Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ адам кемде-кем шығар. Заман ағымы, уақыт талабына сай мұндай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі-бір оқиға не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын мына заманда басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен, интернетті осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Бүгінгі әңгімеміз әлеуметтік желілердегі алаяқтық туралы болмақ.
Түркістан облысының тұрғындары үшін тілшілеріміз ғаламтордағы бірқатар алаяқтық әрекеттерге талдау жасап көрді.
Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ғаламтордағы алаяқтардың арбауына түсіп қалған түркістандықтардың қарасы аз емес.
Бұдан бірнеше жыл бұрын ғаламтордағы алаяқтық кәсіби хакерлердің ірі қаржы ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің сайттарына шабуыл, олардың ақпараттық жүйелерін істен шығару сынды әрекеттермен ғана байланысты қабылданатын. Бүгінде жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына бұзып кіру, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құпияларды пайдаланып ақша бопсалау сияқты теріс қылықтар етек жаюда. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ. Алаяқтар әлеуметтік желілердің бірінен жас қыздардың атынан парақша ашып, онда көркі көз қызықтыратын сұлулардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгімеге тартады. Кісінің көңілін аударатын, қызықты (көбінесе аянышты, немесе отбасылық-тұрмыстық қиындықтарды талқылаған) посттар жазып, қалталы әрі жеңіл жүріске бір бүйрегі бұрып тұрады-ау деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізгеннен соң арулар әлдебір себептермен «достарынан» ақша сұрай бастайды. Көп тараған себептердің бірі мынау: ғаламтордағы қылықты ару өзі сөйлесіп жүрген досы тұратын қалаға бір шаруалармен бармақ жоспары барын, бірақ, жол жүруге біршама қаражат жетпей тұрғанын айтады. Қаражат «қолын байлаған» аруға мәрттігі ұстап көмектеспек болатындар да көп. Алаяққа керегі де осы. Ал, алданған жомарт таныста бейтаныс арудың сұраған ақшасын алғаннан соң қалай байланысты үзіп, жаңа «кеңістікті игеруге» кірісіп те кеткенін түсінбей қалады.
Сонымен қатар, қазір қоғамда түрлі қаржы пирамидаларынан адамдар зардап шегуде. Қазақстанда соңғы 5 жылда қаржы пирамидаларының алаяқтық қызметі бірнеше есе өсті. Олардың барлығы афористік схемаларды қолдану арқылы халықтан ақша жинауға бағытталған. Қазақстанда алғаш қаржылық пирамида пайда болған 90-жылдардан күні бүгінге дейін оның құрбандарының қатары күн санап артып келеді. Елімізде қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардтарға дейін барады.
Мысалы, 2017 жылдан 2019 жылдың қыркүйегіне дейін Қылмыстық кодекстің 217-ші Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету туралы бабы бойынша 200-ге тарта іс қозғалған. Осы уақыт аралығында тек аяқталған қылмыстық істер бойынша материалдық залалдың жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден асты. Жапа шеккендер осы қаражаттың 5 пайызын ғана өтей алды. Ал бүгінде бірігіп жұмыс істеген үш қаржылық пирамида 8 миллиардтан аса шығын келтіріп отыр.
Қаржылық пирамидада ақшасын жоғалтқан салымшылардың барлығы құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондай-ақ полиция қаржылық пирамида құру туралы емес, көбіне Алаяқтық бабы бойынша іс қозғайды. Себебі бірнеше мың қатысушыдан бірнеше жапа шегуші ғана полицияға барады. Ал алаяқтық та, қаржылық пирамида да адамды алдауға құрылатындықтан, ұқсас келеді. Бірақ қаржылық пирамиданың басты ерекшелігі – жапа шегуші санының көптігі.
Халықты құрыққа түсіру мақсатында олар бірге жұмыс істеген. «Гарант 24 Ломбард», «Тиімді қарыз» («Выгодный займ»), «Estate Ломбард» азаматтардың сеніміне кіріп, танымал адамдар арқылы жарнама жасап, өңірлерде жалған директорлар тағайындаған. Соңғы деректерге сәйкес, дәл аталған ломбард істері бойынша 39 мың салымшы анықталып, шығын көлемі 8 миллиард теңгеден асқан.
Қазіргі қаржы пирамидаларының бұрынғыларынан басты айырмашылығы – ұйымдастырушыларының интернетті оңтайлы пайдаланып, халықты әлеуметтік желілер арқылы алдап соғуы. Оған мысал ретінде биыл интернетте кең таралған «Қазан» немесе «Қара касса» қаржылық пирамидаларын да атауға болады. «Қазан» мен «Қара касса» қатысушыларды 14 300 теңге салып, тағы екі адамды тарту арқылы үлкен табысқа кенелесіз деп сендірген. Бірақ аталған қаржылық пирамидалар ІІМ жүйесіндегі ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға маманданған бөлімшелер арқылы әшкереленді.
Соңғы жаңалықтарға сәйкес, халыққа пайызсыз баспана алып береміз деп сендірген, Қазақстанның 17 қаласында филиалы бар қаржы пирамидасының да қызметі тоқтады. Ол пирамида тұрғын үй алғысы келетін азаматтарға 180 мың теңге көлемінде кіру жарнасын төлеп, 10 ай бойы айына 50 мың теңгеден төлем жасауды ұсынған. Белгілі болғандай, бұл ұйымға адамдар 3,9 миллиард теңге салып үлгерген. Осы іске байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзіретті органдар әлі күнге дейін кооперативтің ресми атауын мәлімдеген жоқ. Қаржылық пирамидалар пайызсыз несие, қыруар пайда, арзан баспана деп халықтың әлсіз тұстарын дөп басатыны жоғарыда берілген мысалдардан-ақ белгілі. Себебі халықтың қаржылық сауаты мен табысының төмендігі, сондай-ақ ашкөздігі мен сенгіштігі қаржылық пирамидалардың күні бүгінге дейін жемісті қызмет атқаруына мүмкіндік береді. Сондықтан оңай пайдаға кенелемін деп алаяқтардың құрығына түсіп, қаржы пирамидасының құрбанына айналмас үшін оның белгілеріне назар аударуды ұсынамыз.
Қаржы пирамидасының белгілері: Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – үлкен пайда, үстеме табыс. Кез келген азамат Ұлттық банктің сайтынан елдегі әр ай үшін депозиттер бойынша орташа өлшемді мөлшерлемелерді көре алады. Депозиттер қазір Қазақстанда ең көп дегенде жылына 10%-бен тартылады. Егер уәде етілген табыс осы сомадан кем дегенде екі есе артық болса, күмәндану керек. Табыс көлемі неғұрлым көп көрсетілсе, соғұрлым инвестицияларды жоғалту қаупі жоғары.Пирамида стартта деп алдау. Әрбір пирамида төрт кезеңнен тұрады: бастау, өсу, дағдарыс, құлдырау. Алаяқтар көп жағдайда қазір пирамида стартта және жақсы ақша табу мүмкіндігі бар деп сендіреді. Бірақ пирамида циклі қай сатыда екенін анықтауға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ циклге қарамастан, ең жақсы салымшыларға алғашқы 1-2 салымы қайтуы мүмкін, бірақ оған да кепілдік жоқ. Компанияның нақты экономикалық қызметі жоқ. Пирамидалар туристік, құрылыс, несие, тауар компаниялары ретінде жасырылады. Сондай-ақ пирамиданың алғашқы инвесторларына төленетін барлық төлем жаңа инвесторлардың салымынан түседі. Мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ. Яғни, мұндай компаниялар әдетте қайта құрылған болады, қаржылық есебі болмайды. Шарттары заңнамаға сәйкес келмейді, ұйымдастырушылардың пайдасына жасалады. Келісімшарттың заңдылығын ақша салмас бұрын заңгер көмегімен тексеруге болады. Ал ақысыз негізде Ұлттық банктің немесе Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қоғамдық қабылдау мамандары көмектеседі. Компания қызметінің тым жан-жақты болуы. Мысалы, инвестиция, бағалы қағаздар, жер учаскелері, халық тұтынатын тауарлармен бір мезгілде айналысуы күмән тудыруы керек. Себебі ол да қаржы пирамидасының бір белгісі болуы мүмкін.
Қаржы пирамидаларының пайда болу табиғатын зерттейтін сарапшылар шартты түрде олардың қызметінен зардап шеккен барлық қатысушыларды екі топқа бөледі. Біріншісі – қаржылық сауаттылық деңгейі төмен адамдар. Екіншісі – саналы түрде тәуекелге баратын, олар пирамиданың жоғарғы сатысындамыз деп үміттенетін және оның құлдырауына дейін “ақша табуға” уақыт бар деп санайтын азаматтар. Өйткені, мұндай компаниялардың заңсыз инвестициялық қызметінің классикалық ерекшеліктері – жарналары бұрын тіркелген мүшелерді төлеуге негіз болатын тағы бірнеше салымшыны келтіру міндеттемесі.