ТҮРКІСТАН: АУДАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

9 просмотров

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын іске асыру мақсатында Шардара ауданында қордаланған мәселелерді халықпен бірлесе отырып талқылып, олардың шешу бағытын қалыптастыру үшін арнайы мәжіліс өтті.

Мәжіліске Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Түркістан облысының жер ресурстарын бақылау департаменті, Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы және Шардара ауданының әкімінің орынбасары мен аудандағы орманды жанама пайдаланушы (мал жайылымына) жеке және заңды тұлғалар қатысты.  Бүгінде жеке және заңды тұлғалардан орман алқаптарын мал жаюға пайдалануға өтініштер түсуде. Жиында соларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесі де қаралды. Тұрғындар арасында шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу мақсатында өткізілген жиында тұщымды жауаптар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Осы жерге қазіргі уақыттағы 30 млн мал басын қалай бақса да болады?   Қазіргі уа­қытта, малдың кө­­­­бі қыстақ пен жайлау­дан гөрі ауыл маңында жайылады. Сон­дық­­тан ауыл маңайындағы 15-20 шақы­­рымға дейінгі жерлер азып- тозып, та­би­ғи өнімділігі жыл са­йын төмендеп келеді. Осыдан қол­­даныстағы 80 млн гектардың 27 млн гектары деградацияға ұшы­­­ра­ған. Мал жайылымы кезең­дері мен жайылымдардың жалпы ала­ңы­на түсетін жүктеменің шек­ті рұқ­сат етілетін нормаларын бұ­зу, мал жаю ережелерін мүлдем елеу­­сіз қалдыру салдарынан ауыл ма­­ңа­йындағы жайылымдар тақыр жер­ге айналып отыр. Осыған бай­­­­­­­ланысты, зоогигиеналық ахуал­­ да шиеленісіп, мал арасында ауру­лардың көбеюіне әкеліп соқ­ты­руда. Осының нәтижесінде қа­жетті және толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігі азайды.

Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгі­ліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайы­лымдарды пай­­даланған. Мәселен, көк­темгі жайы­лымның нақты бір аума­ғында дәру­мендік шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шыққан. Осы жер­ге­ малды 10 күнге ғана жайған. Қазір­гі уа­қыт­тағыдай, жаздай бір жерді тап­тап мал қайырмаған, керісінше, ауыс­­палы жер технологиясын малдың ың­ғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерек­шелігі – жаз айларында малды жусанды жер­ге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайыл­майды, сондықтан оны мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Есесіне, қыс­тың бас кезінде жусанды жайылымды мал­дың иммунитетін көтеру үшін қолданған. Тек қана қараша айында, бірінші ақ ұлпа қар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жусанда бағылған төрт түлік қыстай ауру­ларға шалдықпай, күйі таймаған. Қыс­қасы, жыл он екі айды малдың жайы­­на қарай бөлген. Нәтижесінде мал ба­сы көбейіп, табиғаттың тепе-теңдігі сақ­талған.

Заң аясында еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерек­шеліктерін, тарихи қалыптас­қан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудан­дық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бір­­лесіп жайы­лымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жос­­парды жасайды. Жос­парда ауыл округінің мал жайылатын жайы­лымдарының көлемі анық­­­талады, оның нормадан тыс пайда­ланылатын жерлерін, жері бар, бі­рақ мал бағылмай бос жатқан жер­дің иелерін анықтап, сол ар­қылы жайылымдық жерлерді, жа­йы­лым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды рет­теп, нормативтік талаптарға сәй­кестендіреді. Жоспар жергілікті өзін өзі басқару органында және аудан­дық мәслихаттың отырысында қаралып бекітіледі. Бұл құжат әді­лет органдарында тіркелуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жер­лерді игеруде әр өңірдің өз жос­парына сай заңнамалық нормалар жұмыс істейтін болады. Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей, үш деңгейлі жайы­лымдық жерлерді пайдалану­ қа­растырылған. Біріншісі – ауылд­ық­ елді мекендердің аумағы ше­гінде орналасқан жерлерді пай­далану. Олардың жалпы көлемі қазіргі уақытта шамамен еліміз бойынша 23 млн гектарды құрайды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына тек қана сауын мал ба­сын ұстау бойынша мұқтаждықты қанағаттандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен бұл жайылымдарда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат еті­летін нормалары сақталуы қа­жет, яғни жайылымдарда ба­ғы­латын мал­дың 1 гектарға шақ­қан­дағы үлесі нор­мативтен аспауы тиіс. Егер де нор­мадан асса, мал екін­ші деңгейдегі жайы­лымға не­месе ауылдық округтің же­рі­не шығарылады. Ал қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі мал­дың 80 пайызы жайылуда. Бұл жағдай ауыл маңындағы жа­йылымдардың тозуына себеп бо­лып отыр.

Екіншісі – ауылдық округтер шегін­дегі жерлерді пайдалану. Олардың кө­лемі шамамен 60 млн гектарға жуық. Олар­ға ауыл­дық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен ай­рықша күзе­тілетін аймақтар кәсіп­орындарының жер­лері жатады. Бұлардың көбінде малы жоқ, бірақ малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей өз жеріне жібермейді, өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшылықты шешуге мүм­кіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер заң тәртібімен реттеліп жайылымдық жер­лері жоқ, бірақ мал басы бар ауыл тұр­ғындарына беріледі.

Үшіншісі – шалғайдағы жайы­лым­­дар. Олар толығымен мемлекет менші­гінде. Олардың жалпы ауданы 100 млн гект­ардан асады. Бұларды шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда оған мал бағуға әлеу­меттік-экономикалық жағдайына бай­ланысты қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жер­гілікті ауыл округі және аудан әкім­дігі өзін өзі басқару органымен бір­лесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құ­рады. Мәселен, бір ауылдағы бірнеше отбасының уақ малын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа мал­дың түрлерін де осылайша бірлесе белгілі бір жайылым­да­ қайырмалап бағуға болады. Әрине, бұл жерде барлық жұмыс­тар зооветеринарлық талап­тар­ға сәйкестендіріліп ұйымдас­тыры­лып, шалғайдағы жайы­лымдар­ды қолдануға мүм­кіндік болады. Ол ауылдарда кооперативті ұйым­­­дар­ды және шағын орта бизнесті жан­дандыруға жол ашады. Бұл шара жайылымдық жерлерді тиімді пай­далануға, олардың то­зу процестерін бол­ғызбауға, нә­ти­­­жесінде жыл бойы сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өн­діруге мүмкіндік береді. Бұған қо­са, жайылымдарды ұтымды пай­далану үшін заң шеңберінде оларды түбегейлі жақсарту мә­селесі қарастырылған. Ол­ үшін шы­ғымдылығы жоғары көп­­­жыл­­дық шөптердің сорттарын егу ар­қылы жаңа шалғын өсіру көз­делген. Сонымен қатар екпе жайылымдарының көле­мін ұл­ғайтып, шығымдары жоғары шал­­ғын өсіріп, оларға ұтымды агро-техни­калық іс-шараларды қол­данып, ғылыми негіз­делген жүйе­сін дамытуға жол ашады. Бұл жерде шығатын қорытынды – агросекторға технологияны меңгерген ма­­мандар ауадай қажет. Одан әрі су мәсе­лесін шешу – өзекті. Қосымша су қойма­ларын орнатуды, геоботаникалық зерттеу­лер, жерасты суына геологиялық тұрғыда зерттеулер жүргізуді қолға алып, нәтижеге жұмыс істейтін болсақ, агросектордың қан тамырына адреналин келетін күн алыс емес.

Сондай-ақ Түркістан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев жайылымдық жерлер мен оны пайдалану бойынша заңдылықтарын түсіндіріп, ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда, Шардара орман шаруашылығы КММ-нің иелігіндегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің көлемі 891 581 га құрайды. Соңғы жылдары мал шаруашылығын өсірумен айналысатын шаруалардың өтініш-талаптарын қанағаттандыру мақсатында, 600-700 мың гектарға жуық орман шаруашылығы жерлерін жанама пайдалануға беріліп келеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.