ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫЛАП КЕЛЕДІ

Цифрландыру – бүгінгі дәуірде экономикалық саламен бірге қоғамдық-саяси және мәдени дамудың барлық саласын қамтыған әлемдік магистральды үрдіс. Технология саласынан басталған тенденция қазір мәдениет пен өнер саласына да аяқ басты. Соңғы бір ғасырдың ішінде адамзат қоғамы күрделі өзгеріске ұшырап, төртінші революциялық өндірістік кезеңге қадам басты. Егер ХІХ ғасырда өнер мен мәдениет, көркем сурет пен музыка, театр өнерінің үлгісін тек ақсүйек пен жоғарғы тап өкілдері ғана тамашалай алатын болса, қазір мәдени туындылар әлем халқының 90%-на қолжетімді. Оған әкелген дәл осы – цифрландыру.

Мәдени жәдігерлерді сақтау мен оны дамыту, оған жалпыадамзаттық құндылық ретінде қарау туралы ой ХІХ ғасырда айтыла бастаған. Ал мәдениет саласында мақсатты саясат жүргізу, мәдениетті біртұтас әлеуметтік құбылыс ретінде қарау жайлы ойлар өткен ғасырдың 70-80 жылдары айтылды. Мәдени жәдігерлер демократиялық құндылықтардың бірі деген түсінік пайда болды. Содан мемлекеттік саясатта “мәдени саясат” ұғымы қалыптасып, 1967 жылы “мәдени саясат” ұғымы ЮНЕСКО-ның ресми жарлығына енді. Кейін 1990 жылдары мәдениет саласындағы саясаттың құралдары мен әдіс-тәсілдері түзіле бастады.

Ал мәдени саясатты инструменталды бағыт тұрғысынан қарастырған батыс ғалымдары Ф.Матарассо мен Ч.Лэндри мәдениет саласына инвестиция құю арқылы идеология жүргізуге болатынын алға тартты. Зерттеушілердің айтуынша, мәдени саланы жандандыру арқылы экономикалық және әлеуметтік дамуға қол жеткізуге болады. “Мәдени іске жұмылдырылған кез келген инвестиция әлеуметтік-экономикалық даму мен эффектіге әкеледі, қоғам игілігін байытады” деп тұжырым жасады.

Кез келген мемлекет үшін мәдени саясаттың маңызы зор. Себебі мәдени бастама қоғамның дамуы мен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған саяси мақсат пен стратегияның қалыптасуына қызмет етеді.

Қазақстан – тәуелсіздік алған жылдардан бастап мәдени және тарихи мұраға мән берген ел. Мәдени және тарихи ескерткіштерге ұлттық мәртебе бұйырып, құқықтық жағынан қорғауға алынды.

ХХ ғасырдың ортасында әлемде цифрландыру құбылысы басталды. Ал 1995 жылы “цифрлы экономика” ұғымы пайда болды. Дүниежүзілік банк цифрлы экономика ұғымына “цифрлық коммуникациялық технологияларды қолдану негізінде қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастар жүйесі” деген анықтама берген. Демек, цифрлық экономика дегеніміз тек экономикалық көрсеткіштердің ғана сандық форматқа көшірілуі емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет сынды әлеуметтік-қоғамдық салалардың да цифрлық платформаға ауысуын қамтитын кең ұғым.

Қазақстанның “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасында екі негізгі мақсаты айқындалған: оның бірі – мемлекеттік құрылым мен экономикалық секторды цифрландыру болса, екіншісі – адам капиталын дамыту мен ұзақ мерзімді перспективаға негізделген инновациялық экожүйе құру. Мәдени саланы сандық форматқа көшіру аталмыш мақсаттың екіншісіне, адам капиталын дамыту бағытына жатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *