ТҮРКІСТАН: ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП ИНДУСТРИЯСЫ — ҚУАТТЫ ӨҢІРДІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

18 просмотров

Түркістан облысының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осы тұрғыда облыс әкімдігінің қолдауымен «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС құрылысын аралап көрді.

– Облыс экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңдеу өнеркәсібін өркендету – міндетіміз, – деді облыс әкімі.

Жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыма бұрғыланды.

Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.

Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 га жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.

Бұдан бөлек облыста жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясы тағы 2 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның бірі – «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.

Сауран ауданында да сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 млрд. теңге қаржы қаралып «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы несиелендірілетін болады.

«Қуатты өңірге» айналып келе жатқан Түркістан облысының инвестиция тарту деңгейі жоғары. Шаруашылық пен өнеркәсіпке қолайлы мекеннің болашақты бұдан да зор табыстарға жететініне сенеміз. Мәселен жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Осы бағытта Түркістан қаласында «TUKISTAN» индустриалды аймағы құрылып, онда кәсіпорындар өз ісін жүргізіп отыр.  Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TUKISTAN» индустриалды аймағында болып, онда орналасқан «Golden Camel» зауытының жұмысымен танысты. Өңір басшысы зауытты әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және бұдан басқа да жаңа жобаларға ашық екенін жеткізді. Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, Түркістанда «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, тараптар кәсіпорынды қайта жандандыруды қолға алды. Кәсіпорын қайта іске қосылды. Инвестордың айтуынша, бүгінде Түркістанда шығарылған түйе сүті өнімдеріне Қытайда сұраныс жоғары.

Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады. Жылына 2500 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауытқа 7 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Өнімінің басым бөлігі шет мемлекеттерге экспортқа шығарылады. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК» АҚ – ы тарапынан «TURKISTAN» индустриалды аймағындағы Brownfield өндірістік ғимаратына инвесторлар тартылып, шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорны іске қосылды. Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысып, кәсіпорынды аралап көрді.

Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.

Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр. Бүгін аталған жоба да таныстырылып, өнімдер жұртшылық назарына ұсынылды.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөздер нәтижесінде өңірде бірқатар жоба жүзеге асады деп жоспарланған.

Мұнымен қоса Түркістан облысында өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін облыс орталығындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында жиһаз цехы ашылды. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Біз өңірді зерделеу барысында жиһаз кластерін дамытуға мүмкіндік мол екенін білдік. Жиһаз өндірушілермен кездесіп, осы саланы дамыту жолын қарастырдық. Қолдауды күшейтіп, бүгін, міне «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынған Brownfield өндірістік ғимаратында жиһаз цехы іске қосылуда. Осы жобаны жүзеге асырған инвесторға алғысымызды айтамыз, кәсіпорын жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.  Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынғаны да көпшілік көңіліне қуаныш ұялатты. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Аталған өнеркәсіпте өндірілетін сэндвич-панельдер келешекте өңірдегі іске асырылатын жобалардың құрылысына қолданылады. Бастамаға сәттілік және табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 30-дан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасы биыл жүзеге асады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.