ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДАҒЫ ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдар өзгертілетінін атап өтті. «Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды» дейді ол. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайтыны да айтылды. «Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды» деген президент депутаттар негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керектігін, сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн екенін айтып өтті. Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер жайлы Президент заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екенін айта келе онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес деді. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. «Жалпы отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», – деді ол. Осы себепті орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс дейді мемлекет басшысы. Құрылтай – жалпыұлттық жиынға айналуы тиіс Мемлекет басшысы жастардың өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алатынына назар аударды. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажеттігін көтерді. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деді. «Жалпы түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін», – дейді ол. Мемлекет басшысының айтуынша, құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол шын мәнінде жалпыұлттық жиынға айналуы керек. «Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады. Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады», – деді ол. Тарих тәуелсіз көзқараспен жазылуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бергенін еске алды. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдар жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Өзі де бұл жұмысқа үлес қосатынына уәде берді. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керектігін тапсырды. Президенттің сөзіне қарағанда, тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Осылай деген Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болатынын қосты. Бәлкім, жиында айтылған ең басты жаңалықтың бірі – Республика күні болса керек. Тоқаев ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн екенін айтып өтті. «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», – деді ол. Тоқаевтың айтуынша, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деп түйді бұл тақырыпты президент. Жиында президент азаматтардың еңбегі бағалануы керектігін айтып келе жатқан. Кенет осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы орынсыз сөйлеген бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жайлы сөз қозғай кетті. «Жаңа Қазақстанда еңбекқор ең сыйлы адам болуы тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын нағыз ардың ісі, Абай айтқан толық адамның еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет. Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. «Олар Ресейге барып, қара жұмыс істейді, біз Қазақстан азаматтары ондай жұмыс істемейміз, бақытты халықпыз» деп айтқан. Естімеген елде көп. Бірақ бұдан артық сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Мұндай кері пікірлер жастарды адастырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент өз сөзінде әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер барын атап өтті. Соның арқасында олар сапалы өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн дейді ол. «Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет», — дейді Тоқаев. Ескі кадрлар мен Жаңа Қазақстан Мемлекет басшысы сонымен қатар кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайтынын мәлім етті. Сөзінде әлеуметтік желіде «ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады» дейтін пікірден хабары бар секілді. «Бұл орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда бізде басқаша», – деді ол. Тоқаевтың сөзіне қарағанда Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. «Бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды», – деді ол. Халықтың ашуын түсінуге болады Тоқаев жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе дейді ол. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басқан. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. «Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық. Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады», – деді мемлекет басшысы. Президент сондықтан өз жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылғанын атап өтті. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. «Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады», – деді ол. Судьялыққа жастарды тартамыз Жиында айтылған өзекті мәселенің бірі – тәуелсіз сот жүйесі. Тоқаев өз сөзінде тура биде туған жоқ деген деген сөзді келтірді. Қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыру керектігін мәлім етті. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. «Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын», – деді президент.

Президент мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс екенін ескертті. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отырғанын атап өтті. «Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет», – деді ол. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек дейді ол. Тіл патрульдерін жүргізетін азаматтарды қолдамайтынын айтып, қатаң сынға алды. «Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек», – дейді Тоқаев. Латын әліпбиі жайлы Президент тілге байланысты тағы бір маңызды мәселені көтерді. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. «Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады», – дейді ол. Тоқаевтың айтуынша, ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. «Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек», – деді ол.

Президент қазақ әдебиетін қолдайтынын және туындылардың оқырманға қолжетімді болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ кітаптың таралуына жазушылардың өздері де мүдделі болуы керегін айтты. «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деді Президент. Сонымен қатар Президент ұлттық киноның дамуына қатысты пікір білдірді. «Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда архивтен Жүсіпбек Аймауытұлының тың шығармасы табылғанын айтты. «Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр», деді Қ.Тоқаев. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. «Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», деді Президент. Президент атап өткендей, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. «Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. «Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», деді Президент Ұлттық құрылтай барысында. Ұлытаудағы алғашқы отырыста алдағы басты мақсат-міндеттер айқындалған болса, Түркістанда нақты идеялар, ұсыныстар ұсынылатын толыққанды жұмыс отырыстары өтті. Екі күндік шарада ұлттың береке-бірлігін нығайтып, даму бағытын белгілеген қадамдар нақты айқындалды. Демек, бабалар ізімен бұл ата дәстүрді қайта жаңғырту тек елдің игілігі мен өркендеуі үшін қызмет етпек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтайдың  құрылуы. Ұлттық құрылтайды құрудағы мақсат не? Ол немен айналысады?

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір сөзбен бұл құрылтайдың міндетін былай түсіндіріп берді: «Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесі болса, Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан әрі дами түсуіне қатысты ұзақ мерзімді сипаттағы мәселелер талқыланады».

Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі біз, қазақстандықтарды терең жаңа ойларға, жаңа бастауларға жетелейді, әлбетте. Мемлекет басшысы өз сөзінде әділетті Қазақстан құру жолындағы сегіз бағытқа бөлінген өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Президентіміз сегіз бағыттың ішіндегі басқа салалар қатарында идеология мәселесіне кеңінен тоқталып, бұл салада атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындап көрсетіп берді. Әр ұлттың, қай кезеңде болмасын, алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың келешек ұрпақты дұрыс тәрбиелеу туралы айтқандарынан «Әділетті Қазақстан азаматы қандай болу керек?» деген сұраққа жауап алуға болады. Мемлекет басшысы тәрбие мен білім беру біріккенде ғана гармониялық, жан-жақты дамыған тұлға қалыптасатынын негізге ала отырып, «мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті», деді және басты назарды келешек ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің негізі болған әдебиеттің бала тәрбиесіндегі рөліне қаратты. Себебі бүгінгі интернет заманында ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыру аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Еліміздің бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімен бірге тарихи тұлғалардың өз отаны, халқының бақыты үшін кешкен өмір жолымен кең таныстыру арқылы жас ұрпақты халқының тарихына қызықтырып, оларға патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беруде әдебиеттің атқаратын рөлі ерекше. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз болғандықтан, оның бүгіні және келешегі үшін әрбір қазақстандық жауапты болуы керек және «келешек жастардың қолында» деп сөз жүзінде айтпай, адал, отаншыл, бойына жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды сіңірген, еңбекқор келешек ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуымыз өте қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде этносаралық бірлікті нығайтуға да баса көңіл бөлді. Әлбетте, әділетті жаңа Қазақстан құрудағы ең маңызды мәселелердің бірі еліміздегі бірлікті, ұлтаралық достықты нығайту және бұл тұрғыдан да ақын-жазушылардың қосатын үлесі зор деп білемін. Шығармашылығы арқылы әдеби достықты мәңгілік достыққа айналдырып, бұл алтын көпірді нығайту жолында тер төккен ата-бабаларымыздың достық эстафетасын келешек ұрпаққа ұстату жауапкершілігі бізге жүктелген екен. Президентіміз өз сөзінде айтқан бағыттар мен бастамаларды қолдап, жүзеге асыру – бәріміздің міндетіміз.  Әуелгі Ұлттық құрылтай Ұлытауда өткен еді. Енді міне, түбі бір түркі жұртының кіндігі – Түркістанда бас қосты, жұрт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның маңыздылығын атап өтіп, атқарылуға тиіс жұмыстарды айқындап берді: «Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет». Президент наурыз айындағы Жолдауында құрылтайды шақыру жөнінде бастама көтерген-ді. Қазақ тарихнамасында жазылғандай, Түркістан – еліміздің рухани, мәдени орталығы, сананы жаңғыртатын саңлақ қала, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан стратегиялық нысан. Алаш үшін ауқымды шараның дәл осы орында өтуінің өзіндік сыры бар. Себебі Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында «күнде жиын, күнде той» өтетін атақты Күлтөбе бар. Кезінде сол Күлтөбеде күллі қазақтың тағдыры шешіліп отырған-ды. Бұл туралы Президент былай деді: «Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды». Негізінен, Ұлттық құрылтайда сегізге тарта мәселе қозғалыпты. Бұлардың қатарында мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлттық брендті насихаттау, біртектес ұлттық кодымызды паш ету, ұлттық тарихи сана-сезімді жаңғырту, мәдени мұраларымызды дәріптеу, тарихи тұлғалардың тізімін дайындау, ономастикаға ден қою, ұрпақ тәрбиесі, буллинг, полицияның жұмысын жандандыру, ақпарат тиімділігін арттыру, масс-медиаға мән беру, кино саласына қолдау көрсету, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік аппаратты күшейту, т.б. сол секілді бастамалар көтерілді. Біздіңше, Ұлттық құрылтай ұлттық мәселелерді шешуге тиіс. Ұсыныстар орынды. Енді, соны жеделдетіп жүзеге асырған жөн. Кезіндегі құрылтайлар үлкен жорық, әскер жасақтау, қоныс аудару, халықтың әлеуметтік мәселесін шешу, т.б. мәселелер туындағанда шақыртылған. Ал қазіргі кездегі Қазақстан алдында геосаяси ахуалды бақылап отыру, елдің әлеуметтік жағдайын түзеу, монополияны жүгендеу, бағаларды тұрақтандыру, қымбатшылықты, жұмыссыздықты жою, виза, жаңа өндірістерді ашу, импорт, экспорт түйткілдерін шешу секілді өткір мәселелер тұр. Әуелі, осыларды реттемей жатып мемлекет есебінде алға жылжи алмасымыз анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *