ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

122 просмотров

ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Жуырда Петропавл қаласында медицина колледжінің «Емдеу ісі» бөлімінің «Фельдшер» біліктілігі бойынша түлектері арасында «2018 жылғы медицина колледжінің үздік түлегі» атты республикалық кәсіби шеберлік конкурсы өтті. Астана, Атырау, Ақтау, Тараз, Талдықорған, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау қалаларының мемлекеттік медицина колледждері қатысқан конкурста Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Түркістан жоғары медицина колледжінің белсенді студенті Абсаттар Жайна оқ бойы озық шығып, бірінші орын иегері атанды. Осылайша Қазақстанның он облысынан келген жүйріктердің арасынан дараланып, жүлдені қанжығасына байлаған жас дарын Түркістан қаласының ғана емес, Оңтүстіктің мақтанышына айналды. Болашақ орта буынды медицина мамандарының кәсіби бәсекелестігін арттыру, білім сапасын көтеру, фельдшерлердің құзіреттілігін дамыту мақсатында ұйымдастырылған білім сайысының барысы бірнеше кезеңдерді қамтыды. Жетекшілері колледж әдіскері Қ.Омаш пен «Емдеу ісі» бөлімінің меңгерушісі С.Абитаева жарыстан ерекше әсер алғандарын, барлық қатысушылар белсенділік танытып, әр кезеңде өздерінің жан-жақтылықтарын көрсетуге атсалысқандарын жеткізді. Өңіріміздің абыройы үшін сынға түскен Түркістан жоғары медицина колледжінің бітіруші түлегі Абсаттар Жайна үздік студент, сонымен қатар ән байқауларынан да жүлде алып жүрген талант иесі. Оған қоса, Жайна бос уақытында вокалдық терапиямен айналысады. Болашақта өз жұмысында да қолданып, басқаларға да үйреткісі келеді. Өйткені вокалдық терапияның денсаулыққа пайдасы өте зор. Мысалы, сүйікті әнді орындау барысында адамның ішкі ағзасында вибрациялық массаж жасалады, тыныс алу мүшесі жақсарады, ағзаға оттегі толық барады, қан айналым жақсарады. Адамның коммуникациялық дағдылары, өзіне сенімділігі артады, сондай-ақ ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті жақсарады. Қазақтың осындай өнерлі қызы медицина саласына өз үлесін қоса береді деп сенеміз. Жалпы жүрегі мейірімге толы, өзінің мамандығына деген қызығушылығы шексіз жандардың еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосатындығы рас.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *