Жуықта Түркістан облысында өңір экспорттаушыларының, әкімдіктің, «QazTrade» АҚ, «KazakhExport» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өкілдерінің қатысуымен Өңірлік экспорттық кеңестің отырысы өтті. Кәсіпкерлерге ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ желісі бойынша экспорттаушыларды қолдаудың қолданыстағы құралдары туралы айтылды, сондай-ақ экспортты дамыту туралы сұрақтарға жауап берілді. Түркістан облысының тауар айналымы өткен жылдың 12 айында 1 511,9 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт көлемі 21% ұлғайып, 932,5 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт құрылымында негізгі үлесті ет және ет өнімдері, ұн, балық филесі, трансформаторлар және басқа да тауарлар алады. Өңірдің экспорттаушыларды «QazTrade» АҚ-мен белсенді ынтымақтастықта және мемлекеттік қолдау шараларын қолданады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының 11 экспорттаушы компаниясының шығындарды ішінара өтеуге арналған 16 өтінімі мақұлданды. Тауарлар мен қызметтер экспортына жұмсалған шығыстар өтемақысының жалпы сомасы 313,5 млн теңгені құрады. Қаржылық емес қолдау шаралары экспорттық қызметке дайындықтың толық циклін қамтиды. Шағын және орта бизнес экспорттық акселерация, Alibaba.com платформасына шығару бағдарламаларына, сауда-экономикалывқ миссияларына, халықаралық көрмелерге тегін қатысады және QazTrade Academy порталында халықаралық сауда негіздеріне оқытудан өте алады. Өңірлік экспорттық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бизнес өкілдері экспортты мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін қолдану жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігіне қызығушылық білдірді.
Биыл Түркістан облысының индустриалды аймақтарында құны 44,4 млрд.т. болатын және 3092 жұмыс орнын құрайтын барлығы 63 жоба орналасқан. Оның ішінде, құны 34,169 млрд.тг. болатын және 2496 жұмыс орнын құрайтын 44 жоба іске қосылып, жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Көбінесе аймақта құрылыс жабдықтары өндіріледі. Мәселен: бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су, шырын, жиһаз, жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. Кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары аймаққа дейін тартылады. Яғни, дайын инфрақұрылым: ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, асфальт жол, шағал жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.
Біздегі жобалардың ішінде ауқымдылардың қатарында «Grand Miks» кәсіпорны бар. Бұл кәсіпорынның өнімдері Қырғызстан, Ресеймен қатар, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Тараз, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды қалаларына жіберіліп жатыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам қызмет етеді. Жалпы, өткен жылы шығарылған тауар көлемі – 16 963 дананы құраған.
Биыл 2023 жылы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) елдерімен өзара сауда көлемі 110,3 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың қаңтар-наурыз деңгейімен салыстырғанда 88,4% құрады, оның ішінде экспорт – 89,8 млн. АҚШ долларын (91,6%) немесе өзара сауда көлемінің 81,4%, импорт – 20,5 млн. АҚШ долларын (76,6%) немесе 18,6% құрады. Ресей Федерациясымен өзара сауда көлемі 107,1 млн. АҚШ доллары (өзара сауда көлемінің 97,1%) сомасында қалыптасты, Беларусь Республикасымен – 2 млн. АҚШ доллары (1,8%), Қырғызстан Республикасымен – 1 млн. АҚШ доллары (0,9%), Армения Республикасымен – 0,2 млн. АҚШ доллары (0,2%).
ЕАЭО елдеріне экспорттың жалпы көлеміндегі 99% Ресей Федерациясына, 0,5% – Қырғызстан Республикасына, 0,3% – Беларусь Республикасына, 0,2% – Армения Республикасына тиесілі. Импорттың жалпы көлемінде 88,7% Ресей Федерациясына, 8,3% – Беларусь Республикасына, 3% – Қырғызстан Республикасына келеді.
Шикізат пен жартылай фабрикаттар елімізден арзан бағаға экспортқа кетуде, ал оның орнына қосылған құны бар қымбат тауарлар келіп жатыр. Бұл тұрғыда сенатор Әлібек Нәутиев өзінің депутаттық сауалында өңдеуші сектордың дамуын тежейтін проблемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер еліміздің ішінде өңдеу саласын дамытуға мүдделі емес және бірыңғай шикізат экспортына бет бұрған. Салалық министрліктің ақпаратына қарағанда, 2021 жылы АӨК өнімі экспортындағы жалпы көлемнің тек 37%-ы ғана өңделген тауарлардың үлесіне тиіп отыр.
«Астық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 33% қуатымен жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның астық өңдеушілер одағының мәліметтері бойынша, бүгінде еліміздегі әрбір төртінші диірмен ғана жұмыс істеп тұр. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты ұлғайып жатқан кезде осындай қиын жағдай қалыптасып отыр. Оның көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Нақты талдаудың, тиісті қолдау шаралары мен қауіптерді бағалаудың жоқтығынан, Қазақстан көрші елдердегі өңдеу саласын дамытуға ықпал етіп отыр», — деді Әлібек Нәутиев Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Сенатор Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жыл бойы еліміздегі Астық өңдеуді қолдау және дамыту жөніндегі жол картасын келісе алмай келе жатқанын атап өтті. Нарық импорттық азық-түлікке толып кетті. 2021 жылмен салыстырғанда, ашытылған сүт өнімдері, сүт, ет консервілері, ірімшік және сүзбе, сары май өндірісі 4% бен 9% аралығында төмендеді.
«Бірінші кезекте АӨК көлемдерін ұлғайту мен өңдеуге басты назар аударылуы тиіс. Біздің ойымызша, оған топырақтың құнарлығы мен жем-шөп базасы бар аймақтардың салаға бейімделуін ескере отырып, қол жеткізуге болады. Субсидиялау тетіктерін қайта қарау да маңызды. Талдау көрсеткендей, ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы шаруашылықтардың ұйымдасуына байланысты, ал жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың нақты әсері жоқ. Тауарлардың импорты ұлғая түскен кезде, нарықты қорғау қадамдарына маңыз беру керек. Сонымен қатар, отандық өнімді экспорттау кезінде басқа елдердің көптеген кедергілері мен тосқауылдарына жауап ретінде дәл сондай амал жасау керек», — деді Әлібек Нәутиев.
Түркістанда Казагрофуд көрме-жәрмеңкесі аясында еліміздің ірі инвесторлары мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатысуымен Халықаралық AgroForum өтті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды хабарлағандай, соңғы бес жылда өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі екі есеге артып, 1 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамыту жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өнімділікті арттырудың жаңа технологиялары енгізілуде, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бізде құрлық жерлерін тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына көшу, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд теңгеге өнім шығарылатын болады. Бүгінгі форум ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етіп, маңызды жобаларға жол ашатынына сенімдімін», — деді Дархан Сатыбалды. Форум қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімдігі мен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы отандық және шетелдік инвесторлар 257 млрд теңгеге 10 меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі Түркістан облысында 875 мың гектар егіс алқабы бар екенін атап өтті, оның 98% — ы қазіргі уақытта пайдаланылуда. Қарқынды көгалдандыру дамып келеді. Бұл салада өнімділік бес есе өсті, бір гектардан 300-350 центнерге дейін жинайды. Қазіргі уақытта облыстағы қарқынды бақтардың ауданы 4,6 мың га құрайды. Өңірде Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарында 2027 жылға дейін 500 га жаңа жылыжай кешендерін іске асыруға және жылыжай шаруашылығын дамытуға ықпал ететін 100 га агроаймақ құру жобасы әзірленіп, іске асырылуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік өңірлерінде қосымша 2 мың га дәнді жүгері, 1 мың га дәнді бұршақ егілетін болады. Бұл дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд теңге жүгері өңдейтін кәсіпорын («Шардара-Агро» ЖШС) ашылады. Зауытта түрік және француз технологиялары бойынша жылына 100 мың тонна жүгері өңделетін болады. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін мақта кластерін дамыту үшін облыста 100% мақта талшығын терең өңдеу үшін 12 кәсіпорын ашу жоспарлануда.
Түркістан облысында сыртқы сауда экспорты дамып, қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірде отандық тауар өндірушілердің экспортын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Аймақта негізгі шикізаттық емес экспортталатын тауарлар қатарында уран, ұн, трансформаторлар мен балық өнімдері және күркетауық еті бар. Инвесторлар мен экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің кең түрін ұсынатын «Turkiston Invest» қызмет көрсету орталығы құрылған.
Сондай-ақ, «Turkiston Invest» орталығының көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің қатары да көбейген. Мәселен, компаниялар аталған орталықтың көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін өтінім бере алады.
Бүгінде «QazIndustry «СОО» АҚ — на Түркістан облысының 18 экспорттаушы компаниясы өтінім түсірген. Оның ішінде өткен жылы іске қосылған «CG Corp Global» ЖШС бар. Жылына 400 мың тез дайындалатын кеспе шығаратын зауыт өнімі бүгінде ішкі және сыртқы нарықта да сұранысқа ие.
Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша келісім жасалған болатын. Нәтижесінде «Golden Camel Group» зауыты ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қытайға 30 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттаған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 33 мың тоннаны құрайды және өнім толығымен экспортқа сай келеді.
Ал, таяуда Өзбекстан Республикасының Ургенч қаласында өткен «агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы» ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Түркістан облысы мен өзбекстандық кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімге қол қойылды.
Өңірде сондай-ақ, экспортқа бағдарланған «Standard Petroleum» ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді. Жаңа зауыт Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосыл,ан. Экспорт көлемі жылына 2 млн ақш долларын құрайды деп күтілуде. Жоба аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаның жалпы құны 95 млрд теңгені құрайды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында Түркістан облысының экспорт көлемі 54,9 млн АҚШ долларын (оның ішінде шикізаттық емес экспорт — 15 млн АҚШ) құраған.