Күн өткен сайын алаяқтардың араны ашылып барады. Бүгінгі интернет үстем болып, технология дамыған заманда олардың оңай олжаға кенелуі тіпті оңай болып кетті. Қулығына құрық бойламайтын алаяқ телефон арқылы-ақ арам пиғылын жүзеге асырады. Тіпті мұхиттың ар жағында отырып, «бас айналдыруы» мүмкін. Оған күнделікті жарияланып жатқан ақпараттарды оқып көз жеткізуге болады. Сондықтан бүкіл елдегідей, Түркістан өңірінің құқық қорғау органдары да әккі алаяқтардан сақтану шараларын жұртқа жан-жақты түсіндіруде. Өткен айда профилактикалық жұмыс жүргізіп, алаяқтардан сақтандыру үшін 10 000 дана жадынама таратып, 3000 дана жапсырмалы ескерту парақтарын ілген болатын.
Түркістан облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша көптеген сала мамандарымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Осы мақсатта олар танымал тұлғаларды да түсіндіру жұмыстарына тарта бастады. Полицейлер халық арасында өзінің ерекше тректерімен танымал әнші Фархат Қалиевпен бірге профилактика жасады. Айта кетейік, Фархат «Kalifarniya» деген лақап атымен және «Qar», «Аспан», «Роза» секілді әндері арқылы тыңдарман арасында үлкен танымалдылыққа ие. Фархат тұрғындарды алаяқтарға алданбай, үнемі сақ болуға шақырды.
Бұдан кейін Криминалдық полиция басқармасы «Тұран» футбол командасымен бірге профилактика жасады. Футболдан прмьер-лига командалары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасының белді ойыншылары да ел-жұртты алаяқтан сақ болуға шақырды.
Әдетте алаяқтың қақпанына түскен тұрғындар әдетте тәртіп сақшыларына келіп көмек сұрайды. Сондай бір оқиға Сайрам ауданында болды. Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын келіп, телефонына белгісіз нөмір хабарласып, «sim-картасының» мерзімі өткенін хабарлаған. Оған сенген ер адам, нөмірін жаңарту үшін жіберілген кодты айтқан. Соның артынша телефонына несие туралы түсініксіз сілтемелер келіп, осы мәселені тексеріп беру үшін полицияға жетуге асыққан.