Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлері оңтүстік өңірдің тұрғындары жасаған бірқатар интернет-алаяқтықтарды ашты.
Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдырып, “InDriver” қосымшасы арқылы жолаушыларды тасымалдауға тапсырыс беру сылтауымен алдау арқылы жүргізушілердің жеке деректерін – жеке куәліктерін, тексеру үшін фотосуреттерді, сондай-ақ банк шоттарының деректемелерін алған.
Содан кейін күдікті жәбірленушілердің атынан микрокредиттік ұйымдарда қарыз ресімдеген. Қазіргі уақытта оның осындай тоғыз фактіге қатысы бары белгілі болды.
Облыс полицейлерімен тағы бір алаяқ ұсталды. Ол өзін спутниктік теледидар қызметкері ретінде таныстыра отырып, азаматтардың жеке деректерін алып, микрокредиттік ұйымдарда қарыз ресімдеді. Алаяқ осындай 30-дан астам фактілерге қатысты.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Ақпараттық технологияларды өміріміздің барлық аспектілеріне кеңінен енгізу киберқылмыстың, әсіресе интернеттегі алаяқтықтың өсуіне әсер етті. Жыл басынан бері осындай 1,5 мың қылмыс тіркелген. Мұндай қылмыстарға қарсы ІІМ бірқатар шаралар қабылдауда.
Мүдделі мемлекеттік органдармен және жеке сектормен өзара іс-қимыл күшейтілді. ІІМ бастамасы бойынша биометрия және электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы онлайн-кредиттерді ресімдеу жұмысы күшейтілді. Банктермен бірлесіп азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз кредиттерді ресімдеудің жолын кесу бойынша қосымша шаралар іске асырылуда.
Ауыстырылатын нөмірлерден жасалатын интернет-алаяқтықтардың жолын кесу үшін Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдерімен, сондай-ақ ұялы байланыс компанияларымен бірқатар кездесулер өткізілді.