Күллі түркі жұртының астанасына айналған Түркістан өлкесі бес жыл бойы қарқынды даму үстінде. Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдауының нәтижесінде Түркістан өңірі 5 жылда өркендей түсті.
Сонымен қатар, Түркістан қаласы облыс орталығы болған кезеңнен бері халық саны 50 мың адамға өсіп, қазір 220 мыңнан жоғары екені анықталды. Соңғы бес жылда облыстың жалпы өнірлік өңімі 2 трлн. теңгеге ұлғайған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеге жетті. Түркістан облысы құрылғалы бері негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 2,9 трлн. теңгені құрады. Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 5 жылдың ішінде 3 есе артып, 350,9 млрд. теңге құрады. Негізгі көппәтерлі үйлердің құрылысы Түркістан қаласында жүргізіліп жатыр. 2019 жылдан бастап 340 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Талай жалынды жас осында баспаналы болып, армандарына қол жеткізді.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Тарихы тереңді бойлап жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жыл өткен сайын көптеген нысандар қатары бой көтеруде. Айталық соңғы бес жылда Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы жаңа әуежай өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін берді. Сондай-ақ шаһарда мәдени және рухани орталықтар, спорт нысандары, теннис орталығы, әкімшілік-іскерлік орталығы жаңа ғимараттармен толықты. Мұз сарайының да ашылатын күні алыс емес. Жалпы 5 жылда 250-ден астам жаңа нысан ел игілігіне берілді. Туристік нысандар көбейді. Осылайша, 5 жылдың ішінде тарихы тереңде жатқан, күллі түркі xалықтарының өткенінен сыр шертетін киелі мекен Түркістан өзгерген өңірге айналды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
Түркістан қаласы бүгінде заманауи даму жолына түскен шаһар ретінде де танылып келеді. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, 2023 жылы 219 550 болып отыр. Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті.
Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен көпқабатты 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының киелі қалаға ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұмыстар басталған.
«Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріледі. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету сұрақтары қала деңгейінде дербес шешіледі», деді Д.Сатыбалды.
Түркістанда құрылыс ерекше қарқын алып, еліміздегі және шетелдегі ірі алпауыт компаниялары өз қызметін ұсына бастады. Қаланың бас жоспары қайта жасалып, рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтар бағытында дамытуға басымдық берілді. Екі бағытта да жаңа нысандар салынып, туризм саласы жандана түсті. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі сапарында көптеген оң өзгеріс болғанын атап өтті.
«Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады», — деді мемлекет басшысы.
Облыс орталығы мәртебесі берілген соң қалада 20 тұрғын үйдің 1 200 пәтер құрылысы өз жұмысын бастады. Ол көпқабатты 20 үйдің құрылысы 2019 жылы қабылдаудан өтіп, түрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК АҚ жеке инвесторлар есебінен салынатын үйлерге тапсырысшы болып, нәтижесінде қалада «Арман», «Сырдария», «Яссы» деп аталатын 5 қабатты 50 үйдің құрылысы басталды. Осылайша, өз қаржысына пәтер алуға ниетті азаматтарға да мүмкіндік жасалды. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 400-ден аса пәтер берілді. Қалалық құрылыс бөлімі 5 қабатты үйлермен шектелмей жаңа кезеңге бет бұрды. Бас жоспарға сәйкес облыс әкімдігі ғимаратын қоршай салынатын үйлерге де қойылатын талап жоғары болды. Сәулетшілердің жобаларын талқылау нәтижесінде, мақұлданған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің (1 452 пәтер) құрылысы 2019 жылы басталды. Астана, Алматы қалаларының сәулетшілері өз жобаларын Түркістанда іске асырып, ерекше үлгідегі үйлер бой көтерді. Төменгі қабаты коммерциялық жайлардан тұратын үйлер күйдірілген кірпіштен немесе құйылмалы темірбетон монолиттен салынды.
Әрине, қарқынды құрылыс қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң септігін тигізді. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, қала бойынша былтыр 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ұлттық жобалар бойынша биыл 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып жатыр. Басты мәселеге айналған инфрақұрылым алдыңғы қатарға қойылды. Ауызсу, кәріз жүйелері, электр, газ, жылу және тағы басқа да коммуналдық мәселелердің бірден шешімін таппағаны мәлім. Осы кезде 7 қабатты үйлерді жылыту мақсатында елімізде бұрын-соңды болмаған газ тұтынатын пәтерішілік жылыту қазандықтарын орнатуға сынама жүргізілді.
«Елімізде пәтерішілік газ қазандықтарын орнату тек 5 қабатқа дейін рұқсат етілген. Ал бес қабаттан асатын үйлердің құрылыс нормасында немесе заңнамада бұл көрсетілмеген. Бірақ үйлер салынып қойған, шешімін қалайда табуды қажет етеді. Облыстық құрылыс басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде, тиісті мекемелердің құрылыс саласы бойынша шығарған бұйрығына өзгеріс енгізіліп, алғаш рет Түркістан қаласында рұқсат етілді. Қойылған талап бойынша жүргізілген жылу жүйесі бүгінгі таңда тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жетіқабатты үйлер солай қабылдаудан өтіп, пәтерлері тұрғын үй кезегіндегі азаматтар мен «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында халыққа ипотекалық жүйемен берілді», дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Аталған бағдарлама кезек күткен немесе тұрғын үйге мұқтаж жас отбасыларға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі үйлер аяқталған жаңа күйінде 1 шаршы метріне 180 000 теңге болып белгіленген. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үйлерге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. 2020-2022 жылдың қорытындысымен бюджет есебінен 89 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 85 үйі қабылдаудан өтті. Нәтижесінде, 5 500-ден аса пәтер өз иесін тапты. Оның 1 200-ден астамы кезектегілерге тегін таратылса, 4 300-ден астамы ипотекамен сатылған. Тұрғын үй құрылысының қаржыны көп қажет ететіні мәлім. 2019 жылғы жобаларда 1 шаршы метр құны 220 мың теңге болса, 2022 жылға бұл баға 350-400 мың теңгеден асқан. Бұл орайда мамандар оның себебін құрылыс материалдарының жыл санап қымбаттауы, жетіспеушілігі, көп материалдың елімізде өндірілмеуімен байланыстырады. Айта кетелік, Түркістан қаласында 2018 жылы баспаналардың, оның ішінде көпқабатты үйлерде 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің сатылу бағасы 4-6 млн теңге болса, 2022 жылы 7-10 млн теңге аралығында болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сұраныс, пәтерлердің сатылу қарқыны төмен. Бұл өз кезегінде жаңа баспаналардың көптеп пайдалануға берілуіне де байланысты болса керек. Дегенмен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Айта кетейік құрылыс нысандарының сапасы да, басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтерді. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.
Дархан Сатыбалды аудан басшысына инвесторлармен жұмысты күшейту, өндіріс орындарын көбейту жөнінде тапсырмалар берді. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған инфрақұрылым тарту мәселесін назарда ұстауды, бұл салаға облыс тарапынан да тұрақты қолдау болатынын жеткізді.