ТҮРКІСТАНДА ҚАРТТАР КҮНІНДЕ ӘЖЕЛЕР САЙЫСТЫ

Халықаралық қарттар күніне орай, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын насихаттау, қазынаға толы ата-әже өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Қазыналы қарттарым» атты әжелер арасында сайыс өтті.
Бұған дейін  сайыс ережесі мен шарты әлеуметтік желіде, арнайы парақшада  жарияланған болатын. Соған сәйкес сайысқа қатысуға 7 үміткер әжелер өтінім білдірген.
 Этноауыл аумағында ұйымдастырылған байқауда әр үміткерге жеке тапшан беріліп, әжелеріміз өз шеберліктерімен жасаған қолөнер бұйымдарын көрме етіп жасап, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерден көрініс көрсетті. Сондай-ақ, алдарына дайын маталар мен керек құралдар беріліп, сол арқылы өз шапшаңдықтарын танытып, халқымыздың салт-дәстүрін дамытып, ою ойып, сол ойған оюдың атауын атап, мағынасын ашып түсіндірді.
Этноауылда өткен байқауды тамашалауға қала тұрғындары, әжелер алқасының мүшелері мен қаламыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлбайымбетов Жарқынбек пен Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Исмолдаев Шора Исмолдаұлы құттықтап, тілек айтты.
 Ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қазынаға толы ата-әже өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге бағытталған сайысқа қазылар алқасының құрамы бекітілді. Олар: Серім Айғаным Абанқызы- Қалалық әжелер алқасының төрайымы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан облысына еңбегі сіңген төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы. Мұстафаева Ұлжалғас Әбенқызы — ҚР Ерен еңбегі медальінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласы, Түркия мемлекетінің құрметті азаматы, ҚР Оқу ісінің үздігі, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы. Нарымбетова Роза Сыздыққызы — Қазақстанның Құрметті журналисті, Қалалық «Түркістан» газетінің тілшісі.
 «Қазыналы қарттарым» атты әжелер сайысында 3 (үш) кезең бойынша бақтарын сынады. Олар, Таныстыру, «Салтым-асыл қазынам» — Ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсету, «Оюлар сыр шертеді» оюлар ою өнері болды. Байқау барысында қатысушылар әр кезеңнің шартына сәйкес, өздерінің өнерлі, үлгілі әже екендігін көрсетті. Бірінен-бірі өткен шебер әжелеріміз келген қонақтар мен қазылар құрамын түрлі қолөнер бұйымдарымен таң қалдырды. Байқауға арнайы тағайындалған қазылар алқасы құрамы әжелердің өнерін саралап, бағалады.
Нәтижесінде:
— Бекзат секторынан — Тәттібай Базаркүл Мәлікқызы -– Бас жүлде;
— Отырар секторынан — Құлжанова Алима, Бірлік секторынан — Пернеева Сырғакүл әжелерімізге І орын бұйырды.
— Ал, қос ІІ орынды Шауғар секторынан — Искакова Зибагүл, Отырар секторынан — Ахметова Оразкүл әжелеріміз алса,
— Екі ІІІ орынға Сауран секторынан Бердалиева Ақбота мен Яссы секторынан Өсербаева Райхан әжелеріміз лайық деп танылды.
 Халықаралық қарттар күніне орай «Қазыналы қарттарым» атты әжелер арасындағы сайыс өз мәресіне жетіп, барлық жүлдегерлер қаржылай сияпатпен және қала әкімінің дипломымен марапатталды. Өнерлі әжелерімізді бағалаған қазылар алқасының құрамы да марапат пен сый-сыяпаттан тыс қалмады.
Сайысқа келген қатысушылар мен көрермендер алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *