Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Ауыл – Ел тірегі» жобасының кезекті онкүндігі Ақсукент ауылдық округінде өз жалғасын табуда. Онкүндік аясында аудандық дербес бөлім басшыларының жеке қабылдаулары жоспарланған.
Кестеге сәйкес, Сайрам аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Е.Серікбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Тынымбаева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Қ.Шадиевалар тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар 204-орам, жаңақұрылыс аумағындағы жол,ауыз су, газ, мектеп салу, көшелерге атау беру сияқты өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Сонымен қатар, Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің бастамасымен өткізіліп жатқан «Ауыл ел — тірегі» жобасы аясында Ақсукент-2 ауыл кітапханасы «Жылжымалы кітапхана» атты ашық аспан астында жаңа әдебиеттерді насихаттау сағатын өткізді. Іс-шараның мақсаты жаңа кітаптарды таныстырып, кітап оқуды ілгерілету, оқырмандардың талғамдарын білу, қазақ әдебиетіндегі жаңа есімдермен таныстыру, кітапханаға оқырман тарту. Кітапханашы Парида Шарахимова ауыл тұрғындарына кітап көрмелерін таныстырып, Ақсукент-2 ауыл кітапханасы туралы бүктеме парақшалар тарқатты.