
Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейра қаласында әлемдегі он алты мемлекеттің кіл мықтылары таэквондодан әлем кубогы үшін сынға түскен командалық жарыста «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервін дайындайтын балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің» түлегі Нұрлан Мырзабаев қола медалға ие болды. Жарыс қорытындысында бірінші орынды Иран Ислам мемлекеті, екінші орынды Ресей Федерациясы және үшінші орынды Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттері өзара бөліскен. Айта кетерлігі, Кентау қаласында туып өсіп, Түркістан топырағында шеберлігін шыңдап жүрген Нұрлан Мырзабаев бұған дейін осы жылы Индонезия мемлекетінің Джакарта қаласында өткен Азия ойындарының қола жүлдегері атанған болатын. Жеке бапкері Ринат Құралбаев баптаған сайыпқыран алда Олимп шыңын бағындырсам дейді.