ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРАТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Енді Түркістан өңірінің тұрғындары Ұлыбритания, Қатар, Оңтүстік Корея елдерінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Бүгін өңірімізге арнайы келген Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен болатын. Содан кейін БҰҰ Көші-қон агенттігінің Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Серхан Актопрак және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бірге шетелдерде жұмысқа орналастыруды оқытатын «Алдын ала даярлық орталығының» салтанатты ашылуына қатысты.
Орталық жұмыс іздеушілерге мағлұматтар мен кеңестер беру, тіл үйрету, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз ету, сапарға дайындау, тәжірибе арттыру, жалпы жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылды.
Өкілдер әуелі облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» қызметі мен жұмысын бастаған оқу орталығы кабинеттерімен танысты. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтармен тілдесті. Сондай-ақ «Орталық Азиядан Ұлыбританияға маусымдық жұмысшылардың қауіпсіз көші-қоны» жобасы аясында «Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды алдын ала даярлау орталығы» тақырыбындағы жиында бастаманың маңыздылығы айтылды.
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен мемлекеткаралық игі жобалар жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба әзірге Қазақстанның 3 аймағында қолға алынып, оған халқы тығыз орналасқан Түркістан өңірі де еніп отыр. Түркістан өңірінде қазіргі таңда 2,2 миллионға жуық халық тұрады. Оның 850 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда 46%-ы өзі-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Сондықтан біз үшін жұмыссыздықты азайту маңызды бағыт. Ел азаматтары көп жағдайда тіл меңгермегеннен, баратын елдің Заңдарын білмегендіктен, алаяқ әрі сенімсіз компаниялардың әсерінен түрлі кедергілер мен қателіктерге ұшырайтыны жасырын емес. Бұл бастама арқылы шетелден алдын ала сұраныстарды және бос вакансиялар алдын ала белгіленеді. Осы орталықтың ашылуына орай алғашқы топтарды оқыту басталды. Еңбекші-мигранттардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, көші-қонның қауіпсіз әрі сенімді жүргізілуі, қатысушылардың білімін жетілдіру, өзге де ресурстармен қамтуды үйлестіру жұмыстары облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» міндеттеліп отыр. Әрине елшілікпен бірлесе атқаруға тиіспіз. Өңір тұрғындары осындай мүмкіндікті пайдаланғаны абзал, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Кэти Лич арнайы еңбек ұтқырлығы орталығының сенім телефонын іске қосу, мамандарды кешенді оқыту және қажетті жабдықтармен қамту керегін жеткізді. Статистикалық деректерді де ортаға салды.
– Соңғы жылдары біздің маусымдық жұмыскерлер бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға келетін қазақстандықтардың саны айтарлықтай өсті. 2019 жылы маусымдық жұмыскердің визасын 4 адам алған болса, 2024 жылдың І жартыжылдығында 4400-ден асқан. Біз үміткерлердің Ұлыбританияда өмір сүру мен жұмыс істеудің оң тәжірибесі бар екеніне көз жеткізуге басымдық береміз. Ол үшін осындай мамандандырылған көшпелі дайындық ақпараттық орталығының ашылуын құптаймыз, — деді Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі.
Ал, Серхан Актопрак көшпелі дайындық жұмыскерлердің жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал жасайтынын атап өтті. Бұл тәжірибе Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде қолданысқа ие. Орталық Азия елдерінің үздіксіз экономикалық ілгерілеуіне, жұмыссыздықты азайтуға, серіктестікті нығайтуға және дүниежүзілік миграциялық қозғалыстарға септігі мол.
Шетелдік қонақтар мұнан кейін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында тренерлерді даярлау дәрісінің алғашқы сессиясына куә болды. Республиканың әр өңірінен жиналған қатысушылармен еркін пікір алмасып, сұхбаттасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *