ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

13 просмотров

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен отырыс өткізді. Мәжілісте Шардара ауданың экономикасын көтеру жолдары талқыланды. Өткен жылы ауданды дамыту бағытында атқарылған жемісті жұмыстар мен кездескен кемшіліктер сараланды. Облыс әкімі кемшіліктерді уақтылы қалпына келтіріп, жоспарларды жүйелеуді тапсырды.

– Ауданда суармалы жер бар. Орналасқан жері де кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай жатырсыздар. Терең ойланып, аянбау жұмыс істеу керек. Облыстың бағытын білесіздер. Ол – өндіріс орындарының санын арттыру. Жол, әлеуметтік нысандар салына береді. Ол міндет орындалуда. Бірақ кәсіпкерлік, өндіріс дамыса ғана жұмыс орындары ашылып, ел дамуы тұрақты болады. Ауданға инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашу, жағажай туризмін дамыту, ауыл шаруашылығы саласын көтеру бағытында жұмысты күшейтіңіздер. Балық, тауық шаруашылығын да дамыту қажет. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен дос болып, үнемі байланыста жүріп, қолдау көрсеткен жөн. Жұмыс орындарын ашу үшін осы бағытта жұмысты күшейту керек – деген Дархан Сатыбалды жолдарды сапалы жөндеу, білім саласындағы былықтарды жою, денсаулық сақтау саласындағы жұмысты жүйелеу жөнінде тапсырма берді.

Актив отырысында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ауданда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу нәтижесі туралы баяндады.

Жиында Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басшыларға Шардара ауданының экономикасын дамыту жөнінде жүктелген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындауға уақыт берді. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Айта кетейік,  Мемлекет басшысының айтуынша, білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады. «Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы, өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», – деді.

Сонымен қатар, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер әлі бар. Мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздегі республикалық маңызы бар ірі қалалардың саны бірден үшке дейін жетті. Бұрын ірі қала санатында Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар қалалар қатарына Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары қосылды. Сумен қамту индикаторы бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Атырау, Маңғыстау облыстарына тиесілі. Алайда ауылдық елдімекендерде әлі де шешімін күткен проблемалар жетерлік. Ең төменгі көрсеткіштер Павлодар, Қостанай облыстарында тіркеліп отырған көрінеді. Қазіргі уақытта барлық өңір жіті бақылауға алынған. Жаңа бағдарлама бойынша қаражаттың басым бөлігі осындай өзекті мәселелері көп өңірлерге бөлінеді деп жоспарланғаны қуантады.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2020 жылы 9 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген болатын. Бағдарламаның мақсаты – Басқарылатын урбандалу арқылы өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Бағдарламаның міндеттері де айқын:

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Биыл барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.