ӨРНЕКТЕР ТІЛ ҚАТАДЫ

ӨРНЕКТЕР ТІЛ ҚАТАДЫ

30 просмотров

ӨРНЕКТЕР ТІЛ ҚАТАДЫ

     Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің өн бойы геометриялық оюларға толы. Бірақ, аңдап қарасаңыз,өрнектердің  бағыты керісінше. Бұрын көшпелілердің байрағында дөңгеленген дүниені шыр айналған, бір-бірін қуған төрт тұлпар бейнеленеді екен. Өмір өтпелі дегенді меңзегені. Бабаларымыздың өзі бұл өмірдің жалған екенін насихат еткен, байлыққа емес, руханиятқа зер салуға шақырған еді ғой. Рухани жаңғыру деген осы. Бұл бір ғана оюдың астары. Әйтпесе, қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүрген әлемдегі бірден-бір ұлт. Расымен де, төрткүл дүниеде біз секілді кесе-пиаласынан бастап, қылышына дейін ою түсірген жұрт жоқ.  Қазақтың оюлары – ол жазу. Тек зердесі өте жоғары адам ғана мұны оқи алады, шеше алады. Мысалға, жас келіншек тұрмыс құрғаннан кейінгі ахуалын  төркініне ою-өрнекпен бейнелеп жіберген. «Құсмұрын» сәлемдемесі жіберілсе, құстай еріктімін дегені. Ал орамалдың өн бойы қошқар мүйізбен шимайланса, жағдайының мүшкілдігін білдірген. Кейде қазақтың қолбасшылары жаудың саны, жоспарын ою-өрнекпен бедерлеп, ханға жолдайтын болған. Хат қолға түсіп қалғанның өзінде, дұшпан онда не жазылғанын түсіне алмайтын болған.Қолданбалы өрнек өнері ғасырлар бойы қазақ халқының бейнелеу өнерінің жеке түрі болып келеді. Үй ішін, үй тұрмысына қажетті заттарын, ұлттық киімдерді, тері бұйымдарды әшекелейді. Негізгі мәнерлі өнер әдісі –ою өрнек салу. Ою өрнектегі  бояу түстері де терең мағыналы болған, мысалы, ақ түс — әділеттілік, шындықтық, тазалықты, қара түс —  жердің, берекенің; жасыл түс – күннің, оттың; сары түс даналықтың, білімділіктің; көк түс — судың, ашық аспанның символдарын білдіреді. Ою өрнектер жасалануына қарай 4 топқа бөлінеді. Зооморфты (аң пішіндес) қошқармүйіз, қыңыр мүйіз, қаз мойын, түйе табан, бота мойын, құс қанат. Ол оюлар киіз бұйымдарда көбірек орын алады. Тоқылған кілем, алаша, сырмақ, текеметте кездеседі. Ұлттық бұйымдарда кеңінен қолданылады. Өсімдік пішіндес оюлар түрі: ағаш, жапырақ, үш жапырақ, гүл, үш гүл, жауқазын. Ол оюлар көбінесе кестелерде, төсек жапқыштарда ,тыс тәрізді тұрмыстық заттарда кездеседі. Бұл оюлар өте сирек кездеседі. Геометриялық пішіндес оюлар :ирек су, қармақ,балта,тарақ,жіліншік,бестаңба,тұмарша,ботакөз. Негізгі тоқыма бұйымдарда көбірек орын алады. Түрлі тоқылган кілем, ши, мата, киіз басқұрлары мен бауларында болады. Космогониялық пішіндес өрнек әуендері: шеңбер, шимай, бітпес, жұлдыз, айшық, төртұшқы. Осы оюлар құрақ көрпелерде, кесте бұйымдарда,тұскиіз,кілемдерде кеңінен таралған. Ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі. Бұл өнердің пайда болу бастаулары ежелден бері келе жатыр. Ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа дәуіріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырды және жетілдірілді. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналды. Жазбаға дейінгі кезеңдерде көшпелілер қолданбалы өнер бұйымдарының көмегімен өздерінің өміріндегі және тұрмысындағы ерекшеліктерді көрсетті. Ежелгі қолданбалы өнер туындылары ата-бабаларымыздың өткен өмірі туралы жан-жақты мәліметтер береді. Ою-өрнекпен әшекейленген қолданбалы өнердің барлық туындылары Қазақстан аумағына археологиялық қазбалар жүргізу барысында табылды. Бір ерекшелігі, әрбір дәуірдің даму деңгейіне сәйкес шеберлердің – ою-өрнекті жасаушылардың үлгілік ерекшеліктері де ауысып отырған. Егер ою-өрнек түрінде айтатын болсақ, онда олар ашылмаған көптеген құпияларды өзінде сақтауда. Қазақ ою-өрнегі –қазақ халқының ауыз әдебиеті сияқты мәдени шежіресі.Қазіргі таңда ою –өрнек өнері қайта даму жолына түсіп отыр, көптеген жас дизайнерлеріміз өз жұмыстарында  қазақ халқының ою салу өнерін  қайта  жаңғыртып  заман талабына  сай қолданысқа  еңнгізуде.Осы  тұста  айтарым ою –өрнектеп сөйлесуді Морзе әліппесі, Хобо, Кальяуайя құпия тілдер   қатарына да қосуға әбден  лайық. Мысалы, кальяуайя-құпия тілін Боливиядағы  Анд тауларында  тұратын  емшілер қолданылады. Кальяуайя  мәдениетінің пайда болуы инктер кезеңіне тиесілі. Бұл тіл  емдеу дағдыларымен қатар ұрпақтан ұрпаққағана  берілетін құпия тіл болып есептелінеді,және қазіргі таңдада да өз белсінділігін жоғалтпаған. Әрине оюмен өрнектеудің өзіғана бүкіл  болмысты тугел қамтып үнсіз де сайрап  турары анық.Бұл  ата – бабаларымыздың саналығының, даналығының  бір көрсеткіші де  деп  саналады.

Д.Рахимқызы,

 Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *