ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА КӨТЕРІЛГЕН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАНДАЙ?

Түркістанда Ұлттық құрылтай қарсаңында жұмыс секцияларының отырысы өтіп, консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері талқыланған болатын. Осыған байланысты Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ұлттық құрылтай Хатшысы Аида Балаева «Қоғамдық консолидация» секциясының модераторы болды. Талқылауға белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері, БАҚ басшылары, сарапшылар, оның ішінде Бану Нұрғазиева, Азат Перуашев, Уайс Ерсайынұлы, Байділда Жылқышиев, Нұртай Сабильянов, Ахмет Мұрадов, Айгүл Орынбек, Талғат Қалиев, Тәттігүл Талаева қатысты. Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру ерекшеліктері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелеріне баса назар аударды. Бұдан бөлек, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі көтерілді. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін қайта жандандыруды ұсынды. Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа контентті дамытуға, олардың қоғамдық консолидацияны нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөліне қатысты пікірлерімен бөлісті. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов модератор болған «Мәдениет. Өнер. Руханият» жұмыс секциясының отырысында мәдени-рухани даму мәселелері қаралды. Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі заманғы авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету, отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар музейлер, мәдени орталықтар, кітапханалардың, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысы, жас таланттарды ілгерілету және креативті индустрияны дамытуды қолдау тақырыптары көтерілді. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен олардың білімге деген құштарлығын ояту, салауатты өмір салтын, еңбекқорлықты, патриотизмді насихаттау мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұқаралық спортты дамыту жөнінде ұсыныстар жасалды. Қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының басшылары, атап айтқанда, Нұржан Светқали, Жанарбек Әшімжанов, Дәулет Тұрлыханов, Сәуле Досжанова, Айдос Сарым, Исламбек Салжанов, Бауыржан Губайдуллин, Ислам Байрамуков, Мақсат Толықбай, Олжас Сүлеймен және т.б. өз ойларын ортаға салды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болған «Білім және ғылым» жұмыс секциясының отырысы цифрлық және жаңа технологиялық шынайылықта қалыптасып жатқан жас ұрпақтың ерекшеліктеріне арналды. Секция жұмысына оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде Ғарифолла Есім, Мұрат Әбенов, Асқар Жұмаділдаев, Гүлмира Илеуова, Ерлан Саиров, Марат Башимов, Андрей Чеботарев, Амангелді Толамісов, Мақсат Жабағин, Кәрімбек Құрманалиев, Нұрлан Дулатбеков және т.б. қатысты. Шара барысында ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жоғары білім берудегі реформаларды жетілдіру, оның ішінде жоғары оқу орындарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу және оқытушылар мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды. Сарапшылар әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды дамыту және елдің жалпы идеологиялық негізін қалыптастыру тақырыбына да тоқталды. Секция жұмысы аясында орта білім беру, әсіресе ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын жақсарту мәселелері қаралды. Жұмыс секциялары отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленеді. «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады. Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы»

«Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан.

Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін»

“Жаңа қоғамдық институттың құрамына белгілі композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, атақты ақын, дипломат және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі журналист және қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам, атақты математик ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев, мықты экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев, көрнекті мемлекет және саяси қайраткер Әлихан Байменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымында депутат болған Нұртай Сабильянов мемлекет қайраткері, Әлем чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов биотехнолог ғалым, COVID-19 індетіне қарсы қазақстандық «QazVac» вакцинасын дайындаған Күнсұлу Закарья, қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, белгілі лингвист ғалым Анар Фазылжанов, эколог, қоғам белсендісі Азамат Әміртаев және тағы да басқа Қазақстанға кеңінен танымал азаматтар кірді. Ұлттық құрылтайға барлығы 117 адам мүше болды”, – деді ол. Ұлттық құрылтайдың ең басты ерекшелігі – оның құрамына әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің бір мүшесі енді. Солайша, аталған диалог алаңы барлық қоғамдық кеңестердің түйіні іспетті болып отыр. “Сонымен қатар Ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері мүше болды. Сондай-ақ жастардың көшбасшылары мен белсенді жас азаматтар да шақырылды”, – деді Ерлан Қарин. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады. Ал оның құрамының негізгі бөлігі Ұлттық құрылтайға кірді. “Президент жаңа құрылымның құрылатыны жайында ең бірінші рет наурыздағы Жолдауында айтқан болатын. Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстыру жолында идеялар ұсыну және оны жүзеге асыруға қатысты диалог алаңы болмақ. Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен айырмашылығы қандай? Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен саяси реформалар жайында айтылса, енді Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыстыруға бағытталған ұзақмерзімді мәселелер талқыланады. Ұлттық құрылтайдың құрамы қалай жасақталады. Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Соған сәйкес, оның құрамы жөніндегі ұсыныстарды Мемлекет басшысының Әкімшілігі дайындайды. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек Ұлттық құрылтайдың мүшелері ғана қатыса алады. Ұлттық құрылтайдың жұмысы қоғамдық негізде атқарылатынын атап өту керек. Сонымен қатар, Құрылтай мүшелерін ротациялау принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта кезең-кезеңімен басқа да қоғам белсенділерін Ұлттық құрылтай жұмысына қатыстыруға мүмкіндік береді. Барша қазақстандықтар Ұлттық құрылтайдың хатшылығына өз ұсыныстарын жолдай алатын арнайы онлайн-платформа құрылғанын айрықша атап айтқым келеді. Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңарған Қазақстанды құруға өз үлесін қосқысы келетін азаматтардың жалпыұлттық ұйысуына өзек болады”, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы