САЙРАМ: Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылды

САЙРАМ: Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылды

9 просмотров

САЙРАМ:  Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылды
Биыл ақпан айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Сайрам ауданында 365 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы аудан әкімі Ұ.Сәдібеков төрағалық еткен жиында «Сайрам ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің басшысы Н.Сарыбеков баяндады.
Н.Сарыбековтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі 35 азамат бағдарламаға тартылып, жұмыспен қамтылған. Яғни, ауданда осал санаттағы тұрғындар да әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалмаған.
Аудан әкімі аталған бағдарлама аясындағы жұмыстарды жандандырып, тұрақты түрде нәтижесін бақылауды тапсырды.
Күн тәртібінде аудандағы эпидемиялық жағдай сөз болды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бойынша аудандық Ішкі Саясат, Мадениет, спорт бөлімінің басшылары алдағы жоспарымен таныстырды.
Ұласбек Сәдібекұлы бөлім басшыларының дайындығын сынға алды.
– Дайын емессіздер. Сырттағы саясаткерлер Қазақстанда түрлі ұлт, дін өкілдері тұратынын алға тартып, елде тұрақтылық сақталмайтынына болжам жасап жатқанда Елбасымыз Арқаның төсінен астана салуды қолға алды. Ассамблея құрылды. Біздің аудан үшін мұның өзі аса маңызды қадам. Бұдан 30 жыл бұрын халық айлап жарықсыз, жылусыз отырған күндерді бастан кешті. Сол күндерді көз алдымызға әкеліп, бүгінгімізбен салыстырып көре алатын қандай іс-шара ұсына аласыздар? – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Осы бағытта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара жоспарын дамытуды тапсырды. Ал аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысына заңсыз құрылыс және ретсіз сауда бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көрсетуді ескертті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.