ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 2332 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ САЛЫНАДЫ

46 просмотров

Пилоттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады.

«Ауыл Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жоба аясында берілетін микрокредиттер  саны 2 200 бірлік және 2 332 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін қосымша 8,7 млрд.теңге бөлінуде.

Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Айта өтейік несиелендіру6 бағытта  жүзеге асырылатын болады:

  • Өсімдік шаруашылығын дамыту;
  • Мал шаруашылығын дамыту;
  • Құс шаруашылығын дамыту;
  • Балық шаруашылығын дамыту;
  • Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
  • Тұрғындардың өз кәсібін ашу.

Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 32 ауылдық округтері анықталып, скрининг жұмыстары толық жүргізілді. Әр ауданда жұмысшы тобы құрылып, жобаның шарттары бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама аясында 2023 жылдың 17 сәуірінен бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 3,0 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды.

Әр ауданға жеке тоқталып кететін болсақ:  Созақ ауданы бойынша 92,5 млн теңгені құрайтын
22 жоба мақұлданды;  Кентау қаласында 42,0 млн теңгені құрайтын 9 жоба; Отырар ауданында 25,0 млн теңгені құрайтын 5 жоба; Түлкібас ауданы бойынша 68,0 млн теңгені құрайтын 15 жоба, Сайрам ауданы бойынша 34,0 млн теңгені құрайтын
6 жоба; Келес ауданы бойынша 162,0 млн теңгені құрайтын 32 жоба;  Сарыағаш ауданында 49,0 млн теңгені құрайтын 7 жоба; Төлеби ауданы бойынша 97,2 млн теңгені құрайтын 20 жоба, Қазығұрт ауданы бойынша 122,0 млн теңгені құрайтын
27 жоба; Шардара ауданында 11,0 млн теңгені құрайтын 2 жоба; Арыс қаласы бойынша 62,0 млн теңгені құрайтын
18 жоба; Бәйдібек ауданында 42,5 млн теңгені құрайтын 10 жоба; Ордабасы ауданы бойынша 121,0 млн теңгені құрайтын 26 жоба; Сауран ауданында 13,0 млн теңгені құрайтын 3 жоба; Жетісай ауданы бойынша 48,0 млн теңгені құрайтын
12 жоба; Мақтаарал ауданында 55,5 млн теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде:  тиісті аумақтағы жұмыссыздық деңгейін 40%, 5 236 бірлік АӘК (АСП) санын
30 % төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар, сүт өндіру көлемі – 40,6% — ға, ет өндірісінің көлемі — 63,2%- ға, жылыжайда өндіретін өнім көлемі — 26,2% — ға ұлғаяды деп күтілуде. Және де  құс өндіру көлемі 2,4 есе, балық өндірісінің көлемі 2,0 есеге көбейту жоспарлануда.

Сонымен қатар биыл Келес ауданында Ауыл – ел аманаты» пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев мәлімдеді. Жаңа жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау. Жоба мемлекет басшысының «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Жаңа жобаның тиімділігі – жылдық мөлшерлемесі 2,5% құрайтын жеңілдетілген несие.  Орташа несие көлемі 5 млн теңгені құрайды. Ол үшін кәсіпкерлер кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс.

Жиынға Келес ауданы әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.

– «Ауыл – ел аманаты» пилоттық жобасы аясында қаржыландыру бағыттары 8 топқа бөлініп, іске асырылады. Олар кооперация негізінде мал бордақылау алаңдары мен отбасылық сүт фермаларын ашуға, жүнді бағытта қой шаруашылығын дамыту, отбасылық жұмыртқа, құс еті бағытындағы фермаларды құру, балық шаруашылығын дамыту, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, яғни жылына 2,3 өнім алу жобасы сынды бағыттарға несие берілмек, – деді Мадияр Күмісбекұлы.

Аудан басшысы Жәнібек Есенұлы жобаның тиімділігі бойынша ауылдық елді мекендерде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жергілікті шаруалардың жағдайы едәуір жақсаратынын айтып, бұл бағытта ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Келес аудандық филиалы өткен жылы қаржы тапшылығынан кәсіп аша алмай жүрген 300-ден астам кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Сонымен қатар, 40 азаматқа нақты қызмет көрсетілген.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Келес аудандық филиалының директоры Еркебұлан Маденовтың айтуынша, кәсіпкерлерге дер кезінде қажетті көмектер беріліп келеді.
— Өз бизнес жоспарымен келген кәсіпкер немесе кәсібін бастағалы жүрген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдауларды таныстырып, тиісті қаржы мекемелеріне бағыттадық. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен-Түркістан» микроқаржылық ұйымынан «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыған 3 тәлімгерге 11,6 млн теңге, «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ мекемесі арқылы 27 млн теңге, сондай-ақ «Ырыс» МҚҰ-нан 108 млн теңге көлемінде несие алуға құжаттар пакетін дайындауға көмектестік, — деді филиал директоры.

Осы тұста ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.

Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.

Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.

Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұрақтап қалуына жағдай жасалады.

«Ауыл аманаты» жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды қолдау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.