ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

4 просмотров

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістан облысымыздың ажары оның тазалығына да байланысты. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында. Осы тұрғыда біз «Тазалық» ЖШС мекемесінің бригадирі Жубайхан Асанбаев және қала тұрғындарымен сұхбаттасқан болатынбыз.

–Менің бұл мекемеде істеп жатқаныма 5 жылдан аса уақыт болды. Қаламыз облыс орталығы атанғалы бері жұмысымыз есейе түсті. Әсіресе, аяқ жолдарды таза ұстау, көгалдарды күтіп-баптау жұмысы жыл бойы талап етілетін жұмыс. Біз Тәуке хан даңғылы, Төле би, Абылай хан, Мұңайтпасов, Мұқанов, Т.Мыңбасы, Мақатаев, Ш.Ниязов, Ататүрік көшелерінің тазалығына жауап береміз. Қол астымда 30-дан аса жұмысшылар бар. Таңертең сағат 6 да басталатын жұмысымыздың жауапкершілігі мол. Басты мақсатымыз қаланы көгалдандыру, абаттандыру болғандықтан, қала тұрғындарының да бұған атсалысуларын қалар едім. Өйткені, кейбір қала тұрғындары көше тазалығы түгілі үйінің төңірегін тазалауды өзгелерден талап ететіні бар. Кейде ауласынан шыққан күл-қоқыс пен тастандыларды көше бойына қаппен шығарып тастап қойғанын қайтерсіз. Сондықтан, киелі де қасиетті қаланың абаттана түсуіне барша түркістандықтар өз үлестерін қосса деймін.

Мухаммаджан Набиев, қала тұрғыны: – 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық тойы қарсаңында қаламыз түрлене түсті. Осы мерейлі тойға дайындық жұмыстарын тікелей Елбасының өзі мән беріп, қаламыз гүлдене, түрлене түсті. «Түркістан – 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында да қаламыздың бұрынғы әкімі, марқұм Әліпбек Өсербаевтың тікелей бастамасымен қаламыз тағы бір түлеп қалғаны рас. Түңгі жарықшамдар, ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары саны көбейді. Міне, енді облыс орталығы атанған қаламыз небәрі 2 жылдың ішінде ғасырға тең құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал, енді осы қуанарлық жаңалықтың бас-қасынан табылып, әрбір қала тұрғыны тазалыққа мән беруі қажет. Өйткені, туған жерге жанашырлық таныту түркістандықтардың міндеті әрі парызы болуы керек. Сонда ғана, киелі қаламыз гүлдейді, көркейе түседі.

Бекзат Раметов, қала тұрғыны: – «Түркістан – туризм орталығы» деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Өткен жылдарды саралай өтсек, қаламызға жыл бойы 1 миллионнан астам турист келіпті. Енді міне 2025 жылы туристер санын 5 миллионға жеткізу жоспарда бар. Жан-жақтан ағылып келетін туристерді қабылдап алуға дайынбыз ба, осы жағынан бірінші кезекте мән беруіміз қажет. Қаламыз атына сай болуы үшін тазалық мәселесіне көңіл бөлу басты міндетіміз. Бір ғана мысал, аяқ жолдар мен веложолдар бойына қойылған орындықтардың таңертең байқасаңыз пісте шағып, қалдықтарының шашылып жатқанына көзіміз жетеді. Орындықтың жанына қойылған қоқыс жәшігіне тастау тұрғындар үшін қаншалық қиын екенін түсінбейсіз. Тағы бір айтатыным, көгалдар ортасынан су құбырларын сындырып кететін жәйттарға байқаймыз. Осындай келеңсіз жәйттарды болдырмай, алдағы уақытта туған қаламызды түлетуге барлығымыз біркісідей үлес қосайық. Өйткені, тазалық менің ойымша, әр адамның сана сезімінен, отбасы тәрбиесінен басталады.

Рузиахун МАДАЛИЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *