Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы

17 просмотров

Құрметті жерлестер! 2023 жылды табысты аяқтап, жаңа жылды қарсы алдық. Өткен жыл облысымыз үшін табысты жыл болды. Түркістанды жаңа заманмен үндестіре түлету, сондай-ақ облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыстар толассыз жүргізілді.
Осы орайда, өткен жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындап алудың сәті келіп отыр.
Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жергілікті өкілді орган. Бүгінде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихаттар маңызды рөл атқарады.
Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылы сәуір айынан бастап жаңа сегізінші шақырылымдағы мәслихаттар жұмысына кіріскен болатын. Облыстық мәслихатқа 46 депутат сайланды.
Сонымен қатар, 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды.
Жалпы, мәслихаттардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдау тұрғысынан қосар үлесі өте зор.
Осы тұрғыда, өткен жылы облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданды, оның ішінде 29 шешім (нормативтік құқықтық акт) облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті.
Қабылданған әрбір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.
Атап айтқанда, 2023 жылы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 10 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 91 мәселе қаралды.

Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 8 отырысы өткізіліп, 44 мәселе қаралды.
Сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 4 рет нақтыланды.
Депутаттардың белсенділігін арттыру мақсатында регламентке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
14 мемлекеттік мекеменің есептері тыңдалды. Есебі тыңдалған мекемелердің жұмыстарын зерделеу үшін алдын-ала арнайы уақытша депутаттық топтар құрылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсем, депутаттық топтар өткен жылдың 23-31 мамыр аралығында өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы спорт нысандарының, 2023 жылдың 14-28 тамыз аралығында барлық аудан, қалалардағы білім саласы мекемелерінің жағдайымен танысып, жұмыстарына зерделеу жүргізді.
Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен білім басқармасының жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға берілді және тиісті ұсыныстар жолданды.
Одан бөлек, облыстағы уран өндіруге бөлінген жер учаскелері, экологиялық жағдай және кәсіпорындардың әлеуметтік-экономикалық дамуға төлемдері туралы мәселені қарадық. Арнайы құрылған уақытша депутаттық топ «КазАтомПром Сауран» компаниясына іссапармен барды.
Зерделеу жұмыстары кезінде 10-15 жылдан бері уран өндіретін компаниялар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына біржолғы төлемді ең төменгі шекте төлейтіндігі анықталды.
Депутаттар облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, министрлік пен уран өндіретін мекемелер арасында жасалған келісім-шарттарды қайта қарап, әлеуметтік-экономикалық дамуға төленетін төлемдерді инвестиция көлемінен 2 пайызға ұлғайтуды ұсынды. Нәтижесінде «КазАтомПромСауран» компаниясы келісім-шартты өзгертіп, төлемді инвестиция көлемінен 2 пайызға көтерді. Қалған компаниялармен жұмыстар кезеңімен жүргізілуде.
Сондай-ақ, депутаттар сессияларда саяси маңызды мәселелерді де қарап, шешімдер қабылдады.

Солардың ең маңыздысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес, облыстық мәслихат 2023 жылы пилоттық режимде әкімдердің тікелей сайлауы өтетін аудан, қалалар тізбесін және сайлау күнін белгілеп, шешімдер қабылдады. Шешімдерге сәйкес, 2023 жылғы 5 қараша күні Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Созақ аудандарында әкімдер сайланды.
Одан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес саяси партиялардың ұсыныстары негізінде аумақтық сайлау комиссиясының 7 мүшесін сайладық. Жаңа құрам жыл басынан жұмысын бастап, төрағасы мен оның орынбасарын, хатшысын сайлады.
Сонымен қатар, Түркістан облыстық тексеру комиссиясы ұсынысымен тексеру комиссиясының мүшесі ретінде Н.Тағаевты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ұсынысымен Түркістан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына Ғ.Тәпеевті тағайындау туралы шешімер қабылдадық.
Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдады.
Оның 231-і немесе 63% қанағаттандырылып, орындалған. Қалған 130-ы орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде депутаттар 1400-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізіп, 5000 жуық азаматты қабылдады.
Қабылдауларда көтерілген мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті ұсыныстар жолданды.
Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.
Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан барлығы 148 өтініш келіп түскен, оның ішінде 121-і жеке тұлғалардан, 27-і заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.

Сонымен қатар, 2023 жылы облыстық мәслихат аппаратының кеңсесіне 1425 құжат келіп түсті. Келіп түскен кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 1334 шығыс хат-хабарлар жолданды.
Баршаңызға мәлім, халықтың ұсыныс тілектері бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде мәслихаттардың орны ерекше.
Осы орайда, есепті кезеңде тұрғындарды толғандыратын мәселелер бойынша облыстық мәслихат қабырғасында 13 жиын өткізіліп, тиісті органдарға 24 хаттамалық ұсыныстар берілді.
Бүгінде ол ұсыныстардың 15-і орындалып, 9-ы бойынша жұмыс жүргізілуде.
Одан бөлек, депутаттармен бірге медиа-орталықты, облыстық клиникалық аурухананы, Түркістан жоғары медицина колледжін, «Тұран-Cу» мекемесін, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын аралап, тыныс-тіршілігімен таныстық және мәселелерін тыңдадық.
Нәтижесінде, облыстағы Қазығұрт және Ордабасы аудандық ауруханаларының, Кентау қалалық орталық ауруханасы мен №1 облыстық перинаталдық орталығының 2022 жылғы желтоқсанда аяқталуы тиіс болған күрделі жөндеу жұмыстарының ертерек аяқталуына ықпал еттік.
Жедел-жәрдем станциясын аралау кезінде медициналық аппараттардың жетіспеушілігін көріп, депутат М.Тұрысбеков құны 55 млн. теңгеге өкпені жасанды желдету аппаратының 5 данасын сыйға тартты.
Сонымен қатар, «Тұран-Су» мекемесіне баратын жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен тиісті қаражат қаралды.
Одан бөлек, депутаттар облыстық клиникалық ауруханасының эндокринология бөлімшесі қызметімен танысып, медицина саласы қызметкерлерімен пікір алмасты. Бөлімше қызметімен танысу барысында дәрігерлер эндокриндік сырқатпен ауыратын адамдар саны жыл сайын шамамен 8 пайызға өсіп жатқандығын, соның салдарынан пациенттерді станционарға жоспарлы жатқызу, емханаға тексерілу және кеңес алу ұзақ уақыт алатындығын жеткізіп, эндокринология бөлімшесін бөлек диспансер ретінде құруға ықпал етуді сұрады. Осы мәселе бойынша біз облыс әкіміне ұсыныс енгіздік. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, өткен жылы желтоқсанда бір топ депутаттармен Кентау қаласындағы жылумен қамту жұмыстарымен таныстық. Қаланың тұрғын үйлерін, мектептер мен емханаларды аралап, жергілікті халықпен тілдестік. Тұрғындардың мәселелерін назарға алып, қаладағы жылудың уақтылы және тұрақты берілуін бақылауға алдық.
Жалпы, осындай аралау кезінде анықталған мәселелердің шешілуіне депутаттар барынша атсалысып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы – мақтаны көп мөлшерде өндіретін еліміздегі жалғыз аймақ. Сондықтан, мақта жиын-терімі өңіріміздегі өзекті мәселе. Осыған орай, Түркістан облысы әкімі Д.Сатыбалдының бастамасымен Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары бойынша 3 жұмысшы топ құрылып, Шардара ауданындағы жұмысшы топқа жетекшілік еттім. Жұмысшы топппен мақта егетін 8 ауылдық округтердегі 40 мақта қабылдау пунктерін бірнеше рет аралап, шаруалармен және халықпен кездестік. Аралау кезінде диқандар мен шаруаларға мақталарын әділ өткізуге қолдау көрсетіп, шаруаларды мазалайтын мәселелердің оңынан шешілуіне атсалыстық.
Түркістан облыстық мәслихаты қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен халықты ақпараттандыру мақсатында есепті кезеңде өткен барлық 8 сессияның онлайн-көрсетілімдері «Youtube» платформасында көрсетілді.
Құрметті оқырмандар! Жаңа шақырылымдағы облыстық мәслихат 2023 жылы біршама жұмыстарды атқарды. Әлі алдымызда атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар бұдан да көп.
Соның бірі, депутаттардың белсенділігін арттыру мақсатында осы жылғы ақпан айына халық қалаулыларының аудан, қалаларда есеп беру кестесін әзірлеп, бекіттік. Бұл кесте Заңға сәйкес дайындалды. Мұндай кездесулер алғаш рет болғалы отыр, алда тұрақты негізде өтетін болады.
Сонымен қатар, 19 мемлекеттік мекеменің есебін тыңдау, аудан, қалалардағы өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өкілді билікті одан әрі цифрландыруды қамтамасыз ету» бойынша берген тапсырмасына сәйкес мәслихат сессияларында дауыс беру процесін электрондық нысанда жүргізу бойынша мәжіліс залын қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, жоспар бойынша барлық жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алдағы уақытта да депутаттар өңір халқының қолайлы ортада өмір сүруі үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолындағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Себебі, бізге сенім білдірген халық алдында үлкен жауапкершілік бар екендігін жақсы сезінеміз.
Сондықтан, өңіріміздің тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге барынша атсалысып, облыс әкімдігімен бірге құстың қос қанатындай ынтымақтаса аянбай еңбек ете береміз.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы
Әбішов Нұралы Әлмаханұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.