
Тамшылатып суару қазіргі таңда облыс көлемінде қарқынды қолға алынуда. Бұл арқылы өзінің үйіргелік жерін гүлдендіріп, жайқалған бау-бақшаға айналдырып отырған Түркістан облысы Отырар ауданы Шілік ауылындағы «Алтын алқалы» ардақты ана Зәбира Ибрагимованың еңбегі ерен. Себебі есіктің алдын дәнді-дақыл мен бау-бақшаға айналдырған. Аталмыш шаңыраққа атбасын бұрғанда «Алтын алқа» иегері көпбалалы Зәбира ана Биімбет Оспанов сынды алтын қолды азаматпен бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп келе жатқан жылдарында жеті ұл-қызды жарық дүниеге әкелген. Зәбираның үйіргелік жерін игерудегі ісі кім-кімге болса да үлгі етерліктей екен. Ұл-қыздарын жастайынан ерен еңбекке баулыған отбасының ұқыптылықпен атқарылған тірліктері сүйсінтті.
Арақашықтығы талапқа сай сақталып, қатар-қатар жүргізілген шлангалар арқылы суарылатын қызанақтары түгелдей түйнектеп, енді шамалы күндерден кейін көздің жауын алып қып-қызыл піскелі тұр. Жайқалып өсіп тұрған әртүрлі жеміс ағаштары да көңіліңіздің түпкіріндегі ризашылық сезіміңізді сөзсіз оятатын сияқты.