Қазіргі заман өлшемімен алғанда азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі. Осы орайда бірқатар мамандардың пікірін ұсынамыз.
- Елімізде азаматтық қоғамның даму барысына көңіліңіз тола ма?
- Сіз азаматтардың қоғам өміріндегі белсенділігін қандай мәселелерге байланысты бағалайсыз?
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
- Азаматтық қоғам ешқашан бірден орнамаған. Біз тоталитарлы қоғамнан нарықтық қоғамға өттік. Сол кезде азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын институттардың жұмысы кенжелеп қалды. Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Біздің елімізде олар 2000 жылдардан бері қарай қалыптаса бастады.
Барлық функциясын орындап, толық орнады деуге ерте, әлі де уақытты қажет етеді. Жалпы азаматтық қоғам дегеніміз мемлекеттің ішкі мәселелеріне азаматтардың белсене араласуы. Көптеген шетелде азаматтық қоғам қалыптасқан, сәтті нәтижелерін де көріп жүрміз. Тіпті ауыл-аймақтың жұмысы да халыққа байланысты. Бізде ең алдымен саяси мәдениетті қалыптастыру керек.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,
- Көңілім толмайды. Біріншіден, біз әлі Кеңес Одағынан қалған саяси жүйенің «маңайында» жүрміз. Кеңес Одағы кезеңінде масылдық идеология қалыптасты. Біз бәрін мемлекеттен күттік. Мемлекет асырау керек деп ұғындық. Ал қазір – ХХІ ғасыр. Кәсіпкерлік ғасыры. Кәсіпкерлік сана-сезім болуы керек. Бұл сана-сезім «мен күштімін, мен бәрін жасай аламын. Тек қана, мемлекет маған кедергі жасамасын. Көмек керек жоқ» деген қағидаға негізделген. Міне, сондай сана болуы керек.
Әрине, бізде ондай сана мүлде жоқ дей алмаймыз. Бар. Бірақ толығымен қалыптасты деуге болмайды. Кейбір бизнесмендер осы қағиданы ұстанады да. Алайда олардың үлесі тым аз. Небәрі 5%-дан асар-аспас. Ал дамыған елдердегі кәсіпкерлік сана-сезім 30-40%-ды құрайды. Яғни, біз мұндай адамдар санын он есе көбейтуіміз керек. Көңілім толмайтындығының бір себебі – осы.
Жұрт биліктен көп нәрсені сұрап жатқаны түсінікті жайт. Одақ ыдырағалы бергі отыз жылға жуық уақытта билік біріншіден адамдарды дұрыс үйретпеді. Екінші жағынан, мүмкіншілік бермеді. Үшіншіден, жақсы мысалдар келтіре алмады. Сондықтан осындай сана-сезім алдымен билікте өзгеруі керек. Солай бола тұра азаматтық қоғам да кей кезде өзін-өзі дамытуы тиіс. Ол ең алдымен білім арқылы келеді. Университеттегі білім мен азаматтық білімнің айырмашылығы – жер мен көктей. Мәселен, жоғары оқу орнындағы профессор бізге жоғары деңгейдегі ғалым ретінде көрінеді. Ақиқатында, сол профессорлардың өзі азаматтық білімі жағынан деңгейі төмен. Көп жағдайда олар өз құқығын қорғай алмайды. Тәуелділіктен арылып, өз құқығын білгені абзал еді. Бізде бәрі керісінше. Ректор профессорға емес, профессор ректорға тәуелді. Ғылыми атағы аспандап тұрған ғалымдарымыз білім ордасы басшылығынан «еңбекақымды бер, жұмыс істейтін кабинет бер, тұратын пәтер бер» деп төменшіктейді. Ол мүлде дұрыс емес. Жұмыс істеп отырған ортаңды, жағдайыңды, құқығыңды өзің дамытуың тиіс.
Міне, көзі ашық, көкірегі ояу, ел көрген, жер көрген ғалымдарымыздың азаматтық көзқарасы осындай болса, ауылдардағы қарапайым адамдардан не талап етуге болады? Ауыл тұрғындары «білім алсын, дамысын» деп балаларын жоғары оқу орындарына жібереді. Ата-ана үмітін ақтаймыз деп олар да талпынады, оқыған-тоқығанымен профессорлық деңгейге де жетеді. Бірақ азаматтық сезімге жетпейді. Сондықтан біз ең алдымен азаматтық сезімді жоғарылатуымыз керек. Азаматтық қоғам мықты болса – мемлекет әрқашан да мықты. Егер билік мықты болып, азаматтық сезім төмен болса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр болғаны. Тиісінше қайратты, жігерлі азаматтық қоғам қалыптастыру – азаматтық қауымдастықтың басты миссиясы!
Азаматтық қоғам билікке көмекші емес, билік азаматтық қоғамға көмекші болуы керек. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтып жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамытатын да билік болуы тиіс. Алайда биліктің ортаңғы немесе төменгі буындарында азаматтық қоғам мәселесін түсінбейтіндер мен қолдамайтындар көп болып отыр.
Бұған дейін билік тарабы «Бізде мұнай көп. Мұнай көп болған соң ақша да көп. Бәрін береміз халыққа» деген ұстанымда болды. Сөйте тұра қара алтыннан түскен пайда сыбайлас жемқорлықтың салдарынан халыққа толық жеткен жоқ. Мұнай бағасы құлдырай бастағанда барып билік азаматтық қоғамды дамытудан өзге оң жол жоғын ұғынды. Қазір басқаша ойлай бастады. Барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түйсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалыптасқан.
Отандастарымыз «атқарушы билік не ананы, не мына істеген жоқ» деп көп мін айтады. Иә, істеген жоқ! Бірақ билікті ешкім, ешқашан бермейтінін қаперімізде болғаны жөн. Билікті әрқашан алу керек. Біз ең әуелі берілген билікті алмай жүрміз. Қалыптасқан мінез болмай тұр. Соның салдарынан «маған зейнетақы бер, жұмысқа орналастыр, балабақшадан орын бер, білім бер» дейміз. Бұл дегеніңіз дұрыс мінез, дұрыс сана-сезім емес. Алға баспай отырғанымыз да содан.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
- Шындығына келсек, еліміздегі азаматтық институттардың жағдайына көңілім толмайды. Олардың цифрлы көрсеткіштері болуы мүмкін, дегенмен сапалық жағынан әлі де дамытуды қажет етеді. Өйткені азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Ол белгілі бір жағдайларда, тәжірибеде, қоғамның әлеуметтенуі барысында азаматтардың бойына сіңіп, оларды өзара байланыстыра түседі. Азаматтық қоғамның белгісі – халықтың «мемлекет бізге не береді?» деп күтуі емес, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген сұрақ қоя алуы. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күретамыры. Егер азаматтық қоғам институттарының жұмысы дамыған болса, жалпы азаматтық қоғам түсінігі қалыптасқан болса, мәселен, мектептерде әлдеқашан жағдай түзеліп, мектеп ұжымы мен ата-аналардың қатынасы тек іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, одан да терең байланыстар қалыптасса, білім сапасы мен балалардың сабаққа деген ынтасы мен тәрбиесі мүлдем басқаша болар еді. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деп есептеймін.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,
- Елімізде азаматтық қоғам әлі де қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары біршама кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Бұл үрдіс, айтқанымдай, даму үстінде. Бүгінде ең басты назарға алатын, дамытуды қажет ететін мәселе – волонтерлер институты. Сонымен қатар азаматтардың шешім қабылдауға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін шаралар мен бастамаларды қолға алу керек. Сол кезде азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі ретінде көптеген мәселені шешуге тырысады.
Елдос АБАҚАНОВ,
- Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін алға тартқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда.
Соңғы уақытта қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың арқасында көп мәселелер әлеуметтік резонанстық тақырып ретінде қарастырылуда. Оған қоғамдық ұйымдардың белсенділігі деп қарауға болады. Сондықтан азаматтық қоғамның бір орында тұрмағанын айтар едім.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ:
- Азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір жолы – азаматтарды үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың жұмыстарына, саяси процестерге көбірек араластыру. Олардың үні естілуі керек. Соңғы екі жылда қоғамда сондай өзгерістер байқалып жүр. Халық үйде отыра бермей, билікпен бірлесе отырып сұрақтарға шешім іздеуі керек, сонымен қатар билікке қатысты көзқарасын да айтып отырғаны жөн.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:
- Отбасы, ошақ қасында ғана кеуде керетін, бәйбішесінің алдында ғана мемлекетке мейлінше сын айта алатын азаматтар бар. Ас бөлмесінен аспаған мұндай белсенділік кімге керек? Ал күні ертең сенбілікке шығып, экологияны жақсартуға келгенде адым аттап баспайды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген емес пе Мұхтар Әуезов. Бесігің – ол ең алдымен сенің үйің, сенің пәтер иелері кооперативің. Кіреберісте есік болмаса тұрғындар бірден әкімдікке қоңырау шалып, дабыл қағады. Ондай белсенділікті – белсенділік деп санамаймын. Айлап, жылдап арыз-шағым жазғанша, сол кіреберіс тұрғындарымен бас қосып, қаражатын белгілеп, бір-ақ күнде жасауға болады ғой. Әуелі өзіңде сана, көршілеріңе деген ықпал болуы керек. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көршінің де көршісі бар. Бірақ сәл көшбасшылық еткен адамның ісі қашанда берекелі болады емес пе?
Кейін көрші кіреберіс тұрғындары да үлгі алады. Келе-келе көпқабатты үй тұрғындары бірігіп, аулада балалардың ойын алаңын да тұрғызуды да қолға алар еді. Алматы қаласында бір әйел солай істеп жүр. Жобасы да бар. Қыс мезгілі келгенде аулада балғындарға арнап мұз айдынын тұрғызады. «Өзіміз жасайық, өзіміз қадағалайық, өз қамқорлығымызға алайық» деген қағиданы ұстанады. Өкініштісі сол, осындай азаматтар саусақпен санарлық. Пәтер жалдаған адамның психологиясы үстемдік құрып тұр. Менің үйім, менің жерім деп санамайды. Ақиқатында, тұрғындар бар да, азаматтар жоқ.
Биліктен бір нәрсе сұрау үшін әуелі өзің бір нәрсе жасауың керек. Тым болмағанда, жоғарыда айтылған балалар алаңын жасауға болады ғой? Иә, билік жаман дейік. Ал сен Отаныңның гүлденуіне нендей үлес қостың? Жұмыстан шаршап келдім деп теледидар алдына отыра қалмай, айналаңа көз сал. Қоқыс болса, шығарып таста, сынғаны болса түзе, тозғаны болса сырлап қой. Міне, бізге осындай сана-сезім, азаматтық белсенділік жетіспейді.
Ауылдарды да жиі аралаймын. Тұрғындардың шарбағы жығылып, қора-қопсысы мүжіліп жатыр. Оған да біреуді кінәлаймыз ба? Қадасын қағып, шарбақты тұрғызып, қолда бар материалмен қора-қопсыны да реттеуге болады. Есік алдына шыққанда көзің сүйсінетіндей ету керек қой. «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді». Келер ұрпақтың сана-сезімі дұрыс жолға түседі. Өз үйін, өз ауласына, өз ауылына жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарай бастайды. «Өз үйімнің, өз ауылымның иесімін» деген ондай адам билікке емес, билік сол адамға тәуелді болады. Жауапкершілік арқалай білген азамат биліктен де жауапкершілік күтеді, талап етеді. Атқарушы биік ол адаммен санасады.
Билік көп қаражатқа кәсіпкерлік санамен емес, қазба байлық арқылы кенеліп отыр. Кәсіпкерлік сананы, жауапкершілікті, инновациялық сана-сезімді арттыруды ойламайды. Бұл – халық пен билік арасында диалог орнамауының бір себебі. Билік бәрін бердік деп ойлайды. Әсілінде, олай емес. Берген жоқ, тек бағыттады.
«Мемлекет аста-төк қаражатын неге үлестірмейді?» дейміз. Ол да мүлдем дұрыс көзқарас емес. Себебі билікте бір тиын қаражат жоқ. Онда тек халықтан алған қаражат қана бар. Демек билікте – халықтың қаражаты. Бізде сондай сана-сезім болуы керек. Бәлкім, биліктегі азаматтар қаражаттың халықтікі екенін түйсінсе, мүлдем басқа көзқараста болар ма еді? Халықтың қаражатына жауапкершілік те артар еді.
Қарапайым адамдардың қаражатқа қатысты сана-сезімі де өзгеше. Бізге несие, субсидия арқылы қаражат берілсе болды, оны «биліктің ақшасы» көріп, барынша тезірек жұмсап жіберуге тырысамыз. Түптеп келгенде, ол өз ақшамыз екенін ұғынбаймыз. Аспаннан түскен қаражат деп қараймыз. Керісінше, біз оны барынша үнемді, тиімді пайдалануымыз қажет.
Жасыратын несі бар, қазақстандықтардың ай сайынғы кірісі тым аз. Бірақ кірісі одан да төмен мемлекеттер бар. Айырмашылығы – олар біз секілді тойға шашылмайды. Кірісі аз мемлекеттердің азаматы былай тұрсын, дамыған, бай мемлекеттердегі азаматтар да ондай ысырапқа бармайды. Жуырда ғана Америкадан келдім. Жиенім сол мемлекеттің азаматына тұрмысқа шықты. Оларды аса бай да, тым кедей деуге де ауыз бармайды. Бірнеше шағын кәсібі бар. Солай бола тұра қонақтар саны 110 адамнан асқан жоқ. Азаматтық сана-сезім дегеніміз – осы!
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ:
- Кез келген адамның мақсат-мүддесі мен арманы болады, олар оған жеткісі келеді, жақсы өмір сүргісі, алға қарай дамығысы келеді. Бұл – өмірлік заңдылық. Адамның бір ізбен жүріп-тұруы тіптен мүмкін де, ол тіптен міндетті де емес. Адам баласы басқалармен үздіксіз қарым-қатынаста болады. Дәл осы байланысының ортақ мүддеге негізделуі – азаматтық қоғамның белгісі. Әр адам белгілі бір құрылымдармен, бірлестіктерге ұйымдасып, қоғамның дамуына атсалысса, қоғамға көмектесу арқылы өзіне, отбасына көмектескен болады. Әр азамат мемлекетінің дамуына қолғабысын тигізіп, үлесін қосса, оған ешқандай ақы талап етпесе – азаматтық қоғамның дамығаны. Әркім мемлекетке көмектесуді өзіне көмектескені екенін түсінуі керек. Өз көмегін азаматтық парыз деп түсінуі қажет және осы сынды мәселелерде белсенді болғаны абзал. Азаматтардың жасына, ұлтына, жынысына қарамай басын қосатын, біріктіретін ортақ мақсатқа, яғни мемлекет дамуын ілгерілетуге жұмылған келісімді әрекет керек. Нақты істің болуы шарт, өйткені бос ақыл айту, ұрыс-керіс ешқашан дамуға алып келмеген. Азаматтық қоғам – азаматтардың бірлігі. Еліміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін, өсіп-өнуіне жағдай жасайтын орта қалыптастыру ләзім. Мұндай ортаны қалыптастырудың тағы бір себебі – сыртқы факторлар. Қазіргі кезде, бәріміз білетіндей, әлем елдері өзара бәсекелестік жағдайында өмір сүруде. Бұл да заман талабы. Осындай бәсекелестікке ілесе алуымыз үшін алдымен азаматтардың белсенділігі мен біртұтастығы, ортақ мүдде үшін келісімді жұмыс істей алуы шарт.
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА:
- Азаматтардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін көрсететін бірнеше белгі бар. Әрбір азаматтың қоғамдық өмірге атсалысуы, ерікті ретінде қаншалықты жиі қызмет атқаратыны маңызды. Сонымен қатар e-Gov порталында ашық құқықтық-нормативтік актілер, ашық бюджет, ашық диалог бөлімдері бар. Сол жерде азаматтар өз ұсыныстарын, пікірін айта алады. Бұл да азаматтық қоғамның белгісі. Мұндай халық пікірін жинап, саяси шешім қабылдау тәсілін краудсорсинг деп атайды. Бүгінде Алматы қаласында жергілікті бюджетті талқылау жұмыстарында осы тәсіл қолданылады. Халық дауыс беру арқылы қай секторға қанша қаржы бөлу керегін шешуге үлес қосады.
Елдос АБАҚАНОВ:
- Өзім жұмыс істейтін экология саласын қарастырайық. Бұл салада ірі жобаларды іске асырмас бұрын қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осы тыңдауларда жобаның табиғатқа қаншалықты әсер етуі бойынша арнайы жоба жасалады. Ол қоршаған ортаға әсерді бағалау деп аталады. Мәселен, Семей полигоны аумағында мыс және алтын сынды түсті металдарды өндіретін кеніш ашылмақ болды. Соған байланысты қоғамдық тыңдаулар өтіп, онда біздің қауымдастықтың бір мүшесі қарсылығын білдірді. Кеніш орналаспақ болған аумақтан 30 шақырым жерде ауыл бар екенін алға тартып, жер қойнауында қазба жұмыстары жүргізілген жағдайда радиация жел, топырақ бораны арқылы ауыл тұрғындарына әсер ету қаупі барын жеткізді. Осындай талқылауларға азаматтардың көптеп қатысуы және сол талқылаулар негізінде жобалардың тоқтатылуы – үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі деп қарастыруға болады.
Осындай бір мысалды Алматыдағы Көкжайлауға қатысты айтар едім. 2011 жылдан бастап қала әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған жобаны қолға алмақ болды. Алайда қоғам белсенділерінің арқасында Көкжайлауға зиян келтірілмейтін болды. Осы мәселеге Президент те араласып, жобаны тоқтату жөнінде тапсырма берді. Келтірілген мысалдар экология саласында жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдардың кәсіби белсенділігін айғақтап отыр.
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ