Мақтаарал ауданында 56 мектепте соңғы қоңырау мерекесі өткізілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентіндегі Қосжан Мүсірепов жалпы орта мектебінде өткен салтанатты іс-шараға қатысып, ауданның барлық ұстаздары мен оқушыларын, ата-аналарын мерекемен құттықтады.
«Сіздерді соңғы қоңырау салтанатты шарасымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қызығы мен қиыншылығы мол, қайталанбас балалықтың бал дәуренін артқа тастап, үлкен өмірге жолдама алатын аяулы сәт. Бүгін сыңғырлаған соңғы қоңырау үні балалардың есейгенін көріп көз жасына ерік берген ата-ана үшін де, шәкірттерін қимастықпен шығарып салар ұстаздар қауымы үшін де, олармен қоса толқып тұрған оқушылар үшін де ерекше» — деді Бақыт Насырханұлы.

Cалтанатты жиын барысында ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы М.Серікбаев, «Нұр шамы» ЖШС-нің басшысы Сырым Жүсіпов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сабырбек Олжабай өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, түлектерге алдағы өмірлеріне сабақ болар құнды кеңестер айттын. Сондай-ақ, аудан басшысы 11-сынып түлектерінің әрбірінің жеке дара қолын алып, болашаққа қадам басып жатқан жаңа өмірлеріне үлкен сәттілік тіледі.

Айта кетейік, биыл ауданымыздың 1928 түлегі мектепті аяқтады. Олардың 1264-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Түлектердің 84-і «Алтын белгіге» үміткер, 124-і «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Осы оқу жылында аудан ұстаздары мен оқушылары облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, айтулы жетістіктерге жетті.