Облыстың жас мұғалімдері бас қосқан республикалық аймақтық ұстаздар форумы

118 просмотров

Қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты республикалық аймақтық жас педагогтер форумы өтті. Жаңа буын мұғалімдері бас қосқан аталған форум рухани шаһарда алғаш рет өткізіліп отыр. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Шымкент және Түркістан қаласындағы филиалдарының ұйымдастыруымен өткен басқосуға облысқа қарасты барлық аудан және қалалардан 140-қа жуық мұғалім қатысты.

 

Жас педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін берген форум барысы мұғалімдер бойына ұстаздық рух сыйлай білген мотивациялық спикерлердің баяндамаларынан бастау алды.

Форумға қатысушылар үшін спикерлер ішінде ерекше әсер сыйлаған Бауыржан Жанаев Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы өз сөзінде Әлихан Бөкейхановтың «Елге қызмет ету-білімнен емес мінезден» қанатты сөзін тілге тиек етіп, жас ұстаздарға бағыт-бағдар берді:

Елге қызмет ету белгілі бір лауазымды қызметкер болумен шектелмейді. Қарапайым адам болыпта ел ертеңі мен болашағын дамытуға өз үлестеріңізді қоса аласыздар.

Ал Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының директоры Бақытжан Тәлімбет Билл мен Меленда Гейтстің ұстаз жолы туралы ойлары мен Анджела Ли Дакворттың «Табандылық» атты кітабын мысалға келтіре отырып, аталған материалдардағы мұғалімге қажетті дағдыларды атап өтті:

Анжела Дакуорт «өмірде жетістікке жеткізетін негізгі фактор – талант немесе туа біткен қабілет емес, табандылық пен өз ісіне деген құштарлық» дейді. Яғни ұстазға да қажеті де осы – еркіндік пен сыни ойлау және табандылық. Осы үш қасиетті бойына сіңіре білген әрбір ұстаз өз саласында үздік атанып, табысқа жететініне кәміл сенемін,- деді Бақытжан Тәлімбет.

Бүгінде Түркістан жастарының басын қосып жүрген облыстық жастар орталығының басшысы Ерасыл Төлебаев жас ұстаздарға интеллект түрлерін «IQ ,EQ, SQ» тереңінен меңгеріп алуға кеңес берді:

Ұстаз-оқушы өміріндегі маңызды тұлға. Сол себепті ол ізденімпаз, жаңашылдыққа құмар, жан-жақты заманауи тенденциялармен қатар дамушы интеллект маман болу керек. Ол үшін сіздің «IQ ,EQ, SQ» интелект қабілеттеріңіз жоғары болуы қажет. Сонда ғана мінсіз мұғалім атанып, үздік шәкірт тәрбиелейсіздер!,- деді өз сөзінде облыстық жастар орталығының басшысы Ерасыл Төлебаев.

«Томаға тұйықпын» кітабының авторы, ақын-ұстаз, бауыржантанушы Шымкенттегі NIS-тің Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Абай Қалшабек ұстаз жүрегіндегі алауды сөндіріп алмас үшін Бауыржан Момышұлының өмір жолын мысалға келтіруде жас мұғалімдерге ең алдымен өз мамандықтарына адалдықпен қызмет етуге шақырды.

Ұстаздық жолында түрлі оқиғалар талқыланған баяндамаларды толғаныспен тыңдаған жас мұғалімдер спикерлерге педагог болудың  маңызын айшықтауда сауалдар қойып, басқосу еркін форматтағы сұхбаттасу алаңына айналып үлгерді.

Рухани шаһар төріндегі Зияткерлік мектепте бас қосқан жаңа буын мұғалімдері форумда білім берудің жаңа тенденцияларына толы тренингтер мен оқыту үдерісіндегі мәселерді талқылауға арналған тақырыптық алаңдар, жас мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтарға қатысты. Өңірге қарасты аудандардан келген жас мұғалімдер форумға қатысушы әріптестеріне оқыту процесіне қажетті ресурстар мен түрлі әдіс-тәсілдер мен лайф-хактар түсіндіріп, өз тәжірбиелерімен бөлісуде шеберлік сабақтарын өтті.

Сонымен қатар, форумға қатысушы жас ұстаздар Түркістандағы NIS-тің мұғалімдері ұйымдастырған қызықты активитилерге қатысып, түрлі сезімдерге бөленді. Форумның соңында барлық қатысушылар бір күндік үздіксіз ізденіс алаңында тиімді кері байланыс берді.

Еске сала кетейік, форум «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен еліміздің барлық NIS мектептері желісінде өтіп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.