«Таза Қазақстан» жобасы аясында Түркістан шаһарында жалпықалалық сенбілік өтті. Апта сайынғы дәстүрге айналған сенбілікке қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер қауымы, мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттер, ұйым белсенділері, коммуналдық сала қызметкерлері, тұрғындар мен кәсіпкерлер және белсенді жастар қатысты.
Бекітілген кестеге сай шағын аудандардағы көпқабатты тұрғын үй аулалары, қоқыс жәшіктері мен балалар ойын алаңшалары және ирригациялық арық жүйелері қоқыстан тазартылып, көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ, қаланың сырт аймақтарын да ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлік нысандарының заңсыз жарнамалары алынып, ағаш түптері әктелді. Сенбілік барысында 1 мыңнан астам адам атсалысып, 28 арнайы техника тартылды. Шарада 10 мың тал отырғызылып, 280 тонна қоқыс шығарылды.