ЕЛІМІЗ АМАН, ЖҰРТЫМЫЗ ТЫНЫШ БОЛСЫН!

Құрметті түркістандықтар!

Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Достығымыз ыдырамасын, татулығымыз берік болып, ынтымағымыз мәңгі жасай берсін!

Түркістан — түркі жұртының рухани демі, ізгілік пен иманның шамшырағы. Тарих тағылымы қаламыздың ежелден ілім мен ғылымның, өнердің ордасы болғанын көрсетеді. Ғұламалар мен даналардың мекені ретінде танылған қала ғасырлар бұрын қазақ хандығының астанасы да атанды.

Халқы — алауыз, елі — ерме болса, көне шаһар бұл қасиетті жәдігерін сақтай алар ма еді?! Әрине, жоқ!

Бабалардың салып кеткен сара жолы — бізге мұра. Тәуелсіздік алғаннан кейін де мемлекетіміз татулықты ту етіп, бірлігінен танған емес. Елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың жүрегі де, тілегі де бір арнаға тоғысты.

Құрметті жерлестер!

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толды. Сұрапыл жылдардың қасіреті тарихымызға боздақтарымыздың қанымен жазылды. Қайратын – қару, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы ұмытылмайды. Жеңіс күні – бейбітшілік пен қайсарлықтың, Отанын қорғаған жауынгер-сарбаздар айбынының, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтін белгісі болып қалмақ. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батырларымыздың рухына тағзым етеміз.

Бүгінгі бейбіт күн үшін біз жас өмірін жалын кешіп өткізген ардагерлерімізге, балалығын «Бәрі де майдан үшін!» деп еңбекке берген аға буынға қарыздармыз. Қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, Жеңісті жақындатқан аналарымыздың алдында басымызды иеміз.

Отанды қорғау, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың тыныштығын күзету – Қазақстан әскерінің абыроймен атқарып жүрген зор міндеті.

Ашық аспанымыз бен бейбіт заманымыздың қорғаны — өз міндетін адалдықпен атқарып жүрген айбыны асқақ әскерилерге, сарбаздарға алғысымызды білдіреміз! Тәуелсіздігіміз бен тыныштығымызды күзеткен ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын!

Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ,

Түркістан қаласының әкімі.

Ғаппар СӘРСЕНБАЕВ,

қалалық мәслихат төрағасы.

 

Құрметті түркістандықтар!

Сіздерді батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы сәт Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойындағы айрықша қасиет болып қалыптасқан. Халқымыздың толайым тарихында әр ғасырдың бедер-белесінде туған ел мен жерді көздің қарашығындай қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ұрпақтың азат өмірі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың өшпес даңқы мәңгі жасай бермек.

Батыр бабаларымыздан ұрпаққа мирас болған кең-байтақ даламыздың қай қиыры да құрбан болған жанның, қаһармандық ерлік істердің арқасында ел игілігіне айналып отыр. Осынау даңқты дәстүрді ұлағат еткен сардарлар мен сарбаздарымыз аманат етілген қасиетті жер мен бейбітбітшілікті сақтауда тәуелсіздігімізге кепілдік болар зор күшке ие! «Отан – оттан да ыстық» деген. Сондықтан да әскери адамдарға деген ерекше құрмет пен ілтипат көрсету – мемлекет пен әрбір азаматтың міндеті деп білемін.

Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі. Сонымен бірге, Ұлы Жеңіс күнінің де халқымыз үшін жөні мен жосығы бөлек. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды.

Бұл ретте ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында бүгінгі толқын яғни, біздер өлшеусіз қарыздар екенімізді бір сәтке де естен шығармауымыз қажет. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтала беретін болады. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі – осынау жанқияр ерліктің жемісі. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің сарбаздары бұл даңқты жоғары абыроймен жалғастырып келеді.

Осынау мерейлі сәтте аса қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін және қарулы күштер жауынгерлері мен ардагерлерін айтулы мереке күндерімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларына бақ-береке тілеймін!

Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Н.ӘБІШОВ,

Түркістан облыстық

мәслихатының төрағасы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *