Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Бұған дейін өздерін сот орындаушылары ретінде таныстырып, халықты алдауға көшкен алаяқтықтың жаңа түрі туралы жазған едік. Осы ретте барша отандастарды интернет алаяқтарға алданбауға, Netflix стриминг-сервисінен белгілі спам-хабарламалардан сақ болуға шақырамыз. Осы орайда «Керек кеңес» айдары арқылы сала мамандарының кеңестерін, Түркістан облысының тұрғындарының назарына кибершабуылдардан қалай сақтану керектігін ұсынып отырмыз. Алаяқтар Әділет министрлігінің атын жамылып, халықты алдай бастаған.
«ҚР Әділет министрлігі алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкерлері немесе сот орындаушылары ретінде таныстырып жүргенін ескертеді. Олар азаматтарға хабарласып, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындауды, банк шоттарын бұғаттап, жүргізуші куәлігін тоқтата тұрумен және т. б. түрлі жолдармен қорқыта отырып, берешекті өтеуді талап етеді», – дейді Талғат Уәли.
Мұндай қоңыраулар келіп түскен жағдайда ресми деректерді тексеру керек. Ол деректерді атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасынан көруге болады. Ол қосымша арқылы атқарушылық іс жүргізудің бар немесе жоқ екеніне көз жеткізуге болады.
Сонымен қатар мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының байланыс деректерін мына gov.kz сілтемесі арқылы алуға болады. Ал екінші сілтеме арқылы Атқарушылық іс жүргізуі органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне кіріп, өзіңізге қажетті ақпаратты біле аласыз.
Алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу үшін министрлік тек ресми дерек көздерінен алынған мәліметтерге ғана сенуді және дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға бермеуге шақырады.