ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған. Осыған орай 5 саяси партия мен жиырмаға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілінен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылған болатын.

АЭС-тің тиімді тұстарын көпшілікке түсіндіріп, негізсіз ақпараттардың алдын алуды мақсат еткен штабтың жұмысы Түркістан облысынан бастау алды. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік ететін штаб өкілдері Сауран ауданындағы «Хабибулла ата» кәсіпорнының жұмысшыларымен және Түркістан локомотив пайдалану депосы ұжымымен кездесті.

Ұжым мүшелерімен кездесу жиындарына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов, энергетика саласының мамандары мен зерттеуші ғалымдар, қоғам белсенділері мен еңбек ұжымы қатысты. Алдымен Мәжіліс депутаттары ел Президенті көтерген бастаманың маңыздылығын және АЭС-тің пайдасын түсіндірсе, сарапшылар мәселеге ғылыми тұрғыдан тоқталды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған басты саясат – халық үніне еститін мемлекет құру. 6 қазанда өткелі жатқан референдум соның бір айғағы. Біз сіздерге АЭС салуға келісіңіздер деп айтқалы тұрған жоқпыз.   Мақсатымыз – жаңа бастаманың елге, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін пайдасын жеткізу, түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алу. Сонымен қатар болашағымыздың жарқын болуына септігін тигізетін, энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік болатын жобаны жан-жақты таныстыру. Ал, референдумда кім қандай таңдау жасаймын десе де өз еркінде. Дегенмен, әлемдегі білікті ғалымдар мұндай АЭС-тердің қауіпсіздігіне кепілдік беріп отырғанын, сол үшін де өзге елдер жаңа энергия көзінің құрылысын бастап кеткенін айта кету керек. Біз айтып отырған атом электр станциясы қауіпті болса, АҚШ, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Украина сынды көптеген мемлекет ондаған АЭС салмас еді. Біз болашақта энергия тапшылығына тап болмауды, электрді шет елдерден бірнеше есе қымбат бағаға сатып алмауды бүгіннен бастап ойлауымыз қажет, — деді Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов.

Өз кезегінде еңбек адамдары да өз пікірлерін ортаға салып, энергия тапшылығы ел экономикасының дамуына, әлеуметтік жағдайдың түзелуіне кері әсер ететінін айтты. – Біз энергия тапшылығының қандай болатынын, қиыншылықтарын 2000-шы жылдары көргенбіз. Болашақта дәл сондай жағдай орын алатын болса, барлық саладағы жұмыс тоқтап, тоқырауға ұшырайтынымыз анық. Қазір тіпті күнделікті тіршілігіміз де электр қуатымен тікелей байланысты. Ең бастысы – АЭС салу барысында қауіпсіздігіне айрықша мән берілуі керек, — деді ұжым мүшелері.

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *