Барлық өңірлерде интернет-алаяқтықтарды тергеу бойынша “Киберпол” мамандандырылған топтары құрылып, жұмыс атқаруда. Ішкі істер министрлігі шетелдік әріптестермен де өзара іс-қимылды күшейтті. Сақтық шаралары туралы халықты ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Тек ағымдағы жылы БАҚ-та профилактикалық сипаттағы 10,5 мыңнан астам материал жарияланған. Алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмас үшін:
— банктер, брокерлік, инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кредиттерді ресімдеу, мүлікті сату және ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару туралы “телефон” нұсқауларын ешбір жағдайда орындамау керек;
— ешкімге дербес деректерді, банк карталарының CVV-кодтарын, құпия сөздерді бермеген жөн;
— бөгде адамдардың өтініші бойынша телефонға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаған дұрыс, өйткені олар алаяқтарға құрылғыға кіруге мүмкіндік береді;
— тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеу керек;
— қосымшаларды орнату үшін тек App Store және Play Market сияқты ресми көздерді пайдаланған жөн.
Сондай-ақ есепшоттағы ақшаның қозғалысын жиі тексеру де артық болмайды.
Интернет алаяқтар жаңа тәсілге көшті. Осы орайда Үкіметтің баспасөз қызметі мессенджерлерде қаражат аудару туралы өтініш айтылған Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің атынан ақпарат таратылып жатқанын хабарлады. Хабарламада: «Бұл – жалған ақпарат. Оны интернет-алаяқтар таратып отыр. Жалған ақпаратқа сенбеуге, қаражат аудармауға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырамыз. Құқық қорғау органдары алаяқтық әрекеттер жасап жатқан адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізуде», — делінген.