Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында өңірде әлеуметтік желілерде 120 мәтіндік хабарлама, 135 бейнеролик жарияланып, 6 мыңнан астам жадынамалар таратылды. Кинотеатрларда, сауда үйлерінде, банктерде азаматтарға алаяқтардың әрекеті туралы ұдайы ескертілуде.
Дегенмен алаяқтан сақтану әр адамның өзіне де байланысты. Сондықтан Түркістан облысының полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, барынша сақ болуға шақырады. Ол үшін қарапайым ережелерді есте сақтап, бұлжытпай орындаса жетіп жатыр.
Мәселен, интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.
Әлеуметтік желідегі жеке профильдің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеу керек. Мобильдік нөмірді көрсету қажет болса, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет. Жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.
Есептік деректерді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолдану қажет.
Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болған жөн.
Банк картасының сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтуға болмайды. Банктен келіп түсетін SMS-кодты да ешкімге айтпау керек.
Бопсалаушыға тап болған жағдайда телефон бойынша талаптарын орындауға болмайды. Кім болса да, әңгімені дереу доғару керек. Полиция қызметкері ешқашан қоңырау шалып, жеке деректерді сұрамайтынын есте сақтаған абзал. Сондай-ақ полиция бөтен біреулерге телефон арқылы «иә» немесе «жоқ» деген сөздерді айтпауға кеңес береді.
Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімгежібермеген жөн.
Осындай қарапайым ережелерді сақтағанда, алаяққа бірлесіп тойтарыс беруге болады.