ТҮРКІСТАН: «TURKISTAN EDTECH LAB» СOURSERA ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік  университетінде    билығы оқу жылында  Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен ынтымақтастық негізінде   Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы ашылып жұмыс істей бастады. Орталық  университетте өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында ашылу рәсімі өтті.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақ Тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.

Университет базасында ашылған жаңа орталықтың мақсаты – Түркістан облысы бойынша Coursera курстарын насихаттап, тарату арқылы әр түрлі сала мамандары үшін біліктілікті арттыру орталығына айналу.

Бұл орталық Ахмет Ясауи университеті мен Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен өзара ынтымақтастық келісімі негізінде құрылды.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Coursera курстары – өңірлік 25 университеттің 20 000 студентіне қолжетімді. Қазірдің өзінде платформада қазақ және орыс тілдерінде 50-ден астам курстар бар. Бағдарлама қазақ тіліне локализацияланған 600 курсқа дейін кеңейтілуде. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасын қолдана алады деп күтілуде», — деді.

Ал, орталықты таныстырған Рауан Кенжеханұлы орталықтың міндеті жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы сапалы білім беруді арттыру екенін айтты. Әрі университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттері үшін білім мен дағдылардың қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.

Айта кетейік, Coursera платформасын пайдаланушылар үшін қазақ тілінде жаңа дағдылар мен білімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында университетіміз бен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасында өзара серіктестік орнатылды.

Қазіргі таңда орталықта 360 оқытушы әр сала бойынша, жалпы саны – 650 курсқа қатысып, біліктілігін арттыруда.

Осы ретте біз  унверситет оқытушылары мен ғалымдарыын аталған орталықтың қызметімен оның білімді жетілдіруге деген тиімділігі туралы пікірлерін білу үшіг сөзге тарттық.

   Нұрсұлтан Сейсенбайұлы, Стоматология факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, Зертханалық пәндер кафедрасының PhD, аға оқытушысы:

— Университетіміздің бізге берген мүмкіндіктерінің арқасында бірнеше курстардан өткен оқытушы ретінде Coursera курстары бізге көптеген артықшылықтар береді, өйткені олар біздің дағдыларымызды, білімімізді және мансаптық перспективаларымызды арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бұл платформа арқылы біз үнемі жаңартылып тұратын жоғары сапалы мазмұнға (мәліметтерге) қол жеткізе аламыз. Себебі Coursera әлемнің жетекші университеттерімен және институттарымен серіктестік аясында әр саладағы үздік сарапшылар оқытатын сапалы курстарды ұсынады. Coursera —   курстарды онлайн алу және әртүрлі курстарды таңдау мүмкіндігі үшін өте икемді және ыңғайлы платформа болып саналады. Бұл икемділік пен ыңғайлылық әсіресе жұмыс жүктемесі көп қызметкерлерге және өз бетімен білім алғысы келетіндерге тиімді деп ойлаймын. Coursera платформасында сіз көптеген саладағы қызықтырған курстарыңызды еркін таба аласыз, нақтырақ айтсақ, бизнес, технология, деректер ғылымы, денсаулық сақтау, гуманитарлық ғылымдар және т.б. қоса алғанда, әртүрлі пәндерді қамтитын курстардың кең ауқымын ұсынады. Оқушылар өздерінің нақты қызығушылықтары мен мансаптық мақсаттарын қанағаттандыру үшін мыңдаған курстардың ішінен қалаған тақырыбына сай курстарды таңдай алады. Сонымен қоса, Coursera платформасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген білім алушыларды біріктіріп, ынтымақтастық, желі құру және мәдени алмасу мүмкіндіктерін береді. Ең басты айта кететін жайт, Coursera курстары адамдарға салалық трендтерден хабардар болуға, жаңа дағдыларды алуға, үздіксіз кәсіби дамуға және мансаптық өсуге көмектесу үшін жасалған.

Қорытындылай келе, мен Coursera курстары адамдарға өздерінің білім беру және кәсіби мақсаттарына тиімді қол жеткізуге мүмкіндік беретін икемді, қолжетімді және тартымды оқу тәжірибесін ұсынады деп ойлаймын.

Балзия Баешова, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к, доцент:

­- Иә, бұл орталықтың ашылғаны біздің  кәсіби біліктілігімізді арттыруға мол мүмкіндік туғызып отыр. Өз «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығына тіркеліп 3 бірдей курсын оқып, сертификатын иелендім.  Бұл  курстар әлемдік деңгейдегі ғылыми базаға  еркін еніп, өзіміз қалаған тақырыптардағы курстарды меңгеріп, шетелдік профессорлардан (онлайн)  дәріс алуға мүмкіндік берді. Ал, әріптесім А.Ахмет кеше  6 курсын тәмамдап сертификатын иеленді. Бұл өте ыңғайлы жасалған жоба. Жұмыстан қол үзбей-ақ, дәрістен кейін үйде, кез-келген интернет баайланысы бар орындарда ашып оқып, тапсырмаларын орындап , қысқасы, өздігінен  білім алғысы келетіндерге тиімді.Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі білім  қорына қол жеткізуге жақсы мүмкіндік.  Өз тарапымнан бізге осындай мүмкіндік сыйлаған, Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен келісіп, бізге жағдай жасаған университет әкімшілігіне алғысымды білдіргім келеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *