ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

 

Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен  Созақ ауданындағы «Таукент кенті» мәдениет үйінде ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клуб қызметкерлеріне арналған «Клуб — ауыл айнасы» облыстық семинар-кеңесі өтті.

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Сондықтан, кез келген мемлекеттің толыққанды дамуы жолында мәдениет саласы ұмыт қалмайды. Оның ішінде ауыл мәдениетінің де алар орны ерекше. Ауылдың басты мәдени ошағы – ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клуб болып табылады. Семинар-кеңестің ұйымдастырылу мақсаты — ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың жұмысын жақсартуға, оларға әдістемелік көмек көрсетуге бағытталған.

Семинар-кеңесте облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан модераторлық етті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының аға оқытушысы, «Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев, «Клуб жұмысының режиссурасы мен драматургиясының кейбір мәселелері» тақырыбында дәріс өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісе кетті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мәдени және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының доктаранты, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» степендиясының иегері Айнұр Уалиханова, «Заманауи жағдайда мәдени демалыс ұйымдарының атқаратын жұмыстары мен міндеттері» тақырыбын негізге ала отырып, дәріс оқыды.

Сонымен қатар жиында Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы директорының орынбасары Айдос Әлқуат, «Халықтың бос уақытын ұйымдастыруда, Созақ ауданындағы мәдениет үйлері мен клубтардың атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері» тақырыбы аясында біршама атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша баяндады: «Жалпы, Созақ ауданында Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мыңжылқы» мәдениет сарайы МКҚК-на қарасты 16 ауылдық мәдениет ошақтары бар. Оның 8 ауылдық мәдениет үйі болса, 8 ауылдық клубтар. Қазіргі таңда ауыл мәдениетін көтеру, халыққа мәдени іс-шараларды ұсыну, мәдениет саласындағы мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру мен сапасын көтеру, материалдық-техникалық базаларын жақсарту, жаңғырту және мәдениет нысандарына орта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа мәдениет үйлерін салуға жергілікті бюджеттен ұдайы қаржы қарастырылып, қолдау көрсетілуде» — деп түйіндеді.

Аталған жиын соңында, қылқалам, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен «Таукент кенті» мәдениет үйінің концерттік бағдарламасы өткізілді.

 

 

Мадина Жұмаханқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *