ТҮРКІСТАН: АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ АЙТУЛЫ ІСТЕР АТҚАРУДА

Қазіргі қалалық ақсақалдар алқасы, қалалық билер кеңесі, Түркістан қаласындағы әкімшілік тарапынан құрылған 6 сектор осы бастаманы жүзеге асыру жолында жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ бізде қаладағы барлық жұмыстарды қадағалап отыратын көше билері де бар. Әрбір биге 3 көшеден бекітілген. 200 биіміз бар. Олар да үй-үйді аралап барлық жағдайларды тексеретін болады. Ал енді бұл ережеге бағынбаған отбасылар болса теледидардан көрсетіп тәртіпке шақырамыз. Бұл әдіс те өз нәтижесін беріп отыр. Әсіресе мектеп жасындағы балалар намыстанып, достарынан ұялып үй-жайларын сәндеп жинауға ұмтылғандығының куәсі болдық.

— Алғашқы жылы әр үйге 20 мың теңгеден, әрбір көшеге 50 мыңтеңгеден жүлде тағайындадық. Жалпы сомасы 2,5-3 млн жобасында болды. Жеңімпаздарды салтанатты түрде қошеметтеп, үлкен залға жинап марапаттадық. Сондағы бір сүйсінерлегі, тұрғындар тайлы-таяғы қалмай бала-шаға, көрші-қолаңмен келіп бөлісіп бір-бірінің қуанышына ортақтасып, мәре-сәре болып жатады. Бұл да адамдарды ынталандыратын іс шаралардың бірі деп ойлаймын. Айтса айтқандай жүріп келе жатқан көшең екі жағы алқызыл гүлмен құлпырып, жасыл ағаштар тербеліп тұрса, көшелерің теп тегіс болып жүргенде айнадай жарқырап жатса, үйдің сыртқы келбеті көз қуантып тұрса келген қонағың да, саяхаттап келген туристтің де жақсы ойда жақсы пікірде кетпей ма.Сөйтіп тағы бір үлкен істі қолға алып отырмыз.  Бұл бастамамыздың да ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын.

Жан тазалығы, ар тазалығы рухани тазалық, адами келбетімізді сақтап қалудың тағы бір белгісі сол тазалықтардың бір кепіліндей салауатты өмір салтын сақтау. Осы бағытта облыстық ақсақалдар алқасының осыдан бірнеше жыл бұрын «Түркістанды арақ шараптан ада, таза қалаға айналдырайық деген үндеуі баспасөз беттерінде жарияланып, көпшілік тарапынан қолдау тапқаны белгілі. «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде, әлеуметтік желілерде, т.б қоғамдық, ресми орындарда кеңінен сөз болған еді. Сондай-ақ, қалалық «Түркістан» газетінің 2021 жылғы 10 желтоқсанындағы, 2023 жылдың 11 — тамыздағы нөмірлерінде арақ-шараптан,  нашақорлықтан ада, таза да халал қалаға айналдырайық деп қайтадан үндеу көтерген болатын.

Бұл тақырып ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Оны жүзеге асыру да біраз қиыншылықтар туғызды. Өйткені, осы салада сауда жасайтын кәсіпкерлердің негізгі табыс көзі болғандықтан, олар саудасын тоқтатуға қарсылық білдіріп бақты. Дегенмен біз түсінік насихат жұмыстарын жүргізіп біршама нәтижеге қол жеткездік. Соның нәтижесінде екі үлкен супермаркет, 21 дүкен арақ-шарап сатуын тоқтатты. Қаладағы бірнеше тойхана арақ-шарапсыз той өткізу жөніндегі үндеуді мақұлдады. Дегенмен «батпандап кірген ауру мысқалдап шығады»,- демекші бұл жолда сабыр мен төзімділікпен ұзақ уақыт жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені, қоғамымызға дендеп кеткен жағымсыз әдетті бірден сылып тастау мүмкін емес. Солай болған күннің өзінде де Түркістан облысы бойынша 15 ауыл- арақ шарапты тоқтатқан ауылға айналды. Біздің өзімізде де Сауран ауданының Нұртас ауылы халал ауылға айналды. Бқл ауылдың дүкендерінде арақ шарап сатылмайды. Жиын тойда арақ қойылмайды. Ешқандай арақ шарапсыз өмір сүретін салауатты ауылға айналды. Түркістан облысы бойынша 15 ауылдың осындай дәрежеге келуі, еңбегіміздің еш кетпегенінің белгісі. Бәлкім арада 10 жыл өтер, 15 жыл өтер бірақ күндердің күнінде киелі Түркістанның түгелдей таза қалаға айналатынына сенімім мол. Жақында екі мешіт ашылды. Сол жердегі жиында осы көкейтесті мәселе сөз болып, жұма күнгі уағыздар тақырыбына айналдыруды ұсындық. Бір сөзбен айтқанда мұндай өмірлік маңызы бар мәселелер облыстық ақсақалдар алқасының басты назарында.

Әрине, өңкей зейнеткерлерді жинап алып та , қоғамдық ұйым құруға болады. Ал, біз ұстанған бағыт одан бөтен.Яғни екі толқын, алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер бірлесіп қимылдау керек.Бір- біріне сүйеу болу керек.Ертеңгі күні осы қазына қарттар, ақылгөй ақсақалдар дүниеден өткен кезде, екінші буын- інілер солардың орнын  басып тұру керек.Қазіргі жастар ертеңгі күнге дайын болу керек.Сондықтан да, ұмытылып бара жатқан  салт- дәстүрді біз өзіміз арқылы , өзіміздің сөзіміз арқылы,жеке басымыздың өнегесі арқылы үлгі көрсетіп отырамыз .Мысалы, айына екі рет тегін  азық- түлікті тегін тарататын  қайырымдылық  дүкенімізді алайықшы. Көптеген адамдарға жәрдем жасаймыз. Сонда демеуші іздеуге, адамдармен сөйлесуге көп жағдайда жастарды жұмсаймыз. Олар шаршамайды. Жүреді. Қажет болған жағдайда үйді- үйге кіреді.Сөйлеседі. Әрі демеушіліктің қандай екенін, біреуге көмек жасаудың қандай екенін өз көзімен көріп, өнбойымен сезінеді. Тәжірибе жинақтап , ширайды, шынығады. Адамдармен қарым- қатынас жасауды, сөз саптауды үйренеді. Сондықтан, жарғымызға осыны белгілеп жазуымыздың өзі , қариялармен, ақсақалдармен жастарды біріктіру болатын. Осындай ыждаһатты жұмыстың арқасында бүгінгі таңда біздің қоғамдық ұйымымызда мыңға тарта мүшеміз және он мөлтек ауданда екі жүз көше биі бар.Сонымен бірге Сауран ауданында 1200 мүше бар. Кентауда, Созақта, Жетісай, Мақтааралда, Сайрамда, тағы басқа жерлерде де жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдар бар. Бірақ, олардың көпшілігі,арнайы әділет басқармасында тіркеліп, өз алдына жеке мөрі, жарғысымен жұмыс істейді. Бірақ, бәріміздің мақсатымыз бір.Қажет болған жағдайда жиналып, ақылдасып, қай бағытта қимылдау керек екенін біліп отырамыз. Түркістанда да он мөлтек ауданның басшылары айына екі рет бас қосып тұрамыз. Әрбір мөлтек аудан халқымен де кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Мұндай басқосуларда біз өз ойымызды айтамыз. Бұқара халықтың мұң- мұқтаждарын, қоғам туралы ой-пікірлерін тыңдап, содан нәтиже шығарамыз. Сондай-ақ, мектеп оқушыларымен, жоғары, орта арнайы оқу орындарымен байланыстамыз.

Бірақ, біздегі жетіспей жатқан нәрсе, ата- бабамыздан қалған салт- дәстүрді, ұлттық құндылықты меңгерген жастарымыз жылдан- жылға азайып бара жатыр.Көпшілігі Европаға, шетелге еліктеп, сол жақтың дәстүрлерін марапаттап,  мақтап, сол елдер туралы әңгімені көп айтады. Осы біздің ақсақалдардың ойына ой салып, неге бұлай болды? Мыңдаған жылдар бойы біздің қоғам ата- бабамыздың жолымен жүрді.Дәстүрін сақтады. Соның арқасында бүгінгі дейін аман- есен жетті.Осы мәселені біз жаңғыртып,білімді жастарымыздың бойына ұлттық құндылықты, ата- бабадан қалған салт- дәстүрді сіңірсек,қазақи патриотизмді оятсақ деген ой бізді осы мақсатқа жетеледі.Осы бағытта көп ойланып- толғанып, көп азаматтармен пікірлесіп, осы мәселені іске асыру жолдарын қарастырдық.

Зерттей келе, сөйлесе келе, ақылдаса келе, бұл мәселені біз  бұқара халыққа үндеу түрінде, жылда өткізетін байқау- конкурстар түрінде жүзеге асыратын байламға келдік.

Яғни қандай бір ел болмасын, қандай мемлекет болмасын, өзінің елінің мықты болғанын қалайды.Ол үшін, бірінші кез- келген мемлекеттің өзінің тілі болады. Екінші, сол мемлнкеттің ата- бабасынан қалған дәстүрлері, жүретін жолы болады. Сол жолменен жүрсе,сол дәстүрді ұстанса, олар қателеспейді.Осы қағиданы ұстаған қазақ елі, соның ішінде, рухани астана —Түркістанның алқалы ақсақалдары білімді жастарымызды ата- баба дәстүрін қастерлеуге, қадірлеуге үйрету, баулу жолында еңбек етудеміз.Осы мақсатпен » Ата- баба дәстүрі- тәрбиенің бастауы» деген болашағы зор, берері мол ауқымды жобаны жүйелі түрде іске асыруды жолға қойдық. Қандай тәрбие болсын өзіміздің ұлттық салт-санамыздан басталады. Өйткені, бүгінгі таңда бұрынғы ата-бабаның жолы билердің сөзі, олардың алтынмен пара-пар әңгімелері ұмыт болып бара жатқаны жасырын емес. Сол себепті де ең алдымен ата-бабадан қалған дәстүрді насихаттау мақсатында бұқара халықпен, тұрғындармен кездесіп осы мәселені күн тәртібіне қойдық. 2010 жылы халқымыздың рухани қазынасы тәлім тәрбиені жастар бойын сіңіру жолындағы ұзақ та, төзімділікті талап ететін жұысымызды бастадық. Бұл туралы әңгімемнің соңына қарай кеңірек айтамын.

Кез- келген нәрсені әрбір адам өзінен бастауы керек. Өзіңнің бағыт- бағдарыңды, ұстанымыңды, өмірлік позицияңды жөндеп алмай, өзгеге ақыл айту, кеңес беру мүмкін емес. Мен өзім осы 85- жыл ғұмырымда азды- көпті дәрежеге қол жеткізсем, соның бәрі ұшқан ұямның, тәрбие — білім алған ортаның, қала берді, өмір жолымда кездескен небір дара тұлғалардың арқасы. Осы орайда, өзім туралы аз-кем әңгіме қозғап кетсем, жеке басымның мысалы арқылы жастарға өсиет айтсам артықтық етпес деп ойлаймын.Ата- бабамда тектілік қасиет бар.Түп атамыз Сүйіліш батыр.Құл Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген.Қазақтың елу екі батырының біреуі осы киелі мекенде мәңгілік Енді тыныстап жатыр.Жетінші атам Оразгелді Датқа да осында жерленген.Мен осы асылдың тұяғы, жетінші ұрпағымын.Енді ата- бабамыздан, дәстүрден қаншалықты дарығанын бір Алла біледі. Бірақ, мен өз басым өте көп ізденіп, көп оқыдым.Әсіресе, әдеби кітаптарды, газет-журналдарды басыма жастанып, біреуін де жібермей оқыған кездерім болды.»Абайдың» ең алғашқы шыққан екі томдығын жетінші класста жүргенде оқыдым.Кейін»Абай жолы » болып қайта басылып шыққанда тағы оқыдым. Түркістан педогогикалық училищесіне түскен кезде қайтадан оқып шықтым.Сөйтіп, Мұхтар Әуезовтың » Абай жолы» романының өзін ғана бірнеше қайтара оқыдым. Әсіресе, Абай атамыздың өлеңдеріне қатты  құштар болдым. Жастау кезімде  ұлы ақын бабамыздың жүзге жуық өлеңін жатқа айтатынмын.

Мысалы:

-Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығад,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап.

Осы төрт қатар өлеңнің өзінде үлкен философия жатыр.Ар жағына бойлай білген адамға үлкен ақыл жатыр.Абайдың әрбір өлеңі өмір жолыңда қолыңа ұстатқан компас сияқты адамға бағыт беретін өсиетке тұнып тұр. Сондай- ақ Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Шахановты, Темірхан Медетбекті, Фариза Оңғарсынованы оқып өстік біз. Солардан ләззат алдық. Солардан ұлағат алдық.Менің оқымаған газетім жоқ.Тек ана тілімдегі ғана емес, орыс тіліндегі басылымдарды да құр жібермейтінмін.Жылына екі  айлығымды баспасөзге жұмсайтынмын.Сонда қатарластарым;» Газет алғанша нан алмайсың ба?-» деп әзілдейтін. Ал, енді сол кездегі оқуым, білімім қазір нан да, ақыл да болып жатыр.

Мұның бәрін айтудағы мақсатым, сол кезден қаланған білім негізі, ізденістер, жиған рухани байлық менің өміріме шамшырақтай нұрын төгіп келеді.Кітап берген білімді басқа ештеңе бере алмайды. Жастар соны білсе деймін.

Міне, осы ізденістер, араласып жүрген азаматтар менің  өмірімнен маңызды орын алды.»Арым таза, жүзім таза, қолым таза»- деп ар- абырой мен намысты бәрінен биік қойып, халқының қамы үшін қызмет еткен қоғам және мемлекет қайраткері , Түркістанның тумасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты ардақты аға, ұлағатты ұстаз тұтамын. Өмірімнің он жеті жылы осы ақылдың кені- данышпан , телегей- теңіз білім иесі, туған халқы үшін өзегін суырып беретін осынау ғазиз жанмен байланысты. Ол кісінің жүріс- тұрысы, адамдармен қарым- қатынасы, өмірлік ұстанымы- үлкен мектеп. Өмір мектебі. Өнеге! Осы ұлы тұлғадан үйренгенім көп болды.Сонымен бірге үш бірдей Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары , сазгер Мыңжасар Маңғытаев, театр сыншысы Әшірбек Сығай және  тай- құлындай тебісіп бір ауылда өскен Темірхан Медетбек, сондай- ақ, 1939- жылы туылған, менімен түйдей құрдас, халқымыздың ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен отбасымызбен араласқан достар болдық.Осы өнер адамдары, халқымыздың мақтаныштары біздің «Аманкелді» колхозында бірнеше рет болды.Осындай өнер адамдарымен, ақын жазушыларымен көп араластым. Олардың  әрбір сөзі, айтқан әңгімелері  есте қалады. Әрі олармен таныс болып  жүргеннен кейін олардың әрбір шыққан өлеңдерін міндетті түрде оқып, жадымызға сақтайтынбыз.Міне, осының бәрі айналып келгенде, ұлттық сананың, қазақи болмысымның қалыптасуына әсер етті. Мен тек өз өмірімнен ғана бір үзік сыр шерттім. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының құрамындағы әрбір қазыналы қартымыздың өз кезегінде осылай айтары бар. Өмір бойғы жиған- терген рухани байлығымызды,өзіміз білетін ұлттық құндылықтарымызды, салт- дәстүр, әдет- ғұрыптарымызды ң ерекшеліктерін түсіндіріп, насихаттау ,кейінгі толқын жас ұрпаққа  мұра ету- басты парызымыз.Осындай ізгі ниеттерімізді жүзеге асыру үшін жергілікті билік орындарымен, соның ішінде облыстық туризм және даму басқармасымен бірлесе жұмыс атқарып отырмыз. Әсіресе, «Ата- баба дәстүрі- тәрбие бастауы» атты жобаға қатысуымызға да , мың болғыр, осы басқарманың қызметкерлері жөн сілтеп, жәрдем — көмектерін аямады.Соның арқасында қаншама жақұт- жауһар дәстүрлерімізге жол ашылды.Барша қауым жыл сайын асыға күтетін ауқымды байқауға айналды.

Кез-келген нәрсе кішкентай нәрседен бастау алады, біз күнделікті ісіміздеде, тұрмысымызда да, ұлттық дәстүр, салт-сананы бір сәтке естен шығарған емеспіз. Ақсақалдар алқасының әр мүшесі жүрген орта, арласқан адамдары мен әр дайым осы мәселені алға тартып, дамыту жолдарын қарасытырып жүреді. Былдыр біз осы тақырыпта облыс бойынша 17 аудан қатысқан жарыс өткіздік. Оның ережесен де өзіміз жасадық. Осы ұсынысымызды Түркістан облыстық мәслихаының қарауына жолдадық. Шынын айту керек қоғамдық ұйымдардың осындай іс-шара өткізілуіне қаржы бөлетіндігін кеш білдік. Бірақ ештенде кеш жақсы, сол байқауға қатысып қаржыландыру жобасын жеңіп алдық. Соның арқасында 17 ауданнан төрт жүз адам қатысқан Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасының үлкен залында байқау өткіздік. Алдында бұған аудандар қатысар мекен деген қобалжу да болды. 17 ауданнан осынша адам келгенде таңқалғанымызды жасыра алмадық. Ал енді мұндай байқауды өткізуге не түрткі болды? Мен бірде бір басылымды оқып отырып, Семенов Тянь-Шаньский деген атақты географ-ғалым 1800 жылдары Қазақстанға келіп, Орта Азияны зерттеген екен. Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлеген сол кісінің бір жазбаасын оқыдым. Онда: «Қазақ халқын көп тәрбиелеудің қажеті аз. Себебі, қазақ халқының ата-бабасынан қалған салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие. Мұндай тәрбиелі ел – еш уақытта азбайды, да тоздайды да» — деп жазған екен. Міне осыны оқығаннан кейін маған бір ой келді біз неге азып-тоздық? Неге араққа салындық? Неге бабалар салған жолды ұмыттық? Сондай ғаламат, білімді Семенов Тянь-Шаньский сияқты азаматтың таңданып отырған халқы неге мұндай күйге түстік деген ойға қалдым. Зерттеп, зерделеп отырсам, негізінен біздің түбімізге жеткен екі нәрсе екен. Біріншісі, тілімізден айрылдық. Қазақ тілі – тек мал бағуға жарайтын тіл деңгейінде қалды. Ал білімнің тілі, ғылымның тілі, техниканың тілі, қызметтің тілі- орыс тілі. Сондықтан қеңес дәуірі кезінде тек орыс тілінде сөйлеңдер деген мақсатпен бәріміз жаппай қазақ тілін ұмытып, орыс тіліне көштік. Яғни, ата-бабамыздан қалған асыл сөздерді, тіпті мына Абай бабамыздың қара сөздері, небір ғұламаларлың әңгімелері, билеріміздің ұлағатты сөздері ұмыт қалды. Бәрінен мақрұм болдық. Орыстың Толстойын, Пушкині, Лермонтовфң жатқа айттық. Ал өз тіліміз ұмытылып тасада қалды. Осы мәселені қалпына келтіру мақсатымен арнайцы ереже жазып, тіл мәселелерін араға кірістіріп, сайысқа қатысқан әрбір ауданға екі кезең бойынша өткізілген байқауға әр қайсына 10 минуттан 20 минут уақыт бөлдік.

Алдымен, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді оброзбен келтіру. Сол кезеңнің киімі айтқан сөздері, оқиғаның қалай болғаны қаз қалпында суреттелу керек. Екінші, ата-бабамыздан қалған керемет өсиет сөздерді сол кездегі айтқан адамдардың аты-жөніменен, бүкіл елге таратқан өсиетімен айту. Сондағы тандаңғанымыз сайысқа қатысушылар сахнада небір образдарды сомдады. Батырлардың сөздері, әрбір ауданда балаларынан қалған дәстүрлерді айтып шежіреден сыр шертті. Сайыс қортыңдысы бойынша сегіз орынға қомақты бәйге берілді. Алғашқы бірінші орынды екі аудан, Сайрам, Сауран аудандары жеңіп алды. Оларға 250 мың теңгеден жүлде тағайындалды. Сондай-ақ екінші орында Түркістан, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары еншілеп, әр қайсы 200 мың теңгеден жүлдеге ие болды. Үшінші орында –Төле би, Мақтаарал аудандары және Кентау қаласы. Әрқайсы 150 мың теңге жүлде ие болды. Сондай-ақ бұл байқауға қатысушылардың бәріне 50 000-70 000 аралығында сыйлық тағайындалды. Енді бұл сайысты дәстүрлі өткізіп түруды жоспарлап отырмыз. Өйткені, осы байқау барысында қаншама бұрын естіп білмеген, ұлттық тілімізідң алтын қорында сақталған асыл сөздерді, салт-дәстүрлерді көрдік. Сүйсіндік. Бұл рухани байлық келер ұрпаққа жету керек деген оймен ақсақалдар алқасының жеке мұрағатына барлық бейне және аудио жазбаларды сақтап қойдық. Мысалы «Малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы», «Кісі еліңде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», — деген мақалдардың тәрбиелік мәні өте зор. Сондықтанда ата-баба дәстүрінің болашақ ұрпақ өмірінен алар орны ерекше. Осыны ұмытпасақ деген ой. Айтса айтқандай осының бәрін бір жобаға келтіретін ата-бабамыздан қалған дәстүр, салт-сана, үлкенді сыйлау, құрметтеу.  Үлкендердің айтқанымен жүру. Әке-шешені тыңдау. Міне осының бәрі иманды, парасатты азамат тәрбиелеудің алғы шарты. Сол себепті де, біздің бұл бастамамыз аудандарда жалғасын тауып, жер-жерлерде іріктеу байқауларын өткізіп жатыр. мұндай байқау Түркістан қаласында да әуелі мектептерде, содан кейін колледждерде өткізілмек. Яғни, сең қозғалды. Енді әрі қарай жұмысымыз жалғаса береді деген ойдамын.

2007 жылы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ университетіне Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілін шақырып, бақилық болған адамды ақтық сапарға шығарып салу жөніңде бір пәтуаға келген едік. Бұрындары бір адам қайтыс болса, жаназадан бұрын мәйітті ортаға қойып митинг жасап, сөз сөйлейтін. Мына жерде адам қайтып, жақындары жылап-еңіреп жатса, ана жерде мал сойылып, ас ауқат ішіліп жататын. Дастарханды да, тойдағыдай аста төк жасайтынын қайтерсіз. Біз осы мәселені көтеріп, «Келесің. Жаңазаға тұрасың. Ешқандай сөз сөйлеу болмасын», «Жаңаза күні ешқандай ас-ауқат берілмесін» деп қол көтерткізіп пәтуаға келдік. Әрине, бұл шешімге әуелде келіспей қарсы шыққандар да болды. Ал «Жетісі күні әңгіменді айт, шәйінді іш, еске ал» — деп түсіндірдік. Қазір бұл пәтуаға қаламыздың 90 пайызы келісті деуге болады. Бұл біздің ақсақалдар алқасының сан- салалы жұмысының бір парасы ғана.»Тәрбие тал бесіктен басталады»  деген даналық сөздерді жиі айта беріп жауыр еттік. «Ел болам десең- бесігіңді түзе»- деген Мұхтар Әуезовтың ұлағаты да айтылғанмен орындалып жатыр ма? Бәрінен де  осы құндылықтың бәрі ұрпадқтар  сабақтастығына келіп тіреледі.  Өйткені, ұрпақтарды біріне- бірін жалғап тұрған нәзік жіп- ұлттық құндылық атты алтын көпір үзілсе, ол ұлттың ары қарай дамуы қиын. Қорыта келе айтарым, қазына- қарттар қай заманда да өз атына сай болғаны жөн. » Ақылды қария- ағынды дария» деген ежелден келе жатқан халық даналығы тегін айтылмаса керек.Түркістандай тарихы терең, әулиелі өлкенің » рухани  астана», Түркі әлемінің тұмары» деген атқа лайық болуы да ата дәстүрді ұлықтайтын ақсақалдарында.

 

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕН,

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы,

«Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *