ТҮРКІСТАН: ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР САН САЛАДА СЕРПІН АЛУДА

Бүгінде әлемнің көптеген елінің саясатында үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше сипатқа ие. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесіне қоғамдық қауымдастықты араластырмай түйткілді мәселелерді шешу мүмкін емес. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы үшінші сектор әлемдік трендтер бағытында дамып келеді. Яғни еліміздегі үшінші секторды қолдау мемлекет тарапынан да, бірқатар ірі компанияның қайырымдылық мақсаттағы ҮЕҰ арқылы да жүзеге асуда. Түркістан қаласында да ҮЕҰ-дардың жұмысы қарқынды жүзеге асуда. Осы аталған ұйымдардың даму барысы мен ерекшелігіне зер салу арқылы қазақ қоғамының болашағын да айқындау қиын болмайды. Бұл бағытта сонымен бірге бизнестің, фандрайзинг жүйесі, әлеуметтік желілер және масс-медианың рөлі маңызды екенін де айта кеткен жөн. Десек те соңғы кездерде осы бағыттағы ұйымдар қоғамның дамуына қаншалықты атсалысуда, жұмыс істеу тәжірибесіне мемлекет көңіл бөліп отыр ма деген сауалдар төңірегінде туындаған мәселелерге жауап іздеу барысында ауыл-аймақтарда үшінші сектор үлесін арттыру қажеттігін аңғарамыз. ҮЕҰ дерекқорының көрсеткіштері бойынша елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны бүгінде 25 мыңға жуықтаған. Көрсеткіштің 10 мыңнан астамын салықтық есеп ұсынған ұйымдар құрайды. Бірқатар дерек көзіне сүйенсек, белсенді ұйымдардың саны 5 мыңның айналасында. Бұл бағытта үкіметтік құрылымдардың жүргізіп отырған жұмысы ҮЕҰ дерекқорын жетілдірумен ғана шектелмейді. Бұл қадамдар мемлекет пен үшінші сектор және бизнес арасындағы ашықтықты да қамтамасыз ететін болады. Әрі ҮЕҰ тәжірибесінде қамтылмаған салаларды анықтап, қоғамның күш-жігерін сол бағытқа бұрудың маңызын көрсетеді. Сарапшылардың пайымдауынша, мәселе қоғамдық қорлардың көрсеткішін анықтаумен ғана шектелмейді. Қоғамдық қорлардың қандай да бір саладағы белсенділігі маңызды. Сонымен бірге қоғам мен азаматтардың мүмкіндіктерін, қолда бар ресурстары мен қажеттіліктерін талдаудың нақты құралы. Соңғы уақытта жергілікті басқару құрылымдары деректер базасына мәліметтерді ұсынбаған ұйымдармен азаматтық қоғамның басымдықтары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді белсенді қолға алған. Былтыр жастар саясатын дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен қоғамның әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету бағытында мемлекеттен үкіметтік емес ұйымдарға 1,8 млрд теңге бөлінді. Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдауға – 554,1 млн теңге, ал 305,4 млн теңге азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруға, 231,5 млн теңге – білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге, 214,2 млн теңге – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, 114,6 млн теңге – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Осы орайда гранттар мен сыйлықтар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандарын енгізуді бірқатар сарапшы үкіметтік емес секторды азаматтық қоғамның әлеуметтік міндеттерін шешудегі белсенді институттардың бірі ретінде танудың нәтижесі ретінде қарастырады. Үкіметтік емес ұйымдардың отандық тәжірибесіне тоқталған Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті, саясаткер Дос Көшім елімізде үшінші сектор жобаларын қолдауға грант беретін көптеген шетелдік ұйымдар мен елшіліктер де бар екенін еске салды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік қажеттілігі бар бағыттарға тендер арқылы қолдау көрсетіліп отыруының дәлелін елімізде жүзеге асып жатқан асыраушысынан айырылған отбасыларды, көп балалы аналарды қорғау, науқас балаларға, кемтар жандарға көмек көрсету мақсатындағы жобалар барысынан көруге болатынын айтады. Д.Көшім сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың негізгі бағыты пайдаға жұмыс істемеу екенін алға тарта отырып, өркениетті елдерде өз қаржысына немесе демеушілер есебінен жұмыс істейтін ұйымдардың көптігін негізге алды. Бұл елдерде азаматтардың көпшілігі бастаған ісіне бар ынтасымен кірісіп, нәтиже шығаруға, қолдауға, мұқтаж салаларға көмек қолын созуға дайын. Саясаткер атап өткендей, Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың алғашқы көрсеткіші «Семей – Невада», «Желтоқсан», «Азат» қозғалысынан бастау алады. Аталған ұйымдар қоғамға қажеттілігін әлдеқашан делелдеген. Ал саладағы жетіспейтін мәселе, енді-енді аяғынан тұрып келе жатқан көптеген қоғамдық ұйымға демеушілік көрсететін ұйымдардың аздығы. Бұл бағытта санаулы ғана азаматтарды айтып өтуге болады. Әрі олардың көпшілігі қайырымдылық жұмыстарын жария ете бермейді. Керісінше, спортшыға, әртіске қолдау көрсететіндер осы ісін жария ету арқылы өзінің танылмалдылығын арттырғысы келеді. Нашақорлықпен күрес, оларды емдеуге қолдау көрсету сияқты іс-әрекеттер сирек. Сондықтан да қоғамға қоғамдық ұйымдардың қажеттігі мен атқаратын рөлін түсіндіру жұмыстары жүргізілгенде ғана мемлекеттік билік, бизнес және үшінші сектордың өзара ықпалдастығы арта түспек. Әлемдегі бақуатты елдер тәжірибесінде үшінші сектор қалай жұмыс істейді? Осы сауал негізінде үкіметтік емес ұйымдардың рейтингіндегі алғашқы ондықтың жұмысына зер салған саясаткер Айдос Сарым Солтүстік Еуропа елдеріндегі қоғамдық ұйымдардың құпиясына тоқталды. Бұл елдерде кез келген азамат кем дегенде үш-төрт қоғамдық ұйымның мүшесі болады. Яғни шағын ғана аудан орталығында жергілікті тарихи ұйымның мүшесі ретінде ескерткіштерді қорғау, экологиялық қозғалыстың еріктісі, мәдени ұйымның мүшесі ретінде белсенді. Еуропа, Корея сияқты көптеген елде ересектердің, балалардың хорда ән айту тәжірибесінің өзі аталған елдерде жекелеген азаматтардың өзіне ұнаған іске ынтызарлығын көрсетсе керек. Кәсіподақтар ұйымына, партияға мүшелікке өту де ішкі белсенділікті білдіреді. Егер де қоғамда өзгеріске дайын іс-әрекеттер орын алатын болса, оның нәтижесі азаматтық құндылықтарға қызмет етпек. Қоғамішілік ұйымдардың дамуы кез келген белсенді азаматқа көршілермен жақсы қарым-қатынаста болуға, көтеріңкі көңіл күйде жүруге де ықпалы зор. Қоғамдағы әр азаматтың белсенділігі мен оған қоғам тарапынан қолдаудың болуы өз кезегінде еңбек өнімділігінің артуына ықпал ететінін сарапшылар жоққа шығармайды. Ондай азаматтардың еліне, Отанына деген сезімі де ерекше болмақ. Тіптен үкіметтік емес ұйымдарға біріккен азаматтар өздері сол ұйымның демеушісі бола отырып, қоғамды игі іске жұмылдырып жатса, кәнеки. «Біздің қоғам да осы бағытта жылжуы керек» деген ойымен бөліскен А.Сарым еліміздегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар көрсеткішін аймаққа шағып қарағанда түкке тұрғысыз болып қалатынын алға тартты. Сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси өмір қала, облыс, аудан орталықтарымен шектеліп қалатыны қынжылтады. Қоғамдық ұйымдардың жергілікті жерлерде аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы сияқты жақсы үлгісі бар дегенімізбен де аудан, ауылдарда адамдардың басын қосатын рухани-мәдени, қоғамдық шаралар аз, үкіметтік емес ұйымдардың саны мардымсыз. Осы орайда ауыл балаларына футбол алаңдарын салып беру үлгісіндегі жарқын мысалдарды алға тартқан сарапшы ұйымшылдық пен патриотизмді дамытуда ұйымдық, ұжымдық үлгідегі іс-әрекеттердің жетіспейтінін алға тартты. Сонымен қатар фермерлік ұйымдардан гөрі кооперативтер санын көбейту ұжымдық ұйымшылдықты, адамдардың бір-біріне деген сенімін нығайтуға ықпал етпек. Мұндай белсенділікті әжелер ансамбльдері негізінде де дамытуға болады. Бұл өз кезегінде қоғамның қарттар бөлігінің жалғызсырамауымен қатар отбасы ұйымшылдығына да ықпал ететіні сөзсіз. Ауылдық жерлерде әжелеріміздің қобдишасында сақталған бешпет, сақина, білезік тәрізді көне бұйымдарды жинау арқылы жергілікті музейлердің жұмысын жандандыру да қоғамды ізденіске бастайтын игі іс. Сондықтан да іргелі істерді ұйымдастыруда бастапқыда әкімдіктердің, партиялардың осы іске назар аударуы маңызды. Бүгінде әлеуметтік желінің азаматтардың ішкі белсенділігіне кері ықпалы тұрғысында ойларын ортаға салған сарапшының айтуынша, азаматтық қоғамның жарқын көрінісі қоғамның ізгілікке бастаған кез келген қадамынан көрінетіні анық. Еліміздегі қоғамдық ұйымдардың белсенділігі пандемияға байланысты еріктілер қозғалысы барысында ерекшеленді деуге негіз бар. Қиын жағдайда бір-біріне көмек қолын созып, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмайтын азаматтардың бар екені қуантады. Ендігі кезекте үшінші сектордың күш-жігерін туған өлкені дамытуға, балалар мен жасөспірімдер жобаларын қолдауға, қарттарға көмектесуге жұмылдыруға бағыттау қажеттігін құптаған сарапшылар бұл бағытта ұжымдық белсенді ұйымдармен қатар еліміздің әрбір азаматы қоғамдағы өз орнының маңызды екендігін түсінгені абзал.

Азаматтық қоғам институттарының дамуы үшін мемлекет бұл процестің жасампаздық сипатта өрбуіне, азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдауы қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Президентінің Ел халқына жолдауындағы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты екенін ескерсек, оны мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін уақыт келген сияқты. Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық коммисияның өкілеттілігін кеңейтіп, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір бұтағына айналуы тиіс. Мұндай кешенді іс-шаралар тәуелсіз Қазақстан Республикасының Ата Заңда көрсетілген мұратқа сай құқықтық мемлекет жолында дамуына игі ықпалын тигізері хақ. Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы, өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құру үшін азаматтық қоғамның маңызы зор.Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз жасалған. Осының нәтижесінде құқықтық негізде көптеген ерікті ассоциациялар және ІІІ-ші сектор ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ азаматтық қоғамның нәтижелі жұмыс істеуі үшін алдын ала институциялық жағдайлар жасау жеткіліксіз болып отыр. Азаматтық қоғамның Қазақстанда жетілмеу себептері оның мәдени-әлеуметтік жағдайлардың толық дамуымен байланысты. Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуы үшін әлеуметтік эволюция қажет. Әрине бұл азаматтық қоғамның мәдени-әлеуметтік дамуын қол құсырып күтіп отыруын қажет етпейді. Мәдени-әлеуметтік даму уақытқа ғана байланысты емес, ол мемлекеттің, қоғамның және оның институттарының белсенді күш салуына байланысты. Азаматтық қоғамда азаматтардың халықаралық дәрежеде танылған ережелерге сай құқықтары мен бостандықтары сақталып, заң үстемдік етеді. Азаматық қоғам материалдық, қоғамдық, саяси және мәдени тұрғыда жоғары дәрежеде дамыған кезде құқықтық мемлекетке айналады. Құқықтық мемлекет-конституциялық басқару тәртібі қамтамасыз етілген, шын мәнісіндегі билік бөлінісі мен олардың тиімді қарым-қатынасы мен өзара бақылауы жүзеге асырылған, саясат пен билік құрылымына әлеуметтік бақылау орнатылған, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі қалыптасқан мемлекеттік құрылым. Құқықтық мемлекеттің негізінде демократиялық жолмен қабылданған заң алдында барлық қоғам мүшелерінің тең саңылауы, заңның халықтың еркін білдіруі және жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі танылады. Бұл мемлекетте пікір алуандылығы кең өріс алады. Қазақстан Республикасы өзінің саяси жүйенің келешегін құқықтық мемлекеттің қалыптасып дамуымен байланыстырады. Азаматтық қоғам бір мезетте өздігінен қалыптасатын қоғам емес. Батыс елдерінің тарихына үңілер болсақ, азаматтық қоғам екі жолмен қалыптасқан: мемлекеттің қатысуымен және қатысуынсыз. Мемлекеттің қатысуымен заңдар жарияланып, демократиялық жүйе дамиды. Мемлекеттің қатысуынсыз қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғам қалыптастыру ісіне жұмыла кіріседі. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалар өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болып, «адам – қоғам – мемлекет» үштігінің пропорционалды түрде даму үрдісін жылдамдата түседі. Мұндай үрдіс елдің экономикалық-саяси дамуы мен халықтың әл-ауқатының, мәдениеті мен сана-сезім деңгейінің артуымен бірге орнайтын құбылыс. «Адам – қоғам – мемлекет» үштігінің дамуы азаматтардың өз жүріс-тұрысын жеке мүдделеріне негіздеп, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау санасын кемелдендіре түседі. Азаматтық қоғамның қалыптасып дамуының алғышарттарына жеке тұлғалардың меншік иесіне айналуы, азаматтардың тең құқықтылығының орнауы, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі жатады. Ал азаматтық қоғамның дамуы барысында экономика саласындағы мемлекеттік емес кәсіпорындар мен бірлестіктер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен ұжымдық шаруашылықтар ерікті түрде бірігу мен бәсекелестік жолына аяқ басып, еркін нарықтық қатынастарға кіреді, сондай-ақ, әлеуметтік салада отбасылар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мемлекеттік емес БАҚ-тар мен өзін-өзі басқару органдары қоғам мүддесін өркениетті жолмен ашық түрде білдіре бастайды. Сонымен қатар, саяси салада партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар демократиялық қағидаттар мен ұлт дәстүрі үшін күреске кіріседі, ал рухани салада шығармашылық топ өкілдері мен басқа да азаматтық бірлестіктер мемлекеттен және өзге де саяси құрылымдардан тәуелсіз түрде ой еркіндігін, ар-ождан мен сөз бостандығын пайдалана бастайды. Азаматтық қоғамды қалыптастыратын да, сақтап, қорғайтын да ұлт болып табылады. Ұлт қана ұлттық дәстүрдің сақталуын талап ету еркіне ие күш. Сондықтан «ұлт» ұғымын дұрыс түсінгеніміз жөн. Ғылыми әдебиеттерге сүйенер болсақ, заманауи «ұлт» сөзін түрлі мағынада қолданатын ғалымдардың екі тобы кездеседі. Ғалымдардың бірінші тобы бір мемлекет азаматтарының жиынтығын «ұлт» деп атайды. Мұндай көзқарасқа негізделген саяси бағыт «мемлекеттік немесе азаматтық ұлтжандылық» деп аталады. Ғалымдардың екінші тобы болса, «ұлт» ұғымын шығу-тегі, мекенжайы, діні, шекарасы мен құндылықтары ортақ адамдардың саяси және мәдени қауымдастығы ретінде қарастырады. Тарихта мұндай саяси идеология «этникалық немесе этностық ұлтшылдық» деп аталады. Қазақ халқының этностық ұлтшылдығы 1991 жылы Қазақстан Республикасын құрды. Қазақстан халқының азаматтық ұлтшылдығы көпвекторлы саясат аясында көпэтностық және көпконфессиялы Орталық Азия аймағын келісім мен бейбітшілік алаңына айналдырды. Бүгінде әлем көз тіккен Қазақстан жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты дамытуда өзіндік орны бар мемлекет. Қазақстандықтардың азаматтық ұлтшылдығы бодандық пен сепаратизмнің кез келген түріне, оның ішінде ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіруді көздейтін деструктивті ағымдарға үзілді-кесілді қарсы. Бүгінгі таңда Ұлт жоспары аясында қазақстандықтар «кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «индустрияландыру жəне экономикалық өсім», «біртектілік пен бірлікті қамтамасыз ету», «есеп беретін мемлекет қалыптастыру» жолында табанды еңбек етіп келеді. Қазіргі буын өкілдерінің қолына Ұлт жоспарын жүзеге асыруға атсалысумен қатар, айтарлықтай дамыған Қазақстанды қалыптастырып, жаңарған елімізді жаңа буын өкілдеріне табыстау мүмкіндігі тиіп отыр. Аталған үрдіске қоғамның барлық мүшелері «адам – қоғам – мемлекет» пішімі шеңберінде жұмылдырылған жағдайда Ұлт жоспары өз мақсатына жетіп, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру жолы кеңейе түспек. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетте ең бірінші орында азамат, оның құқықтары мен бостандықтары, заңдық тұрғыда қорғалынуы тұрса — құқықтық демократиялық мемлекетте ең жоғарғы заңдық күші бар-Конституция зор маңызға ие болады. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы 1995 жылы Конституциясы демократиялық қоғам құру мен әрбір жеке адамның автономиясының заң жүзіндегі кепілдіктерін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Олардың қатарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық негізде бекітілуі, билік тармақтарының бөлінуі, тәуелсіз конституциялық бақылаудың, заңның үстем болуы, идеологиялық және саяси әр алуандылықтың өрістелуі және т.б. конституцияда бекітілген азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудың ұстанымдары бар. Қазақстан қоғамында азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті орнықтырудың басты алғышарттары мен ұстанымдарын негіздеп, оны қамтамасыз етуде қоғамдық саяси өмірге демократиялық нысанды енгізу бірден бір дұрыс бағыт болып табылады. Азаматтық мемлекет пен құқықтық мемлекетті қалыптастыру күрделі, ұзақ та қайшылықты процесс.Олар қоғамдық-саяси күйдегі заң орындарының жарлығына сәйкес пайда болмайды. Бұл құрылымдар белгілі бір тарихи кезең аралығында саяси жүйенің табиғи деңгейде жоғары дәрежеде дамуына байланысты негізделген. Демек, Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптасу ісіне қазақ ұлтының тарихи ой-санасы мен саяси мәдениетінің озық үлгілері қызмет етуі шарт. Сонымен жоғарыдағы қарастырылған мәселелерді қортыта келе, азаматтық қоғам мен құқықытық мемлекет құру жолында Қазақстанда күрделі процестер жүріп жатыр деп айтуға болады. Атап айтар болсақ құндылықтарды бағалау, рухани бағдарлардың жаңа мәнге ие болуы, қоғамдық сананың трансформациялануы билікке, қоғамға, саяси жүйеге деген көзқарастарды қалыптастыруда. Бұл жағдайда авторитарлық басқару әдісінен бас тартып, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет негізін құруға бағыт алған Қазақстан саяси басқару жүйесі, өз қызметінде демократиялық нормалар мен принцптерді басшылыққа алуы қажет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *