Жамбыл облысында жамбы атудан ересектер арасындағы ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық өңірінен іріктелген мергендер өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен садақшылар сайысында Түркістан облысының спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 2 қола еншілеп, жалпы командалық есепте көш бастады.
Атап айтар болсақ, жамбы атудың «мажар» стилінде сынға түскен Сарыбай Айтбек алтын медаль алса, Айкөз Ералхан күмісті олжалады. Ал, «азия» стиліндегі сайыста үздік үштікті толықтай түркістандық спортшылар алды. Бексауыт Батыр алтын медальді қоржынға салса, Айкөз Ералхан мен Сарыбай Айтбек күміс пен қолаға қол созды. Ал, «түркі» стиліндегі күміс медальді құрама қоржынына Айкөз Ералхан салса, «жамбы» стиліндегі де жүлденің барлығы Түркістан құрамасының қоржынында.
