ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРІ ИЛОН МАСКТЫҢ STARLINK ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛА БАСТАДЫ

Түркістан облысының шалғай ауылдарында орныласқан мектептері елімізде алғашқылардың қатарында Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосыла бастады. Өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған. 33 мектеп жуырда оптикамен қамтылады.
Бұдан бөлек, 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с — 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Осы білім ұяларының 200-ден астамы Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңға желіге толық қосылып, Түркістан облысында мектептедегі интернет мәселесі толық шешіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезінде барлық орта білім беру мекемелерін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасының уақтылы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Осы орайда, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Қазығұрт және Төлеби аудандарына іссапармен барып, білім ұяларын сапалы интернет желісімен қамту жұмыстарымен танысты.
Алдымен, аппарат басшысы Қазығұрт ауданы, Еңбек елді мекеніндегі «Еңбек» жалпы орта білім беру мектебінде болды. Мұнда «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісі елімізде алғашқылардың бірі болып орнатылған. Интернет желісінің жұмысымен танысып, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен тілдесті.
– Елімізде алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының білім ұяларында Starlink спутниктік интернет желісі орнатыла бастады. Түркістан облысы әкімдігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, облыс аумағындағы радиокөпір технологиясы арқылы және төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған шекара маңында және шалғай, таулы аймақтарда орналасқан 330 орта білім беру ұйымын «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында 203 мектепте Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғылары орнатылған. Қалған мектептерде интернет желісінің құрылғыларын орнатуды биыл сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – деген Еркеғали Әлімқұлов қала мен ауыл тұрғындарының сапалы білім алуына бірдей мүмкіндік жасалатынын айтты.
Бұған дейін «Еңбек» жалпы орта білім беру мектебінде «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторының техникалық мүмкіндігіне қарай радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі интернет желісімен қамтылған болатын. Енді білім ошағы жылдамдығы 200 Мбит/с жоғары болатын Starlink спутниктік интернетімен қамтылды.
Аппарат басшысының аудандарға жұмыс сапары Төлеби ауданында жалғасты. Ол Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Сұлтанрабат елді мекеніндегі «Жыланбұзған» жалпы орта білім беру мектебін интернет желісімен қамту жұмыстарын тексеріп, мектеп ұжымымен және оқушылармен кездесті. Аталған мектеп бұған дейін радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі интернет желісімен қамтылған еді. Бүгінде мұнда «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернеті орнатылды. Енді мектеп ұжымы мен оқушылар интернет желісін кедергісіз қолдануға мүмкіндік алды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары ел Президенті мен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Бұл бастама Түркістан облысының әрбір оқушысы үшін тең мүмкіндіктер жасау арқылы, білім беру процесін цифрландыру және цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы маңызды қадам болмақ. Жұмыстар жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы