ТҮРКІСТАННЫҢ ТОҒЫЗ ТЫЛСЫМЫ ТАНЫЛДЫ

8 просмотров

1-ТЫЛСЫМЫ:

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕСЕНЕ ӘЛЕМДІК ТОП-100 МИСТИКАЛЫҚ ОРЫНДАР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

Испанияның ең танымал газеттерінің бірі саналатын «El País» газетінде американдық фотограф Мартин Грейдің әлемдік мистикалық жерлерді іздеудегі 40 жылдық саяхатына негізделген «Secret Sacred Sites» кітабы туралы мақала жарық көрді. Оның таңғажайып 100 жерді сипаттайтын жаңа кітабы саяхатшылар мен жұмбақ іздеушілер үшін шабыт көзі болып отыр. М.Грэй ұсынған орындардың ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше орын алады. 2008 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қазақстаннан бірінші болып енген бұл кесене киелі өнер мен руханияттың символы деп бағалануда. Мартин Грей: «1389 жылы Темірлан салдырған кесене 12 ғасырдағы бұрынғы кесененің орнын толтыруға арналған аяқталмаған ғимарат. Бұл орын Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келетін діндарлар үшін әйгілі түркі ақыны және сопы мистигінің мұрасын зерттеу үшін зиярат орталығына айналған. Менің кітабым нұсқаулық емес, керісінше киелі жерлерді іздейтіндерге шабыт көзі деп бағалаймын. Саяхатшыларға алдымен елді таңдап, сосын кітаптан зиярат ететін киелі жерлерді іздеуге кеңес беремін».

«El País» газетінде жарық көрген мақала мен Мартин Грейдің кітабы біздің жаһандық мәдени мұраларымыз тек өткенді ғана еске салмай, бізді шабыттандыратын теңдесіз қайнаркөз екенін еске салады. Грейдің айтуынша, біздің ортақ мәдени және рухани мұрамызды түсінудің кілті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты жерлерде жатыр. Бұл әрбір саяхатшы өзінің бір бөлігін таба алатын тыныштық пен рефлексия оазисі екені сөзсіз.

 

2-ТЫЛСЫМЫ:

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ АМЕРИКАДАН ТАБЫЛҒАН ҚОЛЖАЗБАСЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің Америкадан табылған қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарғандығын мәлімдеді.

«Рисала Мират әл Кулуб» кітабының түпнұсқасы ХІІ ғасырда араб графикасымен түркі тілінде жазылған. Қолжазба «Диуани хикметке» қарағанда проза түрінде жарық көрген. Үш тараудан тұратын шығарма әділдік, адалдық, ізгілік сияқты гуманистік құндылықтарды сипаттайды. Қазіргі уақытта мамандар Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасынан табылған XVIII ғасырда көшірілген нұсқа мен бұрыннан бар түпнұсқаның ерекшелігін зерттеуде. Кітапты түптеу жұмыстары 3 аптаға созылды. Факсимильді көшірменің жекелеген беттері блок түрінде тігілген. Мұқабаға 3 мм картон қағазы мен ашық қоңыр түсті былғары қолданылған. Қолжазбаның ХІІ ғасырдағы түпнұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған.

Көнеден түркі халықтарының астанасы саналған Түркістан қаласы бүгінгі таңда облыс орталығы. Жаңа дәуірде жаңаша кейіпке енген тарихтың тұмар қаласы туралы түрліше құпиялар бар. Солардың ғылымға негізделген, тарихи тамыры айқын жеті құпиясын бұған дейін тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев ашқан болатын. Осы зерттеу мақаланы жастарға ашып көрсетуді ниет қылдық.

 

3-ТЫЛСЫМЫ:

КҮЛТӨБЕ

Күлтөбе дегеніміз Әзірет Сұлтан кесенесінен 300 қадам жерде орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе де, беткі бөлігі ғана қазылған. Қазба жұмыстары Түркі кезеңіне дейін ғана жетті. Бұл Күлтөбенің ескі атауы – Яссы. Оның төменгі қабаттары Тұран дәуіріне дейін барады. Бұл дегеніміз, біздің жыл санауымызға дейінгі 2 мыңжылдыққа апарады. Орыстың П.И.Рычков деген зерттеуші ғалымы 1730-1740 жылдары жазылған еңбектерінде Түркістан тарихына тоқталады. Сонда Түркістанның тарихы – бүкіл Орта Азия, Бұхара, Мауереннаһр мәдениетінен де ілгері болғанын ғұламалар айтқан екен.

Демек, адамзат өркениеті Түркістаннан, яғни Күлтөбе, Яссыдан басталғаны жазылады. Тіпті, мемлекеттердің осы жерден ескі құрлыққа тарағаны көрсетіледі. Мұның барлығын алдағы уақытта жүргізілетін қазба жұмыстары дәлелдесе керек. Мұны Түркістанның басты құпиясы санауға болады.

 

4-ТЫЛСЫМЫ:

БІРТҰТАС МЕГАПОЛИС

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларында Түркістанды «қырық қақпалы қарашық» делінген. Ескі Бұхара тарихында он қақпалы, ескі Ташкент тарихында бес қақпалы болғаны айтылады. Енді ойлаңыз, Бұхара 10 қақпалы болып, 100 мыңға жуық халқы болған. Ал, қырық қақпалы дегеніміз біртұтас, қазіргі тілмен айтқанда мегаполис болғандығы айқындалады. Егер, қазба жұмыстарын тереңдете түссе, қазіргі Түркістан маңындағы 32 қалашықты біріктірген ортақ қақпа табылуы мүмкін.

Өйткені, осынша қалашықты біріктірген биік қорғаны болғандай. Сонымен қатар, табиғи қорғандарды пайдалануы да мүмкін. Солтүстік жағынан Қаратау беткейі, оңтүстікте Сырдың өзені де қорған сияқты. Міне, бұл мегаполис есебінде болғанын көрсетеді. Бұл қай заманда болғанын іздесек, Тұран дәуірін еске алу керек.

 

5-ТЫЛСЫМЫ:

САУРАННЫҢ ЖЕРАСТЫ КӨНЕ ҚАБЫРҒАСЫ

Түркістанға ең жақын орналасқан ортағасырлық Сауран қаласы бақсадан соғылған. Әлі күнге дейін сол қорғандар бертін келе, Қазақ хандығының тұсында салынған.

Сауранның құпиясы қазіргі сыртқы қорғанында немесе көз көріп жүрген қабырғаларында емес. Оның құпиясы – Қарахан дәуірінде күйген кірпіштен жасалған, жер астында қалған көне қабырғасында тұр. Мұның өзінен өркениеттің уақыт өте келе әлсірегенін көреміз. Беткі қабатында салған қабырғалар, кірпішпен қаланса да, саз балшықпен соғылған. Ал, төменгі қабатта орналасқан қабырға Қарахан дәуірінде қызыл күйген кірпішпен салынған.

Бұл қаланың тағы бір қызығы – кәріз құбырлары. Бүгінде оның орындары сақтаулы. Енді оған реконструкция жасалатын болса, өте керемет болар еді. Кәріз жолдарын Түркістанға Үндістаннан әкелінген құлдар немесе ирандықтар жасаған деп айтылады. Ол кәріз жолдарына «апан құдықтар» бірнеше жерден қазылып, оның астынан судың арығы қазылған. Апан құдыққа сатымен түсіп, ішіне отыруға болатыны күннің аптап ыстығында салқындап отыруға мүмкіндік берген. Қазіргі Түркістанның қасында Кәріз деген қышлақ (қыстау) бар. Сол Кәріздің қасында Алаңбұлақ атты бұлақ көзі орналасқан. Сонда Алаңбұлақтан Түркістанға дейін оншақты «апан құдық» қазылған. Ойлаңыз, Түркістан жаугершілік заманда жерасты арықтары арқылы келген құдықтардан су ішіп күнелткен.

 

6-ТЫЛСЫМЫ:

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖЕТІ «НАҚ»

Қала өмірінен хабары бар ағайын, мұнда «нақ» сөзінен аяқталатын мекен атаулары көптеп кездесетінін біледі. Келесі құпиясы осындай жеті «нақтың» орналасуы. Олар – Сығанақ, Сунақ, Қарнақ, Жайнақ, Тошанақ, Шорнақ, Шобанақ сияқты қалашықтар болған. Бұлар Түркістан өңірінде айнала орналасқан. Ерте замандарда жеті нақтың арасын жалғайтын жерасты жолдары болған.

Біз қазір аңыз етіп жүрген жерасты жолдары шынымен де болған. Мұны қазба жұмыстары дәлелдеп келеді. Тіптен, Сығанақ пен Қарнақ арасындағы жерасты жолын өз көзіммен көрдім. Мысалы, «Ахмет Яссауи қылуетке түскен уақытында Сайрамға барып келеді екен-мыс» деген жергілікті халықта әңгіме-аңыздар болған. Олардың шегендеп салынып, арнайы ауаны ішке кіргізетін арнайы қондырғылар болғанын дәлелдейді. Бүгінде қондырғылар жабылып қалғандықтан ол жақты демалу тіптен қиын.

 

7-ТЫЛСЫМЫ:

СЫҒАНАҚ ТА ЖЕКЕ МЕГАПОЛИС БОЛҒАН

Қырық қақпаны іздей бастағанда Сығанақты айту керек. Сығанақ – қазақ тілінде «Сунақ», жергілікті өзбек,сарт тілінде «Суғынақ» деп айтады. Содан парсы жазбаларында «Суғынақ» болып кеткен. Сығанақтың тарихы қызықты. Қасым хан кезінде Мұхаммед Шайбаниге еріп Фазаллах Рузбихан деген ғалым келген. Өз жазбаларында бұл ғалым қазақтар туралы көп мәліметтер береді. Сонда: «Базар күндері базаршыларға арнап таңертең 500 түйе сойылады. Тек қана кебаб жасау үшін. Кешқұрым одан бір жапырақ ет те қалмайды» деп көрсетеді. Ойлаңыз, Сығанақтың осыдан-ақ қандай ірі қала, тіптен бір мегаполис болғанын аңғаруға болады. Мыңдаған адам қоныстанып, мыңдаған адам сауда жасап келетін ірі қала болған.

Сығанақ өркениеті Түркістанмен тығыз байланысты. Кейінірек, бұл сауданың астанасы іспетті болған Сығанақ та құлады. Өйткені, сауданың барлығы мұхитқа көшті, кемемен жүретін болды. Ортағасырларда жүрген ортаазиялық шапқыншылықтар әсерінен біршама қалалар құлап, қирап, тып-типыл болып кеткен. Соның бірі – Сығанақ қаласы. Қазіргі күні қала тұрғындары «сунақ» деп аталады. Бұлардың бір бөлігі – өзбек, екінші бөлігі – қазақ, үшіншісі – қожа болып кетті. Міне, Сығанақты ашу арқылы, терең зерттеу арқылы сунақтардың шежіресін қалыптастыруға болады. Сол арқылы Түркістан өңірінде қоныс тепкен баталас түрлі руларды кері қайтаруға, түп негізі қазақта екенін табуға мүмкіндік туар еді. Бұл қазақтың этникалық тарихына үлкен үлес болар еді.

 

8-ТЫЛСЫМЫ:

ҚАРНАҚ – ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ БОЛҒАН

Қарнақ пен Сығанақ арасы жерасты жолдарымен байланысқан. Осы Қарнақтың өзінде ХХ ғасырдың басына дейін үлкен 4 медресе, 20 шақты мешіт болған. Бұл Қазақ хандығынан бері қызмет жасаған ғылым ордасы деуге болады. Ең соңғы Қарнақта білім алған қазақ төрелері – Кенесары мен Наурызбай. 18 ғасырдағы Ақтабан шұбырындыға дейін Бұхар жырау Қалқаманұлы профессор деңгейінде қызмет жасаған.

Қарнақтың жанында үлкен қорым жатыр. Имам Бахауи деп аталады. Осы зиратта ескі жазумен жазылған көк тастар жатыр. Осыларды зерттесек, көне араб жазуларының, орхон жазуларының нұсқалары табылуы тағы мүмкін. Бұл зиратты тек ислам дәуірімен ғана байланыстырмау керек. Өйткені мұнда исламға дейінгі кезеңнің де ескерткіштері мол. Дәл осы Қарнақтан ХҚТУ-дың ғылыми зерттеу лабораториясы ашылса дұрыс болар еді.

9-ТЫЛСЫМЫ:

ИҚАН – ОҒЫЗДЫҚ ӨРКЕНИЕТ ЕСКЕРТКІШІ

Түркістан маңайында Иқан деген ауыл бар. Иқан – оғыздық өркениеттің ескерткіші. Егер де ортағасырлық оғыз тілін зерттегісі келген адам Иқаннан бастауы керек. Мен осыдан 20-25 жыл бұрын барғанымда Иқанда ескі махалла (көшелер) бартын еді. Сол көшелердің бір-екеуін музейдің экспонаты ретінде сақтап қалуға болар еді. Өйткені, көшенің екі жағы қабырға, айналадан түк көрмейсіз. Көше жаққа үйлердің бірде-бір терезесі қарамайды. Көшеден аулаға кіргенде, әрбір ауланың кішкене арықтары болып, өз тіршілігін жасай береді. Көшеден ештеңені аңғармайсыз да.

Бұл ескі бір қалашықтарды еске түсіретін ауыл. Мүмкіндік болса, мұны сақтаған абзал. «Әзірет-сұлтан» музей қорымы, ХҚТУ-дың зерттеушілері осыларды сақтап қалуға ат салысса дұрыс болар еді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.