ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ - ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ — ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ

124 просмотров

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ - ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ

⠀Бүгінде елді есеңгіретіп, халықты қиын жағдайға қалдырған пандемияны көп ұзамай жеңеміз деген жақсы сенім бар. Бұл ретте біздің бірігіп, жұдырықтай жұмылуымыз — қайырымды қазаққа тән қасиет.
«Біз біргеміз!» деп ұрандатқан топтың бірі — Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты «Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаттың» ұжымы. Бұл білім шаңырағы осы мектепте тәрбиеленіп жатқан бір отбасының үш баласына қайырымдылық көрсетіп, жомарттық танытты. ⠀
Арнат пен Ернат егіздер. Олар Айгүл Тілепова басқаратын мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері. Осы кезге дейін егіздер әжесі, әкесі және қарындастарымен мынадай үйде өмір сүріп келген. Әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген бұл отбасының жай-күйіне Айгүл Өтегенқызы бей-жай қарамай, ұжым болып, көмек көрсетуге ниет білдіріп, бірауыздан жәрдем беруге бекінген.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ - ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАСИЕТ


Сөйтіп олар ұсынысты жедел қуаттап, құрылыс заттары мен үйге қажетті төсеніш пен көрпе-жастықтарын алып, төрт бөлмелі үйді жөндеуге кіріседі. Қалам, қағаздарын бір мезгіл балға мен шегеге айырбастап, әркім өзіне тиісті жұмысты бөліп алып, барынша күрделі жөндеуді жүйелі жүргізуді мақсат етеді. Алдымен төбесін ауыстырып, қабырғаларын сылап, бүгінгі заманға сай үлгімен әрлейді.

Бір апталық жұмысты белсене атқарған мектеп-интернаттың қызметкерлері құрылыс жұмысымен шектеліп қалмай, осы отбасын азық-түлікпен қамтып, қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетеді.

Бүгінде осы үйдің үш бірдей балалары аталған мектеп-интернатында білім алып, жатын орын, 5 мезгілмен ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.

«NurOtan” партиясы Түркістан қалалық филиалының «Мейірім шуағы» атты бастауыш партия ұйымының жоспары аясында жүзеге асқан ілкімді істі ұйым төрайымы — Айгүл Тілепова: «Бұл бастама ұжымдағы әріптестерімді қанаттандырып, педагогтар қауымы қашанда қайырымдылық жұмыстарына немқұрайлық танытпайтынын байқатты» дейді.

Айта кеткен жөн, дәл осы ұжым тағы бір отбасыға барып, жағдайларымен танысып, азық-түлік өнімдерін табыстаған.

Дүрбелең туып, елдің үрейін ұшырған індет елімізге кірген кезде қол қусырып қарап қалу — бізге жараспас. Берекелі де, мерекелі қасиетті Рамазан айы қарсаңында қолға алынған бұл сауапты бастама өзгелерге үлгі болса, ғанибет емес пе?!

АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *