Ол хан атағын иеленіп 1731-1738 жж. ел басқарған. Сәмеке атақты Тауке ханның баласы, Салқам Жәңгірдің немересі. Ол қазақ хандарының Жәдіктен тарайтын әулетіне жатады. Сәмеке ханның тарихта аты қалған перзенттері деп Сейітті, Тәукені, Есімді айта аламыз. Түркістан қаласында хижра жыл санауы бойынша 1228 ж., яғни біздің қазіргі санауымызша шамамен 1813 ж. Абд Рахим Узканди жазған «Шыңғысхан рисолясы» атты қолжазбасының мәліметі бойынша: «Жахангир хан, Тауаккал Мұхаммад Бахадур хан, Шах Мұхаммад Бахадур хан Түркістанда йатқан», яғни «Жәңгір хан, Тәуеккел Мұхаммет бахадур хан, шах Мұхаммет бахадүр хан Түркістанда жатыр». Яғни, бұл дерек Сәмеке ханның Түркістанда жерленгенін көрсетеді. Жоңғарлармен 1723-1725 жж. болған соғыста Сәмеке өзін қолбасшылық жағынан көрсете білген. 1724 ж. орыс құжаттарында оны қарақалпақ ханы деп атайды [ИКРИ-2. С.315]. Соған қарағанда оның билігі қарақалпақтарға да жүргенге ұқсайды. XVIII ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында қазақ әскерлерінің жоңғарларға, Еділ қалмақтарына, башқұрттарға қарсы жасаған жорықтарында басшылық жасағандардың бірі болды. 1727 ж. дерек бойынша оны Хиуа хандығының тағына иелік етуге шақырған [ИКРИ-2. С. 366]. 1730 ж. Әбілқайыр ханның Уфаға жазған хатында Түркістан қаласын Сәмеке иеленіп отыр деп көрсетілген [ИКРИ-2. С. 369]. Аңырақай шайқасына қатысқан. 1733 ж. Орал башқұрттарына жорық ұйымдастырған. Алайда башқұрттарға алдын ала ескертіліп қоюына орай Әбілқайыр ханның қатты соққы алғаны белгілі. Ұрыс барысында хан туы башқұрттардың қолына түскен және қазақ сарбаздарының едәуір бөлігі қырылған. Ордасы Түркістан қаласында болды. Оның билігі Сырдария өзенінің сол жағалауына, Қарқаралы даласына, Торғай, Есіл, Елек өзендерінің бойындағы қазақ тайпаларына жүрген [Ерофеева, 1997. С.77].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *