Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев кәсіпкерлерді жеке мәселесі бойынша қабылдады. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап департамент кәсіпкерлер палатасына келіп түскен арыз-шағымдардың оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда. Жалпы былтыр жоба бойынша 77 кәсіпкердің арызы қаралып, 39 мәселе шешімін тапқан. Қалған мәселелер заң шеңберінде тиісті сала мамандарының қатысуымен қаралу үстінде.
Одан бөлек, жиында кездесуде «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Түркістан филиалы мен «СК Парасат» ЖШС арасында түзілген келісім-шарт негізінде туындаған кедергілер бойынша мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі жасау фактісі немесе сыбайлас жемқорлық деректеріне заң аясында зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін департаментке арыз қалдыру ұсынылды.
Жиын соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Зухра Амирова мәселелердің оң шешімін табуы — мекеменің назарында болатындығын жеткізді.
Айта кетейік, жеке кәсіппен айналысқысы келетін жандардың көбінде немен айналысамын, қалай бастаймын, кеңесті қайдан аламын, кімнен үйренемін деген сауал туындайтыны белгілі. Кітаптар, семинарлар, тренингтерді таңдау керек пе әлде бизнесі бар танысыңның дәріс-тәлімінен өту қажет пе? Таңдау оңай емес.
Аталған тәсілдердің әрқайсысы да маңызды. Тәжірибелі кәсіпкерлердің дәрісін тыңдау арқылы көп нәрсені үйренуге болады, дегенмен егжей-тегжейлі берілмеуі мүмкін. Осы ретте бизнес-тренингтер мен жобалардың орны бөлек.
Кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсетіп отырған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылық сауаттылықты арттыру мен кәсіпкерлікке баулуда бірнеше жобаларды қолға алып, түрлі семинарларды өткізіп келеді. «Бизнес-Насихат» жобасымен мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізудің шарттары туралы түсіндіру» құралдары бар. «Бизнес-Насихат» жобасы арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында қалың көпшілікке мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру, кәсіпкерлік идеясын тарату көзделген. Бағдарлама аясында жүзеге асырылған табысты жобалар мен кәсіпкерлерді таныстыру, кәсіпкерлікке қатысты заңнамалар мен реттеуді түсіндіруді де қарастырады.
Сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнес–мектеп» құрауышы аясында «Бизнес–Кеңесші», «Бизнес–Өсу» оқыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
«Бизнес–Кеңесші» кәсібін жаңадан бастағандарға арналған екі күндік оқу курсы болса, «Бизнес–Өсу» кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскерлерге арналған 5 күндік оқыту жобасы. Сонымен қатар тәлімгерлік қағидасымен оқу жобасы 2 айға созылады.
«Бизнес–Мектеп» құрауышы аясында аталған оқыту жобалары шағын қалаларда, аудан орталықтарында, сонымен қатар Астана, Алматы, Семей, Түркістан қалалары мен облыс орталықтарында жүзеге асырылады.
«Кәсіпкерлік палатасында бизнеске баулитын бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. «Бизнес–Кеңесші» жобасы 2 күнге арналған. Бірінші күні — экономикалық блок, онда бизнес-ойды қалыптастыру, қаржыны, залалсыздық нүктені, ең төменгі көрсеткішті есептеуді қарастырамыз. Сонымен қатар маркетинг тұрғысынан да білім беріледі. Заңнамалық реттеу, жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу, олардың айырмашылықтары, салық төлеу, оның тәртіптері секілді бағыттар жан-жақты түсіндіріледі. Кәсіппен айналысушылардың көбі алдымен істі бастап алады. Осы курстардан өткеннен соң, туындаған сауалдарына жауап алады», – дейді Мәлік Мұсабеков. Сонымен қатар өңірлердегі Кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер мектебі» құрауышын да жүзеге асырып келеді. Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу, жастарды кәсіпкерлікке тарту, олардың біліктілігін арттыруға негізделген.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметтіне сәйкес, елімізде республикалық деңгейде 20-дан астам мемлекеттік жоба іске асырылуда.
«Атап айтқанда, бұл «Бизнестің жол картасы-2025», индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, , «Еңбек», «Нұрлы жер», Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы. Олардың әрқайсысының өз міндеттері мен талаптары бар. Кейбір бағдарламалар мемлекеттік тапсырмалар мен тапсырыстар арқылы бизнеске жанама қолдау көрсете алады», – деп түсіндірді ҚҚҚ-да.
Сондай-ақ, қауымдастық квазимемлекеттік құрылымдар мен әкімдіктер тарапынан қолдау бағдарламаларын да мемлекеттік жобаларға жатқызуға болатынын алға тартты. Мысалы, «Даму» жобасы әкімдіктермен бірлесе отыра 24 өңірлік жобаны жүзеге асыруда.
«Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың көптігі және бірыңғай тізілімнің болмауы мемлекетке де, бизнес-қоғамдастыққа да жоғары дәрежеде әсер етпейді. Сондықтан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткіштері мен индикаторлары көп мемлекеттік бағдарламаларды дайындауды тоқтатып, халыққа түсінікті қысқа ұлттық жобалардың форматына көшуді тапсырды», — деп хабарлады қауымдастық.
Сонымен қатар, шағын орта бизнесті қолдау негізінен «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру» бағдарламалары аясында іске асады.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерлікті микрокредиттеу бағдарламасы басталды. Айналым қаражатына 5 млн теңгеге дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Осы ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі 6% мөлшерлемемен кепілсіз негізде беріледі. Бұл бағдарламалардың жалпы қоржыны 5 трлн теңгеден асады. Оның ішінде, «Бизнестің жол картасы» – 3,7 трлн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» – 637 млрд теңге, кәсіпкерлікке жеңілдікпен несие беру – 884 млрд теңге бөлінген.