2024 жылғы деректерге сүйенсек, қаржы алаяқтығының 30%-ы смартфон арқылы жасалған. Ұрланған телефон арқылы банктік шоттарға, электрондық төлемдерге рұқсатсыз қол жеткізу ықтимал. Құрылғыдағы хат-хабарлар, фотосуреттер және құжаттар жарияланып кетуі немесе заңсыз мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Егер автоматты кіру (auto-login) функциясы телефоныңызда бұл қосылған болса, қаскөйлер сіздің атыңыздан алаяқтық немесе басқа заңсыз әрекеттер жасалуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
Ал егер телефонды қалтаңыздан немесе сөмкеңізден ұрласа, бұл Қылмыстық кодекстің 188-бабына (ұрлық) сәйкес қылмыс болып есептеледі. Мұндай жағдайда, телефон жоғалған бойда полицияға хабарласу өте маңызды екенін заңгер Қуат Ауғамбай жеткізді. Бұдан бөлек, ұрлық пен табылған мүліктің ара-жігін ажыратып берді.
«Егер біреу көшеден iPhone тауып алып, оны сатып жіберсе, бұл қылмысқа жатпайды, себебі ол табылған мүлік ретінде қаралады. Егер қалтаңызға, сөмкеңізге арнайы қол сұғып ұрлаған жағдайда қылмыстық құрам бары белгілі. Мұндай жағдайда құзырлы органдар телефонды қылмыстық есепке қойып, оның техникалық деректері арқылы құрылғыны табуға тырысады. Телефон қайта қосылған кезде орналасқан жері анықталады, ал егер ұрлық бейнебақылау камерасымен тіркелсе, күдіктіге қатысты іздеу шаралары жүргізіледі. Бірақ телефон бөлшектеніп немесе басқа адамға сатылып кетсе, оны іздеу қиындайды,»- дейді заңгер. Десе де, маманның пікірінше «тапқан тапқандікі» дегеннен де сақтанған абзал.
Телефонды жоғалтып алудың салдары ауыр болуы мүмкін, бірақ алдын ала сақтық шараларын қолдансаңыз, оны болдырмауға болады. Телефоныңызды сенімді түрде қорғай білу – қазіргі заманғы цифрлық сауаттылықтың маңызды бөлігі. Жеке мәліметтеріңізді қорғау – сіздің өз қолыңызда.
Олжас Әбдіхалық