
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші мал азығын қысқа даярлау басталыпта кетті. Көлікпен көшеге шыға қалсаңыз шөп тиеген ауыр жүк көліктерін кезіктіруге болады. Бұл ретте Түркістан облысы Отырар ауданы Шілік ауылындағы Сырлыбай Наурызбаев, Қабылбек Шадинов секілді еңбексүйгіш диқандардың еңбегін елемей кетуге болмас. Себебі, олар престелген жоңышқаларын тасымалдап ауылмен өңір көлемін мал азығымен қамтамасыз етіп отыр. Қос азамат бүгінде Жер-Ананың төсін идіріп, бұйырған нәпақаларын адал еңбектері арқылы айыруды мақсат еткен.
Жалпы, шіліктіктердің бүгінгі өмір талаптарын өте дұрыс пайымдап, аңғарып алғандай. Біз кездесіп, аз-кем әңгімелескен азаматтардың бойларынан атойлап тұрған еңбекке деген қызығушылық пен құштарлықты ынта-ықыласты айқын аңғардық. Бұл дегеніңіз біздің шын мәнінде Шілікте жан жадыратып, көңіл көншітерліктей, қалың жұртшылыққа үлгі-өнеге боларлықтай өнегелі тірліктер бар екен деген түйінді ойымызды шегелей түсті. Әрине, мұндай игі істердің көре білсек өзге ауылдардан да көрініс табатындығына нық сене отырып, олардың өрістерін кеңге жая түсуін тілеген ниетімізді ортаға салғымыз келеді.