КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ЖҮРУДЕ?

Мемлекет басшысы бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының индикаторларына қол жеткізуге бағытталған. Оның ішінде отандық қорғаныс өндірісін дамыту, оқ-дәрі сақтайтын жаңа нысандарды салу, әскери басқару жүйесін цифрландыру сияқты көптеген міндеттер көзделіп отыр. Біз бүгін заман талабына сай өзекті болып табылатын Қарулы күштерді цифрландыру тақырыбын сөз етіп, оның негізгі бағыттарына тоқталамыз.

Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әскерлерді басқаруда цифрлық технологияларды дамыту, сондай-ақ кибер және ақпараттық кеңістіктегі іс-қимылдардың тактикасы мен стратегиясын әзірлеу міндеттері іске асырылуда.Еліміздің қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалединов атап өткендей, ведомствоның функцияларына сүйене отырып, Қарулы Күштерді цифрландыру міндеттері үш блокқа бөлінген.  Оларға мыналар жатады: Қарулы Күштерді жинақтау және жұмылдыру дайындығы, жауынгерлік даярлық және әскерлерді жауынгерлік басқару және басқару процестері. Бірінші блоктың міндеттері — мерзімді әскери қызметке шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау рәсімдерін 100 пайыз цифрландыру, сондай-ақ армияны жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды цифрландыру. Екінші блок барлық процестерді цифрлық форматқа көшіру арқылы Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын арттыруға бағытталған. Үшінші блок әскерлерді жауынгерлік пайдалануды цифрландыруға бағытталған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, әскери міндеттілер мен мерзімді әскери қызметшілерді есепке алу цифрлық форматқа түгелдей көшірілген, бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қорғаныс министрлігінде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы электронды форматқа көшірілген.

Заманауи цифрлық технологиялардың арқасында мүдделі органдар ЖСН арқылы азаматтың тұрғылықты жерін, әскери қызметке жарамдылығын, денсаулығын, отбасылық жағдайын және тағы басқа мәліметтерді анықтай алады.

«Қазіргі уақытта әскердегі көптеген процестер автоматтандырылған, қағазбастылық қысқарған және қорғаныс министрлігінің азаматтарға қызмет көрсету түрлері едәуір жеңілдетілген», – дейді Дархан Ахмедиев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *